ҚАЙЫП ХАН ЖАЙЫНДА

Қайып хан – XVIII ғасырдың басында Қазақ хандығын билеген. Орыс деректерінде Гаиб, Гаип, Ир-Гаиб, Каип-джан, Хаип деген аттармен белгілі.

Қайып ханның туылған жылы нақты белгілі емес. Жобамен тарихшылар оны XVII ғасырдың 80-жылдарынан кеш тумаған деп санайды. Қайтыс болуы 1718 жылдың аяғы [Ерофеева, 1997'. С.74-75, 103]. И.В.Ерофееваның пікірінше, Қосрау сұлтанның баласы, Сырдақ сұлтанның немересі, атақты Есім ханның ұрпағы [Ерофее-ва, 1997. С.74]. Ж.Артықбаевтың пікірінше, Датқа сұлтанның ұлы, Қосраудың немересі [Артыкбаев, 2001. С.125]. Тәуке хан кезінде, шамамен 1703-1710 жж. аралығында бір ұлыстың ханы болып сайланған. Тәуке хан 1715 ж. дүниеден қайтқан соң оның орнына қазақтың жалпы ханы болып көтеріледі. Қайып хан 1703/1710 -1718 жж. билік еткен.

Қазақ хандарының Жәдік әулетінен шыққан. Оның ұлдарынан белгілілері: Батыр сұлтан мен Қодай-Меңде.

XVIII ғасыр бойында тарих сахнасына Қайып хан шығып, ел басқаруда көзге түсті. Орыс деректері бойынша, 1708 ж. ол әз-Тәукемен бірге 20 мыңдық қазақ әскерін Уфа түбіне бастап барады. Қайып хан қазақ-орыс қатынастарын дамытуға үлесін қосты.

Тарихи деректер XVIII ғасыр басында Қайып ханға Кіші, Орта жүз руларының белгілі бір бөліктерінің бағынғанын, 1715 жылдан бастап Түркістан мен оның төңірегіндегі кейбір елді мекендерге, ұсақ қалаларға билігі тарала бастағаны айтылады.

Бұл уақытта қазақ хандары - Әбілқайыр, Қайып, Тұрсын, Болат - барлығы жоңғар, казак-орыс, қалмақтарға қарсы күрес үстінде еді. Осындай жағдайда көршілес Ресеймен әскери одақ, тиімді экономикалық шарттар жасауға ұмтылыстар жалғасын тапты. XVI-XVIII ғасырлардағы қазақ-орыс қатынастарына қатысты құжаттар қазақ елі атынан Қайып Қосрауұлы, Әбілқайыр Қажыұлы сияқты хандардың жүргізген саясаттарының мәні мен мақсаттарын аша түседі. Осы құжаттарда Қайып ханның сыртқы саясатын дәлелдейтін 8 құжат жарияланған. Соның ішінде 1718 ж. 1 мамырда Сібір губернаторы М.Гагаринге жазылған хатта Қайып, Әбілқайыр хандар жалпы қазақтар атынан башқұрттар қуып әкеткен 1500 жылқыны қайтаруды сұраса, ал 1718 ж. 10 желтоқсандағы хатында I Петрден жоңғарларға қарсы күресте бірлесуге шақырады [КРО-1, 2476.].

Қайып тұсындағы қазақ хандығының сыртқы саяси жағдайы өте шиеленісті болды. Оған шығыстан жоңғарлар, батыстан башқұрт пен қалмақ билеушілері үнемі қауіп төндіріп отырды. Осыларға қарсы шығатын, елеулі жәрдем беретін одақтас іздеу - Қайыптың сыртқы саясатының басты әрі шешуші мақсатына айналды. Бұл ретте ол батыстағы көршісі — Ресейден көп көмек күтті. 1716 ж. Тобылға жіберілген қазақ елшілері Бекболат Екешев пен Байдәулет Бөриев батырлар Қайыптың Ресей үкіметімен тығыз қарым-қатынас, «мәңгілік бітім» жасауға, Жоңғар хандығымен күресте қазақ-орыс әскери одақ туралы келісімге қол жеткізу және «оларға сауда-саттық жолымен Тобылға баруға мүмкіндік беру үшін» Ресейдің жақын жердегі рыноктарына қазақ малшыларының кедергісіз баруына кепілдік алу мәселелерін Сібір губернаторы М.П.Гагаринге хабарлады [Қазақстан тарихы, 2002. 111-6.].

Өз тарапынан Сібір әкімшілігі Қайыптың бұл тілектерін орындауға ықыласты екенін білдірді. Жоңғар хандығымен күрестің кезек күттірмес мәселелері Қайыпты Қазан губернаторы П.С.Салтыковпен де байланыс жасауға мәжбүр етті. Қайып тұсында Қазақ хандығы мен Ресей арасындағы саяси қарым-қатынастардың жандануы Жоңғарияға қарсы күресте екі жақты күш біріктіру мақсатына байланысты болды [Қазақстан тарихы, 2002. 112- б.].

Қайып хан үшін басты міндет - ел іргесін сөккен жауға қарсы қимыл таныту еді. Қал-қадірінше басқыншыларға қарсы шайқасқа дайындалып, 1717 ж. Қайып хан мен Әбілқайыр сұлтан Қазақ Ордасының отыз мың сарбазын бастап, жоңғарға қарсы аттанады. Кешегі Қасым хан кезінде үш жүз мың әскер шығаратын Қазақ хандығы басқыншыларға қарсы елді азат ету жорығына бар болғаны 30 мың жасақ шығара алды. Осыдан-ақ Қайып ханның қауқарын аңғаруға болады. Осы жорықтан Қайып хан мен өркөкірек Әбілқайыр сұлтан бар әскерінен айырылып сопа бастарын ғана аман алып қалыпты [Мағауин, 1995. 98 б.].

Сынықты сылтау деп білген жоңғарлар келесі 1718 ж. Қайып ханға жазалау жорығын жасап, кең көлемді майдан ашады, қазақ жасақтарын Арыс, Бөген, Шаян өзендерінің бойында бірнеше рет ойсырата жеңеді. 1718 ж. соңына қарай Қайып хан қайтыс болады. Оның орнына Тәукенің дарынсыз да жігерсіз ұлы Болат хан (1718-1730) отырды (кей деректерде 1715-1723 жж. хан болған). Болат ханның тек атағы ғана болып, қазақ жүздерін билегендер өз алдына дербестеніп, Ұлыстың орталық хандығының билігі әлсіреп, саяси жақтан бөлшектенді.

ХVІ-ХVII ғасырлардағы түрлі дау-жанжалдардың қорытындылары ауызша билікпен, билердің мөрлік таңбаларын басуымен расталып бекітілетін. Ресеймен қатынас орнату жылдарында XVIII ғасырдың басында-ақ бірді-екілі құжаттарда хандардың мөр басып, куәландырған құжаттары бар. 1718 жылдың 8 сәуірінде Қайып хан мен Софының (Әзиздің) Ресей патшасына жолдаған қатынас қағазында өздерінің сөздеріне сенуді айтып, куәландырып мөрін басқан. Жобамен 1718 жылдардың соңында Қайып хан Орта жүз сұлтандарымен тақ үшін болған күресте қаза тапқан.

«Қазақ Хандары», Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Түркология ғылыми-зерттеу институты. Алматы, 2015.