ӘУЛИЕ ҚҰМШЫҚ АТА ҚЫЛУЕТІ

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты «Әулие Құмшық ата қылуеті» ХІІғ. тән республикалық мәртебеге ие ескерткіш. Қожа Ахмет Ясауидің кесенесінен оңтүстік-шығысқа қарай 1 шақырым қашықтықта салынған.

Координаттары: 43˚17.424΄, 068˚16.523΄ Теңіз деңгейінен биіктігі 228м. Биіктігі 3,4 метр, ұзындығы 15,7 метр, күмбезді бөлмесінің ені 3,5 метр. Күйген қыштан қаланған сәулеттік құрылыс Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстік аймақтарына тән. 1972-73 жылдары Қазақ ССР тарих, археология, және этнография иниституты және Қазақ ССР Мәдениет министрлігімен бірлескен археологиялық экспедиция зертттеу жүргізген бұл ғұрыптық құрылыстың басында тіктөртбұрышты ойық орналасқан. Ойық кылуетке кіретін есік қызметін атқарып, иректелген тар дәлізбен жалғасады. Дәліз шеңбер пішінді бөлмеге алып барады және ол қылуеттің негізгі бөлмесі болып табылады. Осы негізгі шеңбер пішінді бөлме төрт бұрышты соңғы бөлмемен аяқталады. Шеңбер пішінді бөлменің төбесі күмбезделіп, ал төрт бұрышты бөлме шатыр тәрізді жабылған. Бөлмелердің қабырғаларында майшамдар үшін кішкентай қуыстар жасалған. Дәлізі иілген түрде негізгі бөлмелер сияқты, күйдірілген кірпіштен қаланған. Дәліздің орта тұсында жарық түсірілуге арналған құдық пішінді ойық орналасқан. 2013 жылы қайта қалпына келтіріліп, ішкі жағы консервацияланып үсті топырақ үйіндісімен жабылды. 1994 жылғы «Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштер шежіресінің» Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жинағына №590.12 санды нөмірімен енгізіліп мемлекет қарауына алынған. Жалпы жер көлемі 6,0 га.

Алдыңғы ақпарат

ӘБІЛМӘМБЕТ ХАН ОРДАСЫ: КЕШЕ ЖӘНЕ БҮГІН

Келесі ақпарат

ХАН ОРДАСЫ