Шығыс моншасы (ХVІғ.)

Республикалық мәртебеге ие ескерткіш. Кесененің оңтүстік-батыс бетінен 80 метр қашықтықта жартылай жер астына орналасқан. Координаттары: 43˚17.787΄,068˚16.331΄ Теңіз деңгейінен биіктігі 207м. Археологтардың зерттеуі бойынша монша 1580-1590жж. Абдулла хан тұсында кесенеге зиарат етіп келуші көпшілік қауымға арналып салынған. Моншаға түсу ережелері (XI ғасыр әдеби мұрасынан):«Балам саған айтам: моншаға қарныңды толтырып барма, - ол залал, күнде бара берме, - ол зиян... Моншаға екі күнде бір рет барған жөн. Қыста да, жазда да денеңді үйрету үшін алдыңғы бөлмеде біраз бол, келесі бөлмеде де аялда, сонан кейін ғана ыстық, бөлмеде масаттануыңа болады. Бірақ онда да көп отырып қалма. Моншаның ыстығы тәніңе толық әсер еткен соң оңаша бөлмеге барып жуын. Моншада тәніңе ыстық-суық суды құя берме, оның да шарқын біл. Оңаша бөлме бос болса бақыттымын деп біл. Өйткені, ғұламалар бос моншаны «олжаның олжасы» деп есептеген. Шығарда шашыңды құрғат, сулы шашпен тысқа шығу парасатты және құрметті адамдарға лайықсыз. Сулы шашпен тысқа шығып, қадірлі қауымға көріну - әдепсіздік. Моншада сыра-су ішуден аулақ бол. Бұл өте зиян және денеңнің ісінуі мүмкін...» деген өсиет сөздер жазылған. Моншаның жалпы көлемі 17х15 метр, биіктігі 4,8 метр, кірпіштерінің көлемі түгел біркелкі-25х25х5 см. 1975 жылға дейін жергілікті халық монша ретінде пайдаланып келген. Монша жартылай жерасты, бес күмбезді, қабырғалары күйген кірпіштен тұрғызылған. Әр түрлі кезеңде, әр түрлі мақсатта пайдаланылған тоғыз бөлмеден тұрады: жуыну бөлмесі, ыстық, салқын су бөлмелері, массаж т.б. бөлмелер. Жылыту жүйесінің құрылысы өте шебер жасалған, от жағатын бөлмеден бөлінген ыстық ауа жер асты құбырлары арқылы барлық бөлмелерді еденінің асты арқылы жылытады. 1994 жылғы «Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштер шежіресінің» Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жинағына №590.13 санды нөмірімен енгізіліп мемлекет қарауына алынған. Шығыс моншасы өзінің күрделі құрылымы мен ерекше сәулеттік шешімінде орта ғасыр шеберлерінің мол тәжірибесі айқын көрінетін ескерткіш. 1979 жылы орта ғасырлық сәулет өнерінің керемет үлгісін болашаққа сақтау мақсатында мұражайға айналдырылды.