ӘБІЛМӘМБЕТ ХАН ОРДАСЫ: КЕШЕ ЖӘНЕ БҮГІН

1743 жылы жазда Абылай сұлтан жоңғар тұтқынынан босап, аман сау өз жұртымен қауышады. Міне, осы кезден бастап, бүкіл Орта жүздің сыртқы саяси тізгіні біржолата Абылайдың қолына көшеді. Ал Әбілмәмбет хан болса өз еркімен сыртқы саяси мәселелерді немере інісіне тапсырып, өзі 1744 жылдың жазында Түркістан қаласына келеді де, біржолата осы қалада тұрақтанады. Оның Түркістанға келіп, хан сайланылуы туралы орыс тыңшысы Мансұр Асанов былайша хабарлайды:

«…Жол бойы кездескен ауылдарға қона-түстене отырып, Түркістан қаласына жиырма шақты күнде, асықпай жеттік. Қалаға таяп келгенімізде, қала тұрғындары тайлы-таяғы қалмай, Әбілмәмбет ханды қарсы алуға шығыпты. Қаланы жоңғар ханы Қалдан Серен тағайындаған Сейіт хан билеп тұр екен. Бұл Сейіт хан марқұм Сәмеке ханның ұлы, яғни Әбілмәмбет ханға немере туыс болып келеді.

Хан сайлау рәсімі үлкен салтанатпен өтті. Ұзындығы құлаштай, бас жағы шарадай кең жез кернейлер тартылды, көн қапталған дауылпаз, дабыл соғылды. Қазақтар өз салттары бойынша жабу жапқан үш сиыр жетектеп әкелді. Жиналған халық ханның шапанына жармасып, жыртыс түрінде бөліп-бөліп, талап алды. Сиырларды сойған жоқ, әлі жеткендер таласып, тартып әкетті. Көп қауым осылай дуылдасып жатқанда, Әбілмәмбет хан әрі қарай, қалаға бет алды. Әуелі қаладағы Әулиенің мешітіне (Қожа Ахмет Ясауидың кесенесін айтып отыр — Б.К.) кіріп, дұға оқыды, одан кейін Қожабаба деген қайын атасының үйіне тоқтады…..

*****

Бүгінгі таңда XVI-XVII ғасырдағы Әбілмәмбет хан ордасы — тарихтан ізін қалдырған тәбәрік мекен. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі тарихи орынның маңызын ескере отырып, Хан ордасының кейбір бөлігін бұрынғы қалпына келтіріп, оның негізгі археологиялық фрагменттерін консервациялау және музейлендіру жоспарлап отыр.

Жобаға сәйкес қысқы Хан Ордасының рухын, тұрмыс-тіршілігін және ерекшелігін көрсету көзделген. Бұл Түркістанда Қазақ хандығының ірі саяси орталығы ретінде және қаланың тарихи-мәдени әлеуетін көрсетеді.

Археологиялық жұмыстардың нәтижесінде қабырғасының қалыңдығы 1 метрден асатын құрылыс табылды. Бұл қабырғалардың үлкендігі мен құрылыстың биіктігін растайды.

Сондай-ақ, Хан Ордасы периметрі бойынша қоршаудың іргесі табылды. Негізгі фрагменттер қалпына келтіріліп, басқа құрылыстарды іздестіру жұмыстары жалғастырылатын болады.

Алдыңғы ақпарат

Тайқазан

Келесі ақпарат

ӘУЛИЕ ҚҰМШЫҚ АТА ҚЫЛУЕТІ