Музей туралы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы» РМҚК-ның қысқаша тарихы

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы 1978 жылы 30 қыркүйекте «Республикалық Қожа Ахмет Ясауи кесенесі сәулет ғимараты музейі» болып ашылды. 1989 жылы тамыздың 28 күні Қазақ ССР министрлер кеңесінің № 265 қаулысымен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» болып қайта құрылды. ҚР Үкіметінің 24.07.2015 жылғы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің республикалық мемлекеттік мекемелерін қайта ұйымдастыру туралы №585 қаулысымен «Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы» РМҚК болып қайта құрылды.

Қорық-мұражай өз жұмысын негізгі екі бағытта жүргізеді. Бірінші бағыты — Түркістан өңіріндегі тарихи-мәдени ескерткіштерді есепке алу, сақтау, қорғау жұмыстары. Яғни қорық ретінде қызметін жүзеге асырады: мемлекеттік акт алынған тарихи-мәдени ескерткіштердің жалпы жер көлемі 557,1935 га. Құрамында 207 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Олардың ішіндегі 1–халықаралық, 16-республикалық, 14-жергілікті маңызға ие. Қалған ескерткіштердің статусы анықталу жұмыстары жүргізілуде. Халықаралық дәрежедегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ортағасырлық теңдессіз сәулет туындысы ретінде 2003 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне алынды. Әлемдік маңызға ие болған ескерткіштің ұлттық пантеон ретіндегі алар орыны да айрықша. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне 300-ден аса тарихи тұлғалар жерленген болса, қорық-мұражай мамандарының зерттеулері нәтижесінде сол тұлғалардың бүгінгі таңға 184-і анықталды

Қорық- мұражайының қорында 25000 дана құнды тарихи жәдігерлер қордаланған. Олардың арасындағы жазба, археологиялық этнография және нумизматикалық тобына жататын жәдігерлердің талапқа сай сақталуы үшін соңғы үлгідегі арнайы құрылғылар сатып алынып орнатылды. Қор бөліміндегі еңбек ететін реставраторлар Ресейден арнайы біліктілікті жоғарылату курстарын оқып келген мамандар.

Екінші бағыты – қорық-мұражай ретінде, ғасырлар елегінен өтіп, бүгінгі күнге жеткен көне, тарихи құнды жәдігерлерді сақтау, қорғау, қайта қалпына келтіру және оларды насихаттау жұмыстарын жүргізеді. Қорық-мұражай аумағындағы жұмыс істейтін «Түркістан тарихы», «Қылует» жер асты музейі, «Жұма мешіті» және Ясауи кесенесі музейлерінің экспозиция алаңдарында жылына түрлі тақырыптағы 50-ге жуық көрме ұйымдастырады. Республика бойынша көшпелі көрмелер ұйымдастырылып, еліміздің барлық облыстары және Оңтүстік өнірінің аудандары түгел қамтылып келеді. Қала мектептерімен де тығыз қарым-қатынастар орнатылып, тақырыптық лекциялар жүргізу мен мектептерде көрме ұйымдастыру жұмыстары жақсы жолға қойылған.

Сонымен қатар, қорық-мұражай өз қарауындағы ескерткіштер мен жәдігерлерді, сондай-ақ Кесенеде жерленген тарихи тұлғаларды насихаттау, елге таныту мақсатында соңғы төрт-бес жылда жүзге жуық баспа өнімдерін шығарып, Кесенеде жерленген тұлғалар сериясы бойынша хандарға, билерге, батырларға қатысты кітаптар мен 18 буклеттерді жарыққа шығарды. Сондай-ақ БАҚ арқылы жүргізілетін насихаттық жұмыстар да жүйелі жолға қойылған. Мекеменің үш тілде: қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде шығарған «Қожа Ахмет Ясауи кесенесі» альбом-кітабы Мәскеудегі ТМД көлемінде ұйымдастырылған кітап көрмесінде бірінші орынды иеленді. Сонымен қатар екі жылда бір Қожа Ахмет Ясауи мұрасы мен ілімінің зерттелу мәселелері″ тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, жыл сайын дәстүрлі республикалық «Ясауитану» байқауын өткізіп келеді. Еліміздің түкпір-түкпірінен байқауға келген мектеп оқушылары тарихымызбен және Ясауи мұрасымен танысып, сусындауларына зор мүмкіндік алады.

«Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайы отандық мұражайлар тарихында бірінші болып «Хан көтеру» театрландырылған сахналық қойылымын қойды. Қойылымдағы тарихи тұлғалардың ролдерін сомдауға кәсіби актерлар қатыстырылып, тарихи қойылымды еліміздің түкпір-түкпірінен және алыс-жақын шетелдерден келген қонақтар тамашалады.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы еліміздегі барлық республикалық, облыстық мұражайлармен әріптестік орнатқан және солардың арасында келушілері ең көп мұражай болып табылады. Келушілерге көрсетілетін қызмет түрлері де талапқа сай жүйелі жолға қойылған. Осындай атқарылған іс-шаралар нәтижесінде қорық-мұражай ағымдағы жылда халықаралық ICOM одағының «Жыл мұражайы» дипломына ие болды.