ТҰРСЫН ҚҰДАЙМЕНДЕҰЛЫ

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген Тұрсын Құдаймендеұлы – Жәдік әулетінен шыққан сұлтан Құдайменденің ұлы, Құшық (Қошық) сұлттанның немересі. Билік құрған кезеңі 1712 ж. мен 1717 ж. бас кезі. Оның қарамағында Орта жүздің қоңырат және ішінара найман, сонымен бірге Ұлы жүздің тайпалары (аттары белгісіз) енген [Ерофеева, 1997. С. 73]. Біздің пікіріміз бойынша, ол осы жерлерді ежелден мекендеген сіргелі тайпасының рулары болуы мүмкін. Оның иелігін Иқан қаласы мен төңірегіндегі Сырдария өзені бойындағы елдімекендер құраған. Оның бағынысындағы тайпалардың көші-қон аймағы Оңтүстік Қазақстан аудандары, Түркістан қаласының төңірегі, Сырдың орта ағысы бойындағы елдімекендер. Резиденциясы - Иқан қаласы [Ерофеева, 1997'. С.73].

Осы аумақтағы тайпалардың көші-қон бағыттары Қаратау жоталары мен Сырдың орта ағысы арасын, Оңтүстікте Арыс өзеніне дейін, батыста Түркістан қаласына дейінгі аралықты қамтыған деп болжамдауға болады.

Ендігі бір деректерде Тұрсын Тәукенің билігі кезінде хан сайланғандығы, Жоңғар хандығының басқыншылығын тойтаруда қазақ қосындарын басқарып, шамамен Иқан қаласында қайтыс болғандығы айтылған. Жазба деректерде оның балаларынан Барақ және Құшық (Күшік) сұлтандардың есімдері аталады. Басқа деректерде оның иелігі қалмақтардың иелігімен шектескен. Бұл жерде Жетісу аумағына орналасқан оңтүстік шығыстағы қазақ ұлыстары туралы сөз болып отыр деп болжауға болады. 1734 ж. Ұлы жүз қазақтары елшілігінің құжаттарында «Тұрсын Шымыр-Дулат тайпасының ханы еді» деп жазылған [Артыкбаев, 2001. С.134]. Ол қайтыс болған соң оның ұлысын балалары Сұлтан Барақ пен Көшек хан басқарған.