КӨНЕ САУРАН ҚАЛАСЫ

Сауран – Сырдария бойында орналасқан тарихы терең, өз атауын сақтап қалған қалалардың бірі. Көне Сауран қаласының қалдықтары Түркістан қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 40 шақырым жерде орналасқан.
Сауран қаласы туралы алғашқы деректер Х ғасырда пайда болып, сол ғасырдың белгілі араб географы Сауран қаласын бекініс-қамал әрі рабады бар, жеті қабырғалы үлкен қала ретінде сипаттаған, қазіргі таңда төрт қабырғасы сақталған. Сондай-ақ, ірі мәдени және сауда-өнеркәсіп орталығы болғандығын Ибн-аль-Асир мен Якут жазып қалдырған. XIII ғасырдың ортасындағы армян патшасы Гетумның жол бағдарламасында Сауран Савран атауымен аталады.
XIV ғасырдың бірінші жартысында Сауран қаласы Ақ Орданың астаналық орталығы болған. Ал, XV ғасырдың 80-жылдары Сауран қаласын алғашқы қазақ хандарының бірі Жәнібек ханның ұлы Иренші сұлтан уақытша билеген. Рузбиханның сипаттамасы бойынша XVI ғасырлық Сауран – сауықшыл, жанға шипа, бой сергітер жұмсақ ауасы бар өте жайлы, тамаша қала болған. Жазушы Васифи өз естеліктерінде Сауран қаласының көрнекті ғимараттарының бірі теңселмелі екі мұнарасы бар медресе туралы баяндап, «Әлем ғажаптарының бірі» деп жоғары баға берген. Сонымен қатар, Васифи қаланы сумен қамтамасыз ететін жер асты суларын жердің бетіне көтеретін жер асты галереялық кәріздер жөнінде «олар сияқтыны бүкіл әлемдегі жер мен суды шарлап шыққан адамдар да көрмеген» деп таңдана жазады. Дегенмен мұндай теңселмелі мұнаралар бұдан ертеде Таяу Шығыста көптеп салынған және жер асты галереялық кәріздер біздің дәуіріміздің VII-VIII ғасырларында-ақ Арабияда, біздің дәуіріміздің бірінші мыңжылдығында Қытайдағы Синцзянь автономиялық ауданындағы Тұрфан өлкесінде, Иран мен Ирак елдерінде бұдан да ерте кезде әлдеқашан бар болғандығы белгілі. Аталған ірі бекіністі алу мақсатында Абдолла хан Бұхарадан арнайы қаланың үйлері мен қамал қабырғасын бұзу үшін бекіністі таспен ататын манджаник алдырған, бірақ қамал-бекініс ұзақ уақыт қорғана білген. Ауыр соққылардан қаланың үйлері мен құдық ләйлектері бұзылған.
Көне қала XIX ғасырдың ортасына дейін өмір сүрген. Жер асты суы тартылған себепті XVIII ғасырдан бастап жергілікті тұрғындар Асылған өзені жағасындағы Жаңа Сауранға көше бастаған. Бір ғажабы әлі күнге дейін Көне Сауран қаласы, Ортағасырлық Сауран қаласы, Жаңа Сауран қаласы және оларды суландыру жүйесі, 220 кәріз адам қолы тиместен толықтай сақталған. Кәріздердің ұзындығы 157 км, 9000 құдықтан тұрады.
Қорытындылай келе, бізге жеткен жазбалар арқылы Көне Сауран қаласы жер асты кәріздерімен, қалың дуалды қорғаныс қабырғаларымен, тереңнен қазылған орларымен әйгілі мықты бекініс-қамал, топырағы құнарлы, бау-бақшалы, жап-жасыл саялы ағаштары жайқалған, медресе, ханака, мешіттері бар, теңселмелі мұнара ғимаратымен ерекшеленген көз тартар әсем қала болғандығын білеміз.
Көне Сауран қаласы өзінің биік, қазірге дейін жарым жартылай бүтін қалған қабырғаларымен, тұрғын кварталдары, қоғамдық ғимараттары және төңірегіндегі қоныс-жайларының қалдықтарымен, бірегей кәріздерімен, ежелгі егістік жерлерімен Қазақстанның аса құнды, Республикалық маңызы бар археологиялық және архитектуралық ескерткіштерінің бірі болып табылады. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына қарасты Сауран – Қазақстандағы бір қаланың пайда болуын, дамуын, гүлденуін толықтай көрсететін, түпнұсқа күйінде сақталған жалғыз қала. Сол себепті, тарихымыздың айнасы, өткен ғасырлардың айғағы, атадан қалған асыл мұраны аман сақтап, қорғау – біздің парызымыз.
Феруза Шаймерден, экскурсовод.
Алдыңғы ақпарат

«Әзірет Сұлтан» музей-қорығының нумизматикалық қорындағы Маңғыттар әулетінің тангалары

Келесі ақпарат

Ясауия тариқатында халуәт (Бустан ул-мухиббин еңбегі негізінде)