Қор сақтау және есепке алу бөлімі

Әшірбеков Нұржамал Орынтайқызы — бас қор сақтаушы

Музей қоры 1978 жылы «Республикалық Қожа Ахмет Ясауи сәулет ғимараты музейі» болып ашылған кезде 300-ге жуық жәдігермен құрылған.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесiнің өзі ортағасырлық сәулет өнерiнiң керемет туындысы ретінде басты құндылығымыз болуымен қатар, музей қорының негізін қалаған, Әмір Темір дәуірінен сақталған ортағасырлық құнды жәдігерлеріміз «Шырағдандар», қақпа, қапсырма есіктері, 1989 жылы тұғырына қайта оралған «Тайқазан», қазақтың хандары мен би-батырларының басына қойылған мәрмәр тастар және т.б. жәдігерлер жалпы саны 50 дана жәдігерді сақтап бізге жеткізген киелі орын, тарихи ескерткіш. Кесенеде сақталған бұл құндылықтардың барлығын 1958 жылдары жинап, тізімін жасаған сол кездегі алғашқы қор сақтаушы кейіннен 1980-83жж. музей директоры болған, мәдениет қайраткері Орынбай Дастанов.

1978 жылы музей ашылар кезде мемлекет және қоғам қайраткері, сол кездегі Мәдениет министрінің орынбасары Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен жергілікті басшылықта игі істер атқарылып, халықтың қолында сақталған құнды дүниелерді музейге өткізуіне ықпал жасаған.

Қазіргі кезде Қор сақтау және есепке алу бөлімінің қорында 24 558 дана көне жәдігер мемлекеттік тіркеуге алынған, оның 13 640 данасы негізгі қор, 10 918 данасы ғылыми көмекші қор есебінде. Олардың басым көпшілігі түпнұсқада тарихи құнды дүниелер. Атап айтқанда, жылдар бойы Түркістан оазисіндегі ескі қалалар мен қоныстарға жүргізіліп келе жатқан археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған б.з.д. кезеңдерді қамтитын археологиялық жәдігерлер мен Түркістан тарихына байланысты алтын, күміс, мыс теңгелер көмбесі, қазақ халқының өткен өмірінің тұрмыс-тіршілігінен мағлұмат беретін этнографиялық жәдігерлер және халықтың қолынан жинақталған араб, парсы, көне түркі тілдерінде жазылған қолжазбалар мен көне баспа кітаптары музейіміздің негізгі құндылықтары болып табылады. Жәдігерлер төрт ғылыми классификациялық  топқа бөлінген: 5186 дана археологиялық, 2775 дана этнографиялық, 13 640 дана нумизматикалық және 2957 дана жазба ескерткіш.

Жәдігерлер қорық аймағындағы 6 музейдің экспозициялары мен қор сақтау бөлмелерінде орналасқан.
Соңғы 3 жылда музей қорына 530 дана жәдігер қабылданды. Оның ішінде 186 данасы негізгі қор есебінде, 344 данасы ғылыми көмекші қор есебінде.

2017 жылы қабылданған жәдігерлер жалпы саны — 277 дана.
— 136 данасы негізгі қор
— 141 данасы ғылыми көмекші қор

2018 жылы қабылданған жәдігерлер жалпы саны-166 дана.
— 21 данасы негізгі қор
— 145 данасы ғылыми көмекші қор

2019 жылы қабылданған жәдігерлер жалпы саны- 87 дана.
— 29 данасы негізгі қор
— 58 данасы ғылыми көмекші қор

Бүгінгі таңда есепке алу бағыты бойынша инвентарлық кітаптардың электрондық нұсқасы, ғылыми зерттеу жұмыстары бойынша жәдігерлердің ғылыми құжаттары жасалуда. Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қор жәдігерлерінің насихатталуы мен ғылыми айналымға ендіру мақсатында музейде  және онан тыс жерлердегі республикалық және халықаралық ғылыми конференцияларға және «Ясауи мұрасы» газетіне бөлім қызметкерлерінің ғылыми және ақпараттық мақалалары беріліп тұрады.

Музей қорын зерттеу, ғылыми айналымға ендіру жұмыстары бойынша еліміздің және көрші мемлекеттердің ғалымдарымен де жұмыстар жүргізіліп келеді. Нумизматика тобы бойынша 26 дана күміс тиындарға нумизмат ғалым Р.З.Бурнашеваның зерттеуі бойынша ғылыми құжат жасалса, 4200 дана мыс теңгелерді ғылыми сараптаудан өткізу мақсатында Өзбекстаннан нумизмат ғалым Л.Ю Шпенева шақырылып мыс теңгелерді тазарту, ғасырларын анықтау жұмыстары жүргізілді. Этнография тобы бойынша Украинаның В.Н.Каразин атындағы Харьков ұлттық университетінің ғылыми қызметкері Т.Н.Крупа, Өзбекстандық Ресей азаматы, өнертану ғылымының докторы Э.Ф.Гюлль мұражай қорында болып 20-дан аса матадан жасалған тұрмыстық бұйымдар мен кестеленген қолөнер бұйымдарымен танысып, оларға ғылыми сипаттама жасалды. П.Н.Петровтың дайындаған «Көне тиындарды тазалау жолдары» атты орыс тілінде дайындалған методикалы құралы қазақ тіліне аударылып екі тілде нұсқасы дайындалды.

Қордың ғылыми классификациясы бойынша   жеке-жеке қысқаша альбом-каталогтар шығарылған. 2018 жылы музейдің қор сақтау бөлімі мен тарихи ескерткіштерді қорғау бөлімі қызметкерлері дайындаған «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің 40 жылдық мерейтойы қарсаңында музейдің қор сақтау бөлімі археология тобынан «Түркістан жазирасының керамикасы», этнография тобынан «Зергерлік бұйымдар топтамасы» тақырыптарымен каталогтық кітаптар баспадан шықты.

Соңғы жылдары мұражай әкімшілігі мен Ресейдің нумизмат ғалымы т.ғ.к. П.Н.Петров арасында жасалған келісім-шарт бойынша қордың нумизматика тобындағы 13000-нан астам жәдігерлердің ішінен іріктеп, Түркістан Оазисі қалаларындағы ақша сарайларында соғылған теңгелер жинағы бойынша 2 томнан тұратын зерттеу альбом каталогын шығару жоспарлануда.

Музей қызметкерлері тарапынан қорда жинақталған «Диуани хикмет» шығармасының 13 үлгісін қазақ тіліне аудару жұмыстарын жүргізу қолға алынды. Келер жылдары музей қорындағы «Диуани хикмет» үлгілерінің каталогы да жарық көреді деген сенімдеміз.

Соңғы жылдары Музей қорын насихаттау мақсатында қор сақтаушылар дайындаған   «Мұражай қорындағы Қожа Ахмет Ясауидің хикметтері», «Диірмендер тіршілік  діңгегі», «Шырағың сөнбесін», «Әзірет Сұлтан қорық мұражайы қорындағы ортағасырлық тиындар» «Ақиқат жолын ту еткен шәкірттер» «Тән тазалығы-жан тазалығы», «Тұлпар сұлу көрінер әбзелімен», атты көрмелер құрылса, биылғы жылы осы жұмыстар жалғасын тауып «Жаңғырған керамикалық жәдігерлер» көрмесі құрылып, «Музей қорындағы сыйға келген жәдігерлер», атты көрмемен «Әзірет Сұлтан қорық музейі қорындағы тиындар» тақырыбындағы көрме  төл теңгеміздің айналымға шыққан күніне орай ұйымдастыру жоспарлануда.

Сондай-ақ «Музейлерде жәдігерлерді сақтау ісіндегі мәселелер» атты дөңгелек үстел өткізіліп, іс-шараға Алматы, Шымкент, Отырар, Түркістан қалаларының музейлерінен мамандар шақыртылып, қор сақтау ісіндегі мәселелерге қатысты өзекті мәселелер қарастырылды. Дөңгелек үстелдің қорытындысы ретінде әр жылы қор сақтау ісіне байланысты жекелеген мәселелер бойынша бас қосып тұру жоспарланды.

Қор сақтау бөлімінің жұмыстарына 2016 жылы музей жәдігерлерін ақпараттық жүйеге енгізу жұмысы бойынша «ЮНЕСКО»  Бүкіләлемдік мұраларды қорғау ұйымы дайындаған «Mузеолог» бағдарламасы енгізілді. «Музеолог» еркін бағдарламалық жасақтамасының басты артықшылықтары – жылдам іздеу мен пайдалану қолайлылығында, сонымен қатар берілген параметрлер арқылы музейлік заттарды іздеудің  автоматтандырылған жүйесі, енгізілген суреттерді түрлі режимде көру, ақпаратты толықтыру және түзету мүмкіндігі болып табылады.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауында атап көрсетілген  «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында қазіргі күнге дейін қор жұмысын цифрландырудың алғашқы нұсқалары қор жәдігерлерінің электронды нұсқасын жасау жұмыстары жүргізіліп келді. 2018 жылы қор жәдігерлерінің цифрлы нұсқасын жасау (оцифровка) жұмыстары басталды. Бұл жұмыс үш бағытта жүргізілетін болады. Атап айтқанда ең құнды, құнды және сақталуы нашар жәдігерлер кезең- кезеңімен цифрландырылатын болады.

Қор жәдігерлері жаңа үлгідегі, (жылжымалы шкафтар, сөрелер, драйверлер) сақтау режимдерінің талаптары орындалатын қор сақтау жабдықтарымен қамтамасыз етілген, жаз мезгілінде ауаның құрғап кетуінен сақтайтын Жапонияда жасалған ауа ылғалдандырғыш құрылғылармен және ИВА-6А маркалы ауа температурасы мен ылғалдылығын өлшейтін  аппарат термогигрометрмен жабдықталған.

Қор сақтау және есепке алу бөлімінің басты міндеті: музей қорларын мемлекеттік есепке алу, сақталуын қамтамсыз ету,  үздіксіз толықтырып отыру және ғылыми құжаттау мен зерттеуге тікелей бағытталған.

Бөлімде бюджеттік есептен барлығы 7 қызметкер жұмыс жасайды.

1.Бас қор сақтаушы: Аширбекова Нұржамал Орынтайқызы 1992жылы –Қазақ Мемлекеттік Қыздар Педагогикалық Институтын бітірген. Мамандағы–тарихшы, қоғам тану пәндерінің мұғалімі. 2017 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. 2018 жылы Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ, музей ісін дамытудағы  еңбегі үшін  ҚР Мәдениет  министрлігінің, ОҚО-тық, Түркістан қалалық әкімшілігінің, және мұражай әкімшілігінің бірнеше мақтау қағаздарымен марапатталған.

2.Қор сақтаушы: Егеубаева Әшіркүл Мырзабекқызы 1997 жылы Оңтүстік Қазақстан  Гуманитарлық  Университетін бітірген. Мамандығы-мәдениет істерінің маманы. 2018 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Музей ісін дамытудағы  еңбегі үшін музейдің 30 жылдық мерей тойында (2008ж.) Қазақстан Республикасы, Мәдениет және спорт министрлігінің мақтау қағазымен, ОҚО-тық, Түркістан қалалық әкімшілігінің, және мұражай әкімшілігінің бірнеше мақтау қағаздарымен марапатталған.

3.Қор сақтаушы:  Жолдасов Толқын Маханбетұлы 2001 жылы ХҚТУ-нің Шығыстану факультетін бітірген. Мамандығы: Дінтанушы және философия маманы, тарих ғылымының магистрі. 2019 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Музей ісін дамытудағы  еңбегі бағаланып, Қазақ Хандығының 550 жылдық мерекесіне қосқан үлесі үшін медалімен, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінен, ОҚО-тық, Түркістан қалалық әкімшілігінің, және мұражай әкімшілігінің бірнеше мақтау қағаздарымен марапатталған.

4.Қор сақтаушы:  Майлыбаева Жанат Серкбайқызы 2002 жылы ХҚТУ-нің Шығыстану факультетін бітірген. Мамандығы: Дінтанушы, дінтану ғылымының магистрі. Музей әкімшілігінің мақтау қағазымен марапатталған.

5.Қор сақтаушы:  Адиев Даулетияр Сәруарұлы 2008 жылы ХҚТУ-нің Тарих факультетін бітірген. 2012 жылы ХҚТУ-нің Құқықтану факультетін бітірген. Мамандығы: Тарихшы, құқықтанушы. Музей әкімшілігінің мақтау қағазымен марапатталған.

6.Суретші реставратор: Муташев Еділ Есенәліұлы 2006 жылы ОҚО М.Әуезов атындағы Мемлекеттік Университетін бітірген. Мамандығы: Сурет және сызу маманы. ОҚО Мәдениет басқармасы Тарихи-мәдени-этнографиялық орталықтан және музей әкімшілігінің бірнеше мақтау қағаздарымен марапатталған.

7. Реставратор Таджибаев Нұржан Әлімханұлы 2009 жылы ХҚТУ-нің Тарих факультетін бітірген. Мамандығы: Археолог және этнолог маманы. Музей әкімшілігінің мақтау қағазымен марапатталған.

Бас қор сақтаушы телефоны: +7 701 258 1715

emil: nur.15.65@mail.ru