Ясауимен байланысты аңыз әңгімелер

DOC форматында жүктеу

Арыстан бап және Қожа Ахмет Ясауи


Ан Хазіретіміз (с.ғ.с)  күндердің күнінде Ирак шаһарында асхабтар құрма жеп отырғанда, сол табақтағы бір құрма жарандардың қайсысы алса да, қолдарынан түсіп кете береді. «Бері әкелші оны жеп қояйын», деп Ан Хазіреті алып еді. «Бисмилләһи» деп аузына сала бергенде бұл шарифтың қолынан домалап түсіп кетіпті. Ан  Хазірет таңданып, бұл не ғажайып оқиға деп біраз ойлануда болады. Біраз уақыт өтпей Джабраил алайһи-с-салам жетіп келеді. «Я, Мұхаммед, Құдай сізге сәлем айтты. Періштелер де қостап, ишарат үшін білдіруге келдім. Хиджратыңыздан төрт жүз жылдан кейін Сенің әулетіңнен бір Құл Қожа Ахмет атты ұл дүниеге келеді, үмметтеріңе жол басшы болады. Бұл құрманың сіздерге бұйырмай, ауыздарыңа кірмей тұрған себебі, сол ерге бұйырған нәсіп еді», - дейді. Бұған Ан  Хазірет, салла-л-лаху алайхи уа-саллам, қайран қалып айтыпты: «Я,  достым,  Жабраил, ол заманға дейін бұл құрма қай жерде тұрып шірімей, сасымай, ескірмей қалай оған нәсіп болады», - дейді. Сонда Жебірейіл алайһи-с-салам, айтты: «Сіз ықылас қылып сахабаларыңыздың біріне бұйырыңыз, бұл аманат құрманы аузына сақтап, Ахмет атты балаға тапсыр деп жүктеңіз. Кімде-кім бұл құрманы аузында сақтаса, оның өмірі ұзақ болады», - дейді.  Хазіретіміз салла-л-аху алайһи уа-саллам, олай-бұлай қарап, назары Салман ал-Фариси ради Аллах анһуға түсіпті. Жан-жағын шарлап алып айтыпты: «Я, Салман Фариси, аузыңды аш, тіліңнің астына, тісіңнің түбіне бұл құрманы аманат сақта. Менің хижратымнан төрт жүз жыл өткеннен кейін таңнан тұрып жолға түс, күн шығыста Мадина ал-Байза атты шаһар болар, онда барып айтпай танып, сұрамай білетін жеті жасар Ахмет атты ер балаға аманатты аузыңнан алып тапсыр. Инша Алла бұл құрма шарапатымен сенің өмірің ұзақ болар», - дейді. «Құлдық, тақсыр», - деп Салман ал-Фариси ради Аллаһу анһу құп тұрып, құрманы аузына алып, тіл астына салады.


Тағат ғибадатқа беріліп төрт жүз жылды санап өткізгеннен кейін, күн шығыс жаққа бет алып жүріп, айтылған қалаға келіп, ешкімге жөнін айтпай, қыдырып жүреді. Ол заманда Мадина ал-Байза үлкен қала еді. Бір жағы Алатауға шектелген, екінші жағы Қаратауға аралас еді, Ат бұлағы деген жерлер ат базары еді. Ол шеттен кіріп, ол шеттен шығып, Сайрам суының жағасына келіп тамаша қылып тұрса, үстінде ақ жейдесі бар жеті жасар бір бала мектептен шығып, Калам Алланы төбесіне қойып, бетін ұстазының орнына қаратып, арқасымен жүріп келе жатып,  Салман ал-Фариси ради Аллаху анһуның жолын тосып, бір көпір үстінде тұрып әлде нені бағып, көзден жасы ағып, ғашық шақпағын шағып тұратын еді. Жеті жасар бала, бас көзі ұстазы жақта болса да, көңілі көзі Ираннан хабардар болған көпір үстінде тұрған Зат-и шарифке бетін бұрып қарамастан «Ас-саламуалайкум, Арслан бап, жоғың болса – кешікпей тап»- дейді. Баланың қылған әрекетіне қайран қалып, инша Аллах, Саид-әлем айтқаны осы болғай деп, сынамақ үшін: «Балам атың кім?» - дейді. «Атымды не қыласың, аманатым қайда?» - дейді. «Балам атың Ахмет екен, ішің тола хикмет екен, аш аузыңды!» - дегенде, жеті жасар бала жалт қарап аузын ашқанда, Арслан баптың аузындағы құрма ұшып барып баланың аузына кіреді. Бала ұршықтай ширатылып, хикмет айта бастайды. Аузынан ақ көбік бұрқырап, көпір астындағы суға ағады. Сол судан ішкен жанның бәрі жазылып, көзі жоқтың көзі ашылады. Әулиелік махаббаты бітіп, аузынан аққан ақ көбік су таусылып, орнына насыра атты зат пайда болды. Содан ол «Нұр Ата» атанды. «Сайрамда бар сансыз баб» атанғанның мағынасы осы. Отырар деген жер – Арслан Бабтың күмбезі тұрған жер. Сыр суының күн шығыс жақ жағасында – мұнда отыз әулиенің шаһары болған. Мынадай Хараба ерді, Әмір Темір көрегеннің бай атақты сондай ерді айырды. Бұл күнде шөл болып қалған. Әмір Темір арығының орны бар, ескі арықтардың сусыз болып қалған арналары бар. Малик-и Балқия дейтін түркістандық Абд ал-Халимнің зияраты Арслан Бабтың күмбезінің оңтүстігінде. Абд ал-Халиқ ханның зияраты да сонда, «Отырарда отыз баб» атанған.

                                                                      Садық Сапабекұлы, 124-125б.


Пайғамбарымыз миғаражға (көкке) шығып бара жатып, үш адамның ұрқын (жанын) көріп таңданып:

— Бұл сәулетті ұрықтар кім болады? — деп жанындағы Жебірейілден сұрапты-мыс. Жебірейіл бұл сіздің үмбеттеріңіз: 1) Имам ағызам, 2) Ғаусыл ағызам (Қожай пауадын) 3) Қожа Ахмет Ясауилер депті-міс. Қожа Ахметке тапсырғайсың деп, пайғамбарымыз өлерінде Арыстан деген сақабасына бір құрма беріп кетіпті (...). Арыстан бес жүз пәлен жыл жасап, сол құрманы Әзіретке  тапсырыпты (...).

Ж.Аймауытов


Халық арасындағы әңгімелер мен тарихи деректерге жүгінсек, Арыстан бап Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы деген тұжырым бар. Соның бір айғағындай, Арыстан баптың есімі Қожа Ахметтің «Хикмет» атты өлендер жинағында бірнеше рет аталады.

Ал бұл туралы ел аузындағы аңыз-әңгімелер былай өрбиді: Мұхаммед [с.а.у.] дүниеден өтерде өзінің дінін ұстаушы, исламға адал берілген мүриттерін жинап: "Мен көз жұмғасын, бірнеше жүз жылдан кейін менің ілімімді жалғастырушы бір әулие дүниеге келеді. Соған менің аманатымды кім сақтап, еш қиянат жасамай, жеткізіп береді?"-деп сұраған екен. Сонда топ ішінде тұрған Арыстан бап: «Уа, аса қадірлі пайғамбарым, егер маған сенсеңіз, аманатыңызды мен жеткізіп берейін!» - депті басын ие тағзым етіп.

Сол кезде Мұхаммед [с.а.у.] Арыстан бапқа бір түйір құрма жемісін беріпті. Осы құрманы Арыстан бап бес жүз жыл тілінің астына салып, бойтұмардай сақтаған екен.

Бұл екі арада Арыстан бап әбден қартаяды. Бірақ аманатты сұрап ешкім келмейді. Содан Арыстан бап, бәлкім, кездесіп қалармын деген үмітпен ел аралап шығады.

Талай-талай елдерді кезіп, жер-жаһанды шарлайды. Содан Отырар өлкесіне жеткенде, Арыстан баптың жанына бір бала жақындап келіп: «Ата, менің аманатымды бермейсіз бе?» - дейді.

Сол жерде Арыстан бап: «Қарағым, іздегенім сен едің, міне аманатың», - деп, тілінің астындағы құрманы алып беріпті. Ал ол бала Қожа Ахмет екен.

Пайғамбардың аманатын тапсырған Арыстан бап сол жерде қаза болып сонда жерленіпті.

А.Дүйсенбі


Мұхамед [с.а.у.] 63 жасында дүниеден өтті. Дүние саларында халықты жинап: «Мен дүниеден қайтып барамын, кім менің аманатымды алып, ісімді әрі жалғар екен», - деген. Сол кезде топтан 300 жастағы Арыстан бап (Саламани Фарс) үн қатады. Ол сол кезге дейін отыз үш түрлі дінді білген, бірақ тек исламға ғана мойынсұнған адам екен. Арыстан бабтың келісімін алған Мұхамед [с.а.у.] Алламен ақылдасуға аттанады. Оның ризашылығын алған соң, аманатын Арыстан бапқа тапсырып, «болашақ менің бір ізбасарым дүниеге келеді, мына аманат құрманы соған жеткіз», -  депті. Содан 500 жыл өткен соң, далада келе жатқан Арыстан бапқа 11 жасар бала жолығып: «Ақсақал аманатымды беріңіз?», - дейді. Сол бала (...) Ахмет Ясауи екен"

А.Дүйсенбі


Қожа Ахмет өлерінде маған келетін адам ең алдымен Арыстан бабтың басына зиярат етсін деп өсиет қылыпты. "Арыстан бабқа әрине, Түркістандағы Әзірет Сұлтаннан тіле" деген сөз содан қалыпты.

Ш.Керімтегі, 235 б.


[Қожа Ахмет Ясауи] (...) тіпті «жалаң аяқ, жалаң бас, жыртық шапан киіп жүреді екен, көшеде жүрген көрінген бала-шаға қожа Ахметті жынды деп қуалап сабайды екен, ол сонда да «қолдарың ауырып қалды-ау»,— деп оларды қайта мүсіркейді екен.

О.Дастанов, 6б.


[Қожа Ахмет Ясауи] (...) Ясыға келген соң асасын бір жерге шаншып жүре берсе, соңынан бір арық су ере беріпті (...). «Осы секілді қожа Ахмет памдат таң намазының парызын Ясыда оқып, сүндетін Мекеде өтейді екен, сол үшін оған күнде ғайыптан бір ақ түйе келеді екен. Немесе бірде қожа Ахмет Яссауи, Бахауаддин, Жанабығауыс үшеуі Құдайдың жүзін көрмекке кереметтің күшімен көкке ұшыпты (...), сөйтіп «Ғарш-ағладағы седат-ул мүнтаһән» деген ағашты Жанабығауыс он бір, Қожа Ахмет Ясауи тоғыз, Бахауаддин жеті айналып қоныпты  (...).

О.Дастанов, 33б.


Сол кезде Ясы қыстағында кұмар ойынды еліктеген құмарпаздар көп болса керек. Қожа Ахмет күнде құмарханаға барып, соның босағасында отырады екен. Олар: «Неге ойнамайсың?», - десе, ол: «Сендердің ойындарыңа қатысқандар ақшасынан айрылады екен, ал біздің ойынымызға қатыссаңдар, қайта күніне  жиырма  тиын табасыңдар»,— дейді. Ол кезде жиырма тиынға үй-ішімен бір апта бойы күн көретін болған соң, бұл ұсынысқа келісетіндер де табылады. Сөйтіп, Қожа Ахмет күнде бір адамды еліктіріп ертіп келеді де, зікірханасына апарып, зікір салуды үйретеді. Ақшаға қызыққан байғұстар серіктерін үгіттеп, қатарларына тартады. Қожа Ахмет оларды сопылыққа баулиды да, қойған шарттарына әбден мойын ұсындырған соң оларды дінді тарату үшін ел ішіне жібереді.

О.Дастанов, 7б.


Бір күні Ясауи шәкірттеріне дәріс беріп отыр еді, кенеттен көшеде өтіп бара жатқан бір дуананы көріп «Ұстаз» деп алдынан шығып, қолын беріп амандасты. Сонда шәкірттері: «Біз мұны әулие деп жүрсек, өзі қайдағы бір дуананы ұстаз деп қолын алып жүр ғой», - деген ойға қалады. Мұны сезген Ясауи шәкірттеріне: «Бұл кісі маған иттің балиғатқа толғанын айыруды үйретіп, біліміме білім қосып еді. Сондықтан мен оны құрметтеп, өзіме ұстаз санаймын»,  - деп, шәкірттеріне ұстазды қалай құрметтеу керектігінің үлгісін көрсетеді.

А.Дүйсенбі


Ахмет Ясауидің атағы атырапқа жайылғанда,  шәкірттерінің саны жүз мыңға жеткен. Ахмет Ясауиді қызғанғандар да болған, олар жала жаба бастайды. Ахмет Ясауи әзіреттері оларға сабақ беру үшін, шәкірттерінен оң қолын әрдайым таза ұстаған Қажы атаны таңдап, мына құтыны Қорасанға апарып, бәріне көрсет дейді. Қажы ата айтылған жерге барғанда, барша халықпен бірге жала жабушылар да келеді. Құтыны Қожа Ахмет жібергенін айтып, ашып қалғанда, аппақ мақтаға оранған қып-қызыл шоқты көріп бүкіл халық таң қалды. Жала жапқандар қате әрекет еткендерін түсініп, кешірім сұрайды.

Көркем Сәрсен


Қожа Ахмет Ясауи жас күнін Сайрамда, әкесі Ибраимнің үйінде өткізді. Ол кезде Түркістан қаласы көтеріліп, Сырдария мен Арқа қазақтары саудамен сонда көп жиналатын. Қожа Ахмет оларға үлгі айту үшін Сайрамнан Түркістанға келеді. Ол кісінің Түркістанға келгенін ескі қазақ тайпалары (қыпшақ, қоңырат) аса жақсы көріп, Арал теңізінің бойындағы ұлыстар оған арнап құстай ұшатын жүйрік Ақ мая әкеліп тартады. Аңыз бойынша, Ясауи таң намазын Түркістанда оқып, Ақ маясымен ұшып барып кешкі намазды Мекеде оқитын болған.

                                                                                   Әлкей Марғұлан, 52 б.


Ахметтің есімін естігенде сырқаты барлар Түркістанға қарай  ағылыпты, әулие олардың кеселдерін жазып жібере беріпті. Оның  даңқы шартарапқа таралады.

Қожа Ахмет азандағы намазының екі бас сүндетін Түркістанда,  екі бас парызын Меккеде оқиды екен. Ол әрдайым ақ атанына мініп,  бұлттың үстімен ұшып  баратын  көрінеді. Бірде әулиенің ғажайып  қасиеттеріне күмәнданған бір жігіт оған келіп: «Сен әулие емессің,  алдаушысың», - деп әжуалайды. Қожа Ахмет оның сөзін сабырлы  қалпымен тыңдап шығады да:

— Ертең азанда маған кел, екеуміз Меккеге барып намазды сонда  оқимыз, — деп жауап қатады. Уәде бойынша әлгі жігіт ертеңіне  Қожа Ахметке келеді. Кенеттен аппақ қардай ақ атан пайда болып, әулиенің алдына келіп шөгеді. Қожа Ахмет жігітке:

— Артыма мінгес, жол үстінде қашан қонғанша көзіңді апша, - дейді. Жол үстінде әлгі жігіт шыдамсыздық танытып, айналасына  қарамақшы болғанда, сол күйінде жолға құлап түседі. Ол Жолбарыс  патша ордасының үстіне түскен екен. Патша оны ағашқа байлап өртеп  жіберуге әмір қылады. Енді өлтірмекші болғанда, Меккеден оралып келе жатқан Қоха Ахмет оны ағашымен бірге көтеріп кетеді. Бұл кереметке таңданған Жолбарыс патша Қожа Ахметті іздеп  келіп, өлгенше қызмет етіп өтіпті.

Ш.Керімтегі, 233-234 б.


Қазан хан Ахмет Ясауидің жұма намазын оқуға мешітке келмегенін байқап, Қожаның ең жақын сырласы Сопы Мұхаммед Данышпан Зарнуқидан хабар беріп жібереді. Ол кезде жұма намазы үшін салауат оқылып жатқан еді. Сопы Мұхаммед жан ұшыра жетіп барып, қорқа-қорқа шайқының алдына кірген кезде, ол: «Ей, Сопы Мұхаммед, кел маған жабысып ал, бірге жұма намазына жетейік», - дейді. Сопы Мұхаммед Қожаның әмірін екі еткізбейді. Сол-ақ екен, мешіттің ішінде сапқа тұрғандардың арасында тұрғанын көреді. Жұма намазы бітер-бітпес бұл таңғажайып оқиғадан әлі есін жия алмаған Сопы Мұхаммед шайқысын қанша іздесе де таба алмайды. Жеті рет мешіттің есігіне барып-келеді, бірақ мұнысынан түк те шықпайды. Сөйтсе, мешіттің қызметшісі сырға қанық екен. Сопыға: «Ей, дәруіш, бұл жер Мысыр, ал бұл жәми (үлкен мешіт) «Жәми Әзхар», - дейді,  -  «Іздеп жүрген досың қаншама заманнан бері жұма намазын осы жерде оқып жүр». Сопы бір апта сол жерде қалғаннан кейін, шайқысын тауып алып, қайтадан көзін ашып-жұмғанша қылуетханаға келеді.

Қожа көргендеріңді барып хабарла деп сопыны жұмсап жібереді. Сопы келеді, басынан өткен-кеткендерін жеке-жеке айтып береді. Бұл уақытта муаззиндер (азан оқушылар) әлі салауаттарын да бітірмеген болатын. Бұдан кейін Қазан хан мен маңындағылар Қожаның ұлылығына көздері жетеді.

К.Коч, 55 б.


Қожа Ахмет Ясауи сонау кішкентай күнінен бері Пайғамбардың   сүннетін   берік   ұстанатын.   Сондықтан алпыс  үш  жасына келер-келмес  Әзіреті Пайғамбар  63 жасында мынау фәни дүниеден көшкені үшін Қожа Ахмет Ясауи де сүннетті берік ұстағандығынан жер астына түспекші     болады. Теккенің (дәруіш, сопылардың жиналатын жері) бір жағынан    құдық    қаздырып, баспалдақпен түсетіндей етіп жасайды. Жол ашып, шикі кірпіштен кішкене бөлме жасайды. Әзіреті Ілияс пен Әзіреті Қызырдың да қолдауымен жүздеген жылдар бойы бұл құрылыс бұзылмай сақталған. Ахмет Ясауи ол жерден бір шұқыр (қабір сияқты) қазып, сол жерді мекендейді. Қабірді еске түсіретін осы тар жерде Аллаға зікір еткен кезде, тізелері кеудесіне үйкеле-үйкеле тесіліп қалған екен.

К.Коч, 53 б.


 

Зиярат тәртібі және Әзірет Сұлтан кесенесі мен ондағы жәдігерліктердің қасиеттері туралы

 

Әулиенің күмбезінің есігі оңтүстік есігінен қазан тұрған күмбезге кірген соң, құбыла жағы  шетінде Жолбарыс хан[ға] (Сағд әулиеге) зиярат қылады. Онда мүйізді бастар қойылған, үстіне жолбарыс терісі жабылған. Бұдан кейін намаз үкімі орындалатын орынға кіріп, бәріне бас иіп, екі бас намаз оқып, сауабын әзіздердің рухтарына бағыштап, Бағдизан (Азизан) Ақ топырақ Әулие тұрған сарайға кіріп, көңілге алған паруардигарларға шын ниетімен топырақ үйгеннен кейін, ләмқана есігінен кіріп, Қазіреттің құбыла жағына жатқан орнынан бері бұрып, «Фатиха», «Ыхлас», «Айат ал-Курси», «Мүлк» сүрелерін оқығаннан кейін, ғимараттың қазан тұрған үйіне шығып, барлық бөлігін айналып, Сұлтанымызға зиярат қылып, оның рухына арнаған нәзір-нияздарды қожаларға таратып, ада қылғаннан кейін Марқади Мунаууара Пәклер жатқан жайға барып, дегдар, мүбарак құлдар ұстаған тәспілерді көзге сүртіп, бетті топырақпен сүрткеннен кейін, ғылымға әйгілі болған, уәлилер қатарында болған Әбділдә ханға зиярат қылғаннан кейін, арғынның ақ сарайына кіріп, орта жүз қазақ халқының арғын, найман, қоңырат тайпаларының өткен әзіздеріне дұға қылып, Сұлтанның шығыс жағындағы Қоқырас хан, Шорнағат хан, Ілияс хан, Сүйінші қожа хан, Бибі Хисаб, тоқсан тоғыз мың машайық, сексен сегіз мың саруар, жетпіс мың абдал, жиырма екі мың мүфти-қазылар, жүз жиырма мың мударрис, муддайық, он екі мың көшхи, он алты букадил – бұлардың бәрі де осы күмбезде болғандар, бәрі де зиярат қылып кеткен сахабалар. Қазаққа аты шыққан, арғын ұрығынан Қазыбек би (шешен), Жәнібек батыр, керей Жәнібек шоң (ірі) би, бұларға зиярат еткен соң, күмбездің асты-үстінде қырық сегіз құжыра – үш жүз алпыс дәрежелік, барлығын түгел аралап, алты мың алты жүз алпыс алты аят түгел жазылған күмбезді көріп болған соң, Сұлтанның зәмзәм-шарап құдықтарынан су ішіп, бұдан ас қазандар[ы] тұрған үйге кіріп, бұдан кейін алпыс үш жыл жер астында жатқан хилуетханаға кіріп, зиярат қылғаннан кейін, тоқсан тоғыз [мың] машайықпен жахр зікірін салған Фам ғашыққа зиярат қылып, мұнан соң Қазіреттің пірі һәм ұстазы шайық Шихаб ад-дин саруар әулиеге зиярат қылып, бұдан соң Сұлтанымыздың Гауһар атты қызын алған Әли қожа атаға зиярат қылып, мұнан кейін Шайық Наджим ад-дин әулиеге зиярат еткеннен кейін, батыстағы Баба Ғарибға барып, жеті атаға зиярат қылып, Үшбас атадан айналып, Тақаниға жеткен адам, жеті атаның бір ұші Сұлтанның Ибраһим[і]нің шахид болған жерінен шығып, күн шығысында тоқсан тоғыз мың қашырға кітап артып, сексен сегіз мың әскермен келген Имам Марғуз – Көктонды атаның орнына зиярат қылып, он екі шақырым жердегі Құшшы атаға зиярат ету керек. Бұларды бітіріп болғаннан кейін, күн батыстағы қырық сегіз шақырым жерде Арслан бап әулиеге барғанда Сұлтанның айтқаны: «Барып Арслан бапқа түнесін, менен келіп тілесін, Арслан бапқа түнемесе, менен нәрсе тілемесін», -  деген. Бұл Арслан бап әулиенің кім екенін баян қылдық. Түркістанда – түмен бап, Отырарда – отыз бап, Сайрамда – сансыз бап, баптардың бабы – Арслан бап.

                                                                    Садық Сапабекұлы, 123-124б


 

Қожа Ахмет Ясауи және Әмір Темір

 

Тарағай би түсінде көзге түрткісіз белгісіз қап-қараңғы түнде бір жартастың төбесіне шығып тұрады. Сол кезде оған қаз мойын, қамыс құлақ ақбоз атқа мінген ақ сәлделі, ақ шапанды, ақ сақалды бір қария келіп; «Тарағай балам, мен Қожа Ахмет Ясауи деген атаң боламын. Әдейі өзіңмен жолыкқалы келдім, мына қылышты қасыңа алшы», - деп, Тарағай бидің қолына алмастан соғылған қылышты  ұстатады.

- Ал енді қылышты онды-солды сілте, - дейді қария. Тарағай қылышты оң қолына алып, онды-солды сілтей бастағаны сол-ақ екен қылыштың жүзінен шыққан от жалынға айналып, бүкіл төңіректі жап-жарық етіп жіберіді. Тарағай би оянып кетіп, түсін бір ғұламаға жорытады.

А.Дүйсенбі


[Әмір Темір жайында әңгіме көп]. Соның бірінде «Ғайып Ерен қырық шілтендер жиналып  мәслихат құрғаны, оған Қожа Ахмет Ясауи, Бахауаддин, Жанабығауыс қатынасқаны айтылады. Ясауи: «Мен (...) Темірді ұсынамын, ендігі хан Темір болсын», - дейді. Сөйтіп айдалада сиыр бағып жүрген Темір ұшып тұрса, жанағының бәрі түсі екен. Бірақ түс болса да қуанғаны соншалық, сиырын тастап бет алдына жүре береді. Әйтеуір бір кездерде Самарқанд шәһәріне кіре бергенінде, халық алдынан қарсы алып, хан көтереді. Сонда ол: «Менің осындай болуыма себепкер – Қожа Ахмет Ясауи деген әулие. Сондықтан оның қабірі қай жерде болса да тауып, үстіне әлемде теңдесі жоқ ғимарат салдырамын», - деп ант ішіпті (...).

О.Дастанов, 8-9б.


Ғұлама бір кісі түс көріп жатқанда Ахмет Ясауи аян беріпті: «Сенің шәкірттеріңнің ішінде дінді қатты сыйлайтын әрі келешекте ел билеуші болатын бір бала бар», - депті. «Мен оны қалай білемін?» - дегенде: «Балалардың бәрін жинап алып, торғайдың балапанын алдыр, оны ешкімге көрсетпей өлтір деп бұйыр, сонда білесің», - депті. Ертесіне медресеге келген ұстаз қырық шәкіртін жинап алып: «Барлығың барып, бір-бір шымшықтың балапанын әкеліңдер», - деп бұйырады. Балалар жүгіріп кетіп, бір кезде бір-бір балапаннан алып келеді. Ұстаз оларға: «Енді осы балапандарды ешкім көрмейтін жерге апарып, бәрін өлтіріп келіңдер», - деп бұйырады. Барлығы қайта жүгіріп кетеді де, ешкім көрмейді-ау деген жерге барып, балапандардың мойындарын бұрап жұлып, ұстаздарының айтқанын орындайды. Ішінде бір бала ғана балапанды өлтірмей қайта әкеледі. «Сен неге өлтірмедің?» - деген сұраққа: «Ешкімге көрсетпе дедіңіз ғой, ешкім көрмегенмен, Құдай көріп тұр, өлтіре алмадым», - деп жауап беріпті. Сонда ұстаз келешек ел билеушінің осы екенін білген екен. Ұстазы оған ерекше көңіл бөліп жүріпті.

С.Құрбанқожаев


Бір ұлы дін ғұламасы бір күні шәкірт балаларын жинап алып «Бәрің бір-бір торғайдан ұстап, оны ешкім көрмейтін жерге апарып, өлтіріп әкеліңдер», - дейді. Балалардың ішінде бір өжет шәкірттен басқалары ұстаздарының айтқанын орындайды. Торғайды өлтірмей тірі әкелген баладан ғұлама: «Сен неге құсты өлтірмедің?», - дейді. Сонда бала: «Ешкім көрмейтін жерге апарып өлтір, - дедіңіз. Мұны бір пенде көрмесе де, Құдай көріп тұрады ғой. Сондықтан өлтірмедім», - дейді. Ғұлама ойланып қалады. Шәкірттерді сынау үшін бұл істі ұстаз Қожа Ахмет Ясауи аяны арқылы жасаған екен. Кейін тағы әулие аян беріп, түбінде әлемді билейтін бала осы – Әмір Темір деп айтып кетеді.

Ораз Қауғабай


Әзіреті Әмір Темір Қызыр әлейкумсәламмен бірге Бұқарға баруға ниет қылады. Жолда Түркістанға соғады. Түркістандық Қожа Ахмет Ясауи Әмір Темірдің түсіне кіреді. «Ей, батыр жігіт! Тез арада Бұқарға бар, иншалла, ол жердегі шахтың өлімі сенің қолыңда, басынан көп нерсе өткен болуы керек, дүйім Бұқар халқы сені күтуде», - дейді. Әмір Темір бұл түстен кейін оянып кетеді, Аллаға шүкір етеді. Ертесі күні Түркістан әкімі Ноғайбек ханды шақыртады. Ахмет Ясауи қабірінің үстіне зәулім сарай салу үшін ақша береді. Түркістан әкімі тамаша зәулім кесене орнатқаны соншалық, күні бүгінге дейін сол қалпы тұр.

К.Коч, 59 б.


(...) Бірде Ақсақ Темір Түркістан өңірінен өтіп бара жатып, бір күн қонады. Сонда ол ұйқыда жатқанда түсіне Қожа Ахмет кіріп: «Тұр балам, Бұқара тарапына аттан, ол жерде сені жеңіс күтіп тұр», - деп аян береді. Түсінен қуанышы қойнына сыймай оянған Ақсақ Темір кейіннен жеңіске жетеді. Өзін Қожа Ахмет Ясауи сияқты үлкен әулие қолдап жүргенін сезген әмір Түркістанда әулие бабаға арнап кесене тұрғызады. Кесенені салдыру үшін әлемнің ең шебер деген ұсталарын алдырады. Бүгінгі кесененің әлі күнге тарихи қалпын сақтауы ұсталардың асқан шеберлігінен болса керек. Иә, осылайша Қожа Ахмет Ясауи кесенесі салыныпты.

Көркем Сәрсен


[Әмір Темірдің өзі]: «Рұм астанасына аттанған кезімде Әзіреті шайқы Ясауи мақамын өзім киелі деп білдім. Қиналып, бір нәрсеге ұшыраған кезіңізде оқыңыз, өйткені мен оны өте киелі санаймын:

Йелда гиджени шеми шебистан иткән,

Бір лахзада әлемні гүлистан иткән,

Бес мүшкіл ішім түшүбдүр асан иткән,

Еу, барчаның мүшкіліні асан иткән.

Мен бұл рубайатты жатгап алдым.  Қайсари-Рұм әскерлерімен ұрыс кезінде мұны 70 рет оқыдым. Жеңіске жеттім», - [депті].

К.Коч, 59 б. (сілтемеде)


Әмір Темір өзінің шатыры алдына ағаш қадап, оған қоңырау байлап қояды екен. Кімде-кім сөйлесуге келсе өзі онымен ауызба-ауыз сөйлесетін болған. Сөйтіп олар еш кедергісіз әмірдің өзімен сөйлесуге мүмкіншілік жасалатын болған.

Бір күні таңертең ерте есік алдындағы қоңырау шылдырлайды. Уәзірі Әмірге келіп, келіп тұрған адам емес ақ жылан екен дейді. Темір сауытын киіп тысқа шықса, шын мәнінде қоңыраудың арқанына оралып тұрған ақ жыланды көреді. Жылан Темірді көріп арқаннан сытылып түседі де тәжім қылады, сөйтіп соңымнан ер дегендей ишара білдіреді. Жылан жылжып отырып тауға келіп үлкен үңгірге кіреді. Онда тола ақ жыландар бар екен, олар Әмірге екіге айырылып жол ашады. Түкпірде үлкен сандық тұр,соны аш дегендей белгі береді Темір сандықты найзасының ұшымен ашып қалса, ішінен дәу қара жылан шығады. Темір оны қылышымен шауып өлтіреді. Бұл жағдайдан Темір жыландардың да кәпір, мұсылманы болатындығын түсініпті. Ақ жыландар мұсылман екен да, қара жыландар кәпір екен, сол қара жылан ақ жыланның ұрғашысын тартып алып, сандық түбінен шығармай жатыр екен. Темірді ертіп келген ақ жылан оған сандық түбінде жатқан айнаны ал деген ишара жасапты. Бұл айна Сүлеймен пайғамбардың   сиқырлы айнасы  көрінеді. Сол айнаны алғалы Әмір Темір көреген болғандығы осыдан қалған дейді.

  Әмір Темір жаңа жорыққа дайындалып жатқанда, бұл жолы Қытай жерін жаулап алмақшы болып, қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Темір станциясы жерінде тоқтағанда, күн суық болып, оған суық тиіп ауырған көрінеді. Өзінің қайтып оңалмасын, ажал жеткенін сезіп, Әмір Темір жанына аздаған сенімді сарбаздарын жинап, өсиетін айтқан екен. Екі үлкен терек ағашын кесіп алып, оны көлденеңінен қиып тор жасаңдар да, ортасына мені қойып алдыңғы жағынан екі, соңынан екі ат жегіп Самарқантқа жеткізіңдер деген екен. Сөйтіп, қаланың оңтүстік қақпасындағы үлкен мешітке барып, песін намазын оқып отырғанда, ақпан айында кенеттен қайтыс болады. Сол заманның өзінде омарташылар болған көрінеді, мәйітті балға орап, Самарқандтқа жеткізіп, қазіргі Гүр-Әмір кесенесі тұрған жерге жерленген екен.

А.Дүйсенбі


Әмір Темірдің жорықтарда жолы болмай жүреді. Бір істермен   Түркістанға келгенде әулие түсіне еніп: «Менің басыма кесене салдыр. Әлемге атың кетеді, - дейді. Патша құрылысқа    кіріскенде жұмыс   өнбей, күндіз    біткен істер түнде бүлініп, қабырға-дуалдарды мал құлатып, ұста-шеберлерден маза кетсе керек. Тосын қырсыздыққа   қапаланып,   ренжіп жүрген Әмір Темірдің түсіне тағы Әзірет Сұлтан кіріп: «Кесене-мазарды аддымен Отырарда жатқан менің ұстазым Арыстан баптың басына салдыр, содан соң Түркістандағы маған кел», - дейді. Патша әулие аян-өсиетін орындап, Арыстан бапқа мазар тұрғызған соң, Ясауидің қазіргі ұлы кесенесін салуға кіріседі.     

Ораз Қауғабай


Күндердің күнінде Ақсақ Темір ел билеуші болып, жорыққа шыға бастаған кезінде Қожа Ахмет Ясауи түсінде аян беріпті. «Сен менің басыма ғимарат тұрғыз, менің әруағым сені демеп жүреді», - депті. Сонда Ақсақ Темір: «Мен сені қайдан табамын?», - дегенде, «Жолды мен өзім көрсетіп отырамын», - деген екен. Сонымен [тәуекелге] бел байлап, Ақсақ Темір Қожа Ахметті іздеп шығыпты. Ұзақ жүріп, Түркістан шаһарына келгенде, түсінде аян беріп, жатқан жерін айтады. Таңертең ертерек барып қараса, шынында да, кішкене ғана мазарат тұр екен. Құран оқып, ертесіне іс бастапты. Кешке дейін біраз дуал қалап қойған екен, таңертең барса, бұзылып жатқанын көреді. Басына қарауыл қояды. Таң алдында ұйықтап кетіп, кімнің бүзғанын білмей қала береді. Болмаған соң үшінші күні өзі барады. Таң алдында ұйқы қысады, ұйқыға бой алдыра берген соң қолын қанжармен тіліп жіберіп, ұйықтамау үшін тұз сеуіп қояды. Сонымен бір кезде қараса, үлкен өгіз келіп, дуалды майқандап жатыр екен. Не істерін білмеген Ақсақ Темір ойланып қалады. Түсінде Қожа Ахмет тағы да аян беріп, былай депті: «Ол көк өгіз Арыстан баптың аруағы, саған қапаланып бұзып тастап жатыр. Ол – менің ұстазым, сен оның аруағын аттап өттің, сол үшін алдымен оның басына ғимарат тұрғыз. Содан соң маған қайта келерсің», - депті. «Мен оны қалай табамын?» - дегенде, «Мен өзім жол сілтеп отырамын», - деп жауап береді. Сонымен ерте тұрып, Отырарға бет алады. Кешке сонда жетіп, ұйықтап жатқанда, түсінде аян беріп, жатқан жерін көрсетеді. Таң ата, ерте басына барып, Құран оқып, құрылысты салуға кіріседі. Басталған құрылыс ойдағыдай аяқталған соң, демалып жатқанда және түсінде аян беріп: «Міне, енді сәтті болды, енді келіп менің басыма ғимаратыңды салдыра бер», - дейді. Сонымен Түркістанға қайта келіп, Қожа Ахмет мешітін (кесенесін) салуды бастаған екен. Бірақ құрылыс жұмыстары жақсы жүріп жатқанда, Самарқанда басқа бір қауырт жұмыс шығып, құрылыс салып жатқан ұста сол жаққа кетіп, көптеген себептермен қайта оралмаған-ды. Содан ғимарат құрылысы толық бітпей қалады. Сол кезден бастап Ақсақ  Темір   жорыққа   шығар   кезінде   үнемі   Түркістанға  келіп, Ахмет Ясауидің басына зиярат етіп, ас беріп, тайқазаннан дәм тату әдетке айналған екен. Сондай бір сапармен келгенде, қатты сырқаттанып, осы жерде қайтыс болған деседі. Оның айтқан өз өсиеті бойынша, ол Самарқанға қайтуы керек еді. Бірақ халық арасында шу шықпасын деп, білдірмей, «әмір науқас» деп, жол жүріп кетеді. Сол жолда Отырардан бері жайласқан Темір стансасына келгенде, бір демалыс жасаған көрінеді. Соның құрметіне «Темір» аталып кетіпті. Содан Темірлан деген жерге барғанда, халық Ақсақ Темірдің қайтыс болғанын біліп қойып, сыр ашылған көрінеді. Міне «Темірлан» аталуы содан шыққан екен деп ел аңыз етіседі. Ол Темір арқылы лаң шықты деген ұғымды білдіреді. Бұған қосымша, парсы тілінде ақсақ дегенді «ланг» немесе «ләң» дейді, содан қалған «Темірлан» аталуы да мүмкін ғой. «Темірләң», яғни Ақсақ Темір, қалай болғанда да,осы әңгімелердің бір шетінде шындық жатқаны ақиқат.   

С.Құрбанқожаев, 139-140 б.


Ақсақ Темір әулиенің қабірі басына үлкен мазар тұрғызуға әмір береді. Мазар қабырғасын қалай бастағанда, ойда жоқта көк өгіз пайда болып, мүйізімен әлгі құрылысты қиратып  кетеді. Ашуланған әмір қызметшілерін шақырып, мазар құрылысын  қайта   бастауға пәрмен қылады. Мазарды көк өгіз тағы да құлатып  кетеді.

Әмір түс көреді. Түсінде ақ сақалды шал аян береді: «Әуелі мазарды Арыстан баптың басына тұрғыз. Ол – менің ұстазым». Ақ сақалды қарттың Қожа Ахмет екенін сезген әмір  мазарды алдымен Арыстан бапқа салдырған екен.

Ш.Керімтегі, 235 б.


Ғимараттың ірге тасы қаланып, кісі бойы болғанда, түнде қирап қалады. Мұның мәнісіне түсінбеген олар күндіз қайта қаласа, түнде тағы да қирайды. Сөйтіп бұл жағдай бірнеше рет қайталана береді. Мұнан соң себебін анықтау үшін бірнеше кісіден түнде күзет қойылады. Түн ортасы ауған мезгіл болса керек, бір үлкен көк өгіз келіп, қаланған кірпішті мүйізімен бұза бастайды. Күзетшілер жабылып ұстайын десе де ұстатпай, айбат көрсетіп, өгіз кетіп қалады. Күзетшілер көрген оқиғасын ертеңінде Ясының ханына баяндайды. Хан сасқанынан Қожа Ахмет Ясауидің аруағы үшін бірнеше мал сойдырып, құран оқытып, «е, баба, енді мұның амалын өзін тап!», - деп жалбарыныпты (...). Сонда Қожа Ахмет Ясауи түсінде аян беріп: «Ол – Зеңгі баба ғой, егер ғимаратты алдымен соған тұрғызбасаңдар, ол сөйтеді, менің оған берген уәдем бар», - депті (...). Мұнан соң Қожа Ахмет Ясауиге арналған кірпіштен қолма-қол тасып, әуелі Зеңгі-бабаның ескерткішін тұрғызыпты.

О.Дастанов, 9б.


Әуелде Қожа Ахметтің басына кесене орнату Әмір Темірдің ойына келмеген жайт. Бұған әсер еткен сарай ақыны Кермани. Басқалар азуы алты қарыс Әмір Темірге қарсы бір ауыз сөз айта алмайтын. Ал Кермани: «Хандар, патшалар дүниеге өлім себеді. Олар – өмірдің жауы. Дүниеге өмір ұрығын себушілер – аналар. Оларсыз өмір жоқ. Бәріңнің де аналарың, балаларың бар, кілең бұқадан бұзау тумайды. Балаларды тауып, өркенімізді өсіріп, көсегемізді көгертіп отырған аналар ғой. Ана болмаса, хан мен патша қайдан шығады», - дейтін.

Бірде көңілі тасып, ойы шалқып отырған Әмір Темір оған:

- Кермани, егер мен сатылатын болсам, сен қанша берер едің? - деп сұрағанда, ол: - Жиырма бес мың әскер, - деп жауап беріпті.

-   Мынау не дейді! Бұл менің белбеуімнің ғана құны емес пе? - деді қатқыл дауыспен қатал әмірші.

- Мен сенің белбеуіңді ғана ойлап отырмын. Ал өзің түкке де тұрмайсың, - дейді Кермани.

1381 жылы Әмір Темір Герат қаласын жаулап алады, содан соң бүкіл Персияны жаулап алу үшін жорыққа аттанарда кеңес құрады. Мұны Кермани ұнатпай:

-  Уа, ханым, сонау Қаратау мен Алтайдан бастап,   қалың  еліміз  жатыр,   бөтен   елдерді  жаулаймыз деп жүргенде солтүстік жақтағы көршілеріміз және басқалары елімізді шауып, жерімізді жаулап алмасына кім кепіл, - дейді. Әмір Темір үнсіз, ұзақ ойланады, содан соң: - Иә, солай болуы да ғажап емес. Бірақ бағымыз жанып, ісіміз ілгері басып тұрғанда ат басын кері бұрғанымыз қалай болар екен? -деп сәл ойланып алып: - Менімше жат діндегілерді өз еріктерімен бізге келіп қосылатын, бас идіретін бір амал ойлап табуымыз керек. Ол үшін шекараға жақын жерден көркі көз тартарлық сымбатты ғимараттар, сағаналар, қасиетті таңбалар, кесенелер салумыз керек. Олар ата-бабаларымыздың рухын асқақтатып, дұшпандарымыздың мысын басып тұрсын. Сонда олар бізге ез еріктерімен келіп бағынатын болады.   Осыған сен не дейсің? - деп Керманиге қарайды.

-   Сөзіңіз орынды. Әуелі Ахметтің басына кесене орнат, - дейді.

-   Осы Ясы қаласындағы зиратқа үш Ахмет жерленген. Солардың қайсысының басына кесене орнатқан жөн, - дегенде, Кермани Қожа Ахметтің атын атайды.

Оның осы пікірі Әмір Темірді ойға шомдырды, үш Ахметті ой таразасына салып, таразылайды, үш Ахметтің бірі – сұлтан болған Ахмет, екіншісі – Құбылайхан Ханбалықты алғанда әскерінің оң қанатын басқарған атақты қолбасшы Ахмет, ал үшіншісі – олардай мансабы зор, билік иесі емес, қатардағы ислам дінін насихаттаушы сопы Ахмет. Оны бүкіл халық жақсы көреді. Хикметтерін қолдан-қолға түсірмей оқып жүр,  қаза болғанына екі жүз  жыл өтсе де, басына келіп дұға жасаушылар әлі толастар емес.

Сөйтіп Алланың құлы, Мұхаммед (с.ғ.у.) пайғамбардың үмбеті, ислам дінінің насихаттаушысы Қожа Ахмет Ясауидің басына кесене тұрғызғанды жөн деп табады. Оның үстіне туған шешесі Сақыпжамалдың мәйіті осы жерде. Өзінің кіндік қаны да осында тамыпты:

Әмір  Темірдің  шешесі  Сақыпжамал  оған  екіқабат кезінде түс көреді, түсінде жылан туады. Ол көз алдында үлкейіп, айдаһарға айналады. Айдаһар әуелі Сақыпжамалды жұтып қояды, содан соң елдің ханы Тоқталықты жұтады. Осы түсін үйіне келген кемпірге айтады. «Басқа пәле тілден» деген емес пе, әлгі кемпір  сатқындық жасап, Сақыпжамалдың түсін ханға жеткізеді. Хан Сақыпжамалды шақыртып алып,  ішін  жарып,   мазардың  ішіне  көмусіз  тастап  кетеді. Сақыпжамалдың туған сіңілісі артынан апасының жатқан жеріне барғанда, жылап жатқан сәбиді көреді. Оның кіндігін тісімен қиып, етегіне орап әкетеді. Алла тағаланың рахымы   күшті ғой! Қыз емшегін тосқанда, сүт ағып кетеді. Сәби сүтке тояды. «Алладан ажал келмесе, балталаса да өлмейсін» деген осы. Әмір Темір ат жалын тартып мініп, ержеткенше шын шешесінің кім екенін білмеген.

Қожа Ахметтің зиратына келушілер көп, кесене Ахметтікі болғанымен, ол шешесіне де ортақ. Дұғадан да қалмайды, оның аты қоса айтылмай ма. Сонымен бірге әлемдік ғимарат салса, мұны пәлен салдырып еді демей ме, өзі өлсе де артында ол қалдырған кесене қалады, келген жұрт өзін де еске алады. Әлемде сирек кездесетін кесене салдырғаны үшін кім сүйсінбес,   алғыс  айтпас, мұнысы  жағымсыз  істерін жуып-шайып кетпей ме?

Кесене салу оңайға түскен жоқ. Бір қиырдағы Персиядан бастап, Самарқаннан, Отырардан, тағы басқа жерлерден он саусағынан өнерлері тамған хас шеберлерді жинады, мамандықтары жоқтарды көмекші жұмысқа жекті.

Құрылыс жұмыстарын Темірдің ең сенімді адамдары – Мәулен Убайдолла, Садыр мен ирандық Хасан басқарды. 

М.Жылқайдаров.


Темірдің туған шешесі Сақыпжамал осы баласына екіқабат кезінде түс көріпті. Түсінде ол бала емес, жылан туыпты. Сол жылан көз алдында үлкейіп айдаһар болыпты. Алдымен ол өзінің туған анасын жұтыпты, артынша сол кездегі Сырдария (бұл өзеннің түрікше атауы, ал македондықтар «Яксарт», арабтар «Сейхун» деп атаған) билеушісі Тоқалақты жұтыпты. Бұл түсін екіқабат келіншек үйіне кездейсоқ қонақ болған жолаушы кемпірге жорытыпты. Кемпір сатқындық жасап, бүл түсті Тоқалаққа айтып қойған. Қатал хан екіқабат келіншекті алдырып, өз қолымен ішін жарып, мазардың ішіне көмусіз тастатқан. Сақыпжамалдың туған сіңілісі Теккене жеті айлық, тірі жатқан баланың кіндігін тісімен қиып, баланы алып кеткен. Шешесінің ішіне пышақ салған кезде кішкентай баланың оң аяғына зақым келіп, ақсақ болып туған. Әлгі он алты жасар әлі беті ашылмаған бейкүнә қыздың емшегінен сүт шыққан. Баланы өсірген. Ақсақ Темір өмір бақи шешем, анам Теккене деп кетті. Бірақ шын тарихын өскесін естіген. Демек, Ясы қаласында, Қожа Ахметтің шикі кесектен тұрғызылған мазарының қасында Ақсақ Темірдің өз шешесінің сүйегі жатты, бұл жерге оның өзінің кіңдік қаны тамған еді.

А.Дүйсенбі


Темір өз заманында Қожа Ахмет Яссауи қабірінің үстіне мешіт салдыруды  ойлайды. Ол кісі ұсақ-түйекке мән бермейтін, құлашты кең сермейтін адам. Оның ойынша мешіт кейінгі ұрпаққа көрнекті мұра болып қалғандай, жұрт айта жүргендей мол пішіліп, аса сәнді көрікті болуы керек. Енді сондай жұмыс қолынан келетін асқан шебер ұста іздейді. Жаулап алған елдерінің бар ғұламалары мен ұсталарын жинап алған Темірге ондай адам табу онша қиын да болмаған шығар. Солардың
ішінен біреуін тандап алып, ойын түсіндіріп айтады. Ұста қанша адам, қаржы керек десе, бәрін де тапқызып береді. Кейін жұмыстың барысын өзі мезгіл-мезгіл барып қарап жүреді.

Сол ұстаның әйелі жас, аса сұлу адам екен дейді. Темір бір келгенінде келіншекке көзі түсіп, соған көңілі ауады. Ойына алғанын істеп қалған Темір бір күні ұстаны алыс сапарға жұмсап жіберіп, өзі оңаша қалған келіншектің үйіне қонаққа барады.

Ясауи мешіті сияқты ұлы ғимарат салған ұста Темірдің дәулетінің арқасында жаман тұрмаса керек. Шағаладай ақ отау ішіне кірсең шыкқысыз шашақталған, моншақталған бау-басқұрларының бәрі жібектен тоқылған, табалдырықтан төрге дейін қалы кілем, жібек көрпелер төселген, қызыл-жасыл мақпалмен тысталған мамық көпшіктер тасталған. Үйде Темір мен жас келіншектен басқа жан жоқ, қожайынның ниетін таныған нөкерлері әдейі жоламай екеуін оңаша қалдырған.

Қонағына алдымен шай бергенде келіншек Темірдің алдына бірі қызыл, бірі ақ екі жұмыртқа қояды. Сонан соң:

-Тақсыр ием, алдымен осы екі жұмыртқаны жеп, дәмін байқап көріңізші дейді. Ойы алас ұрып отырған Темір келіншектің сөзін қайтармай екі жұмыртқаның қабығын аршып жеп алады. Енді келіншек:

-Тақсыр екуінің  қайсысы тәтті екен?-деп сұрайды.

-Маған ешқандай айырмасы жоқ, екеуі де бірдей сияқты көрінді, - деп ойында ештеңе жоқ Темір шынын айтады. Сонда келіншек:

-Тақсыр, әйелдер де сондай! Олардың бетінің ақ-қызылына қарамаңыз. Сырты өзгеше болғанымен, заты бір, - дегенде Темір мына әйелдің ақыл-айласына таңданып, әрі өзінің сөз таба алмай жеңілгенінен ұялып, үй иесінің басқа қонақасысына қарамай кетіп қалған екен дейді.

А.Дүйсенбі


 

Қожа Ахмет Ясауидің ата-бабасы, анасы және ұрпақтары туралы

 

Ысқақ баптың ұлы Харун шайық. Оның ұлы Момын шайық. Оның ұлы Мұса шайық. Оның ұлы Ысмайыл шайық. Оның ұлы Хасан шайық. Оның ұлы Осман шайық. Оның ұлы Омар шайық. Оның ұлы Мухаммад шайық. Оның ұлы Ифтихар шайық. Оның ұлы Махмуд шайық. Аның оғлы Ілияс шайық. Оның ұлы  Ибрахим шайық.

Ибрахим шайықтың екі ұлы бар еді. Бірінің аты - Ахмет Қожа және тағы бірінің аты - Садыр шайық еді. Садыр шайықтың да екі ұлы бар еді. Бірінің аты - Әбділмәлік еді және тағы бірінің аты - Данышманд қожа еді. Оның ұлы – Маулана Сафи ад-дин Орұң Қойлақы еді. Әбділмәліктің ұлының аты – Абдал Али еді (Оған Алланың рахметі болсын).

                                                              


Хазреті Әли Шаһ-и Марданның Хазреті үш ұлы болған: имам Хасан, имам Хұсайын, үшінші ұлы имам Мұхассан бала кезінде қайтыс болып кеткен. Имам Хасанның кәнизактарынан 14 ұлы болған. Имам Хұсайынның алты ұлы, бес қызы болған: Али Акбар, Али Асғар, Жағыфар, Абдаллах, Абу Бакр, Ибрахим, Хазрат имам Мұхаммед Ханафия Ямама патшасы Жағыфар ибн Қайыс қызынан туған.

Хазреті имам Мұхаммед-Ханафияның үшінші халифа Хазреті Османның қызы Бибі Шамсиядан алты ұлы болды: Абу Хашим, Абдаллах, Жағыфар, Шаһ Мансур, Абд ал -Фаттах және Абд ал-Маннан.

Біліңіз: имам Жағыфар – Паһулан Ахмад Замшының арғы бабасы, Абд ал-Фаттах Хазрат Сұлтан Қожа Ахмет Ясауи және Исмаил Атаның арғы бабасы, имам Мұса – Хазрат Али Құсши Атаның арғы бабасы болған.

Ысқақ баб, Абд ал-Маннан, Шах Абд ал-Қаһһар және Шаһ Абд ас -Саттардың қасиетті әулет ұрпақтары Түркістан өлкесінде көп болып, түркілердің шайықтары және қылует иелерінен есептеледі.


Хазреті Әли және қожалардың төрт атасының келіп шығуы

Хазреті Әли кей жерлерде халықты дінге кіргізгенде Құранның сүрелері мен аяттарын ретіне қарай пайдаланады екен. Халықтың айтуына қарағанда, Хазреті Әли Құранды оқығанда, оның даусы жеткен жердегі кісілер Құранның киелі сөздерін есіткеннен-ақ жерге бас иіп, дінге кіре береді екен.

Қожалардың негізгі төрт аталарының шығуы туралы:

Бірінші – сейіт әулеттері Хазреті Әли мен Бибі Фатимадан тарағандар. Қалған үш атасының келіп шығуы туралы:

Бірде үлкен қан төгіс соғыс болып жатыр екен. Хазреті Әли бір батырмен қылыштасып жатқан уақытында әлгі батырдың басындағы дуылғысы ұшып кетеді. Сол кезде батыр арқасынан шаштың төгілгенін байқап қалған Хазреті Әли ол батырдың қыз екендігін біліп, жекпе-жекті тоқтатады. Кейін тілге келіп, онан әрі ұрыспайтындығын айтып, Мұхаммед пайғамбарға алып барады. Мұхаммед пайғамбар әңгіменің мән-жайын түсінген соң, ол қыздың кім екендігін сұрайды. Ол өзінің юнан (грек) қызы екендігін және дінінің басқа, яғни христиандық екендігін айтады. «Сен өзің әйел екендігіңді жасырғандығың үшін кінәлісің, бірақ кінәңді өтеуге болады. Егер сен мұсылман дінін қабылдап, Қазрет Әлиге шығып жар болсаң, бәрін кешіруге болар еді». Қыз біршама ойланып барып: «Менің үш өтінішім бар, егер солар орындалса, мен өз келісімімді бердім» - деп жауап беріпті. «Біріншісі, мені өзіңізге өкіл қыз етіп аласыз; екіншісі, Хазреті Әлимен екеумізден туған баланың атын екеуміздің атымызды қосарландырып қоямыз, яғни Мұхаммед-Ханифа (себебі: қыздың аты Ханифа болған), ал, үшінші, біз екеумізден тараған ұрпақты Бибі Фатима мен екеуінен тараған ұрпақтай сейіт әулеті деп қабылдайсыз»,- деген екен. Сонымен Мұхаммед пайғамбар келісімін берді де, сол жерде Хазреті Әли мен Ханифаның некесін қиып, үйлендіріпті. Міне содан бірінші перзенттері ұл бала болып, Хазреті Әли мен Ханифаға ұқсаған батыр жау жүрек болған екен. Оның атын келісім бойынша Мұхаммед-Ханифа деп қойыпты. Осы баладан үш ата тарайды.

Сонымен осы үш атадан тараған қожа ұрпақтары қазір де Қазақстан жерінде көбірек ұшырасады.

Ол үшеуі: Абд ал-Джалил Баб. Кесенесі осы күнге дейін сақталған, Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында Сырдарияның арғы бетінде құмның ішіне тұр. Жан-жақтан адамдар зияратқа келіп жатады, қасында баласы Сейіт Хусайын жатыр. Қазіргі уақытта бұл кісіні лақап аты бойынша Қорасан Ата деп атайды. Ысқақ Бабтың (лақаб аты – Баба Ата) бейіті Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Жартытөбе деп аталатын жерде тұр. Абд ар-Рахим Бабтың мүрдесі Жамбыл облысында, Жамбыл қаласының маңына жайласқан. Міне, қарап отырсаң бұлардың бәрі де тарихи тұлғалар. Осы айтылған кісілерді Мұхаммед-Ханифадан тараған десек, осы кісілерден тараған ұрпақтарды қожалар деп атайды. Міне, сөйтіп қожа ұрпақтарын негізінен осы төрт атаға бөлуге болады. Оның ішінде тағы жалғасып бөлініп кете береді.


Хазреті Ысқақ бап Сайрам және Шымкентке келді. Шаһ Таббатдар есімді кісіні исламға шақырды. Ол қабыл етпеді. Үш күн, үш түн соғысты. Тарса кәпірлерінің 20 мың әскері қырылып, тозаққа кетті. Ислам әскерлерінен 1000 кісі шейіт болды. Хазреті Шаһ Абд ал-Азиз Бап осы Сайрам шайқасында шейіт болды. Сосын Таббатдар Солханәк жаққа қашты. Осы кезде түрік тайпаларының атты әскерлері адамдардың айтуы бойынша оны өлтірді. Осыдан соң Ысқақ бап Шынарлық шайықты діни ілімдерді үйрету үшін Сайрам және Шымкентте қалдырды. Осы уақыттан кейін айтылған патша қайтып Созақ қаласын құрды. Имам Мұхаммед Ханафия ұрпағынан болған Білге ханды ол жерге қалдырды. Осыдан соң Ысқақ бап Солхан шаһарын қоршады, бір түн, бір күн соғысты. Қырық мың тарса кәпірлерін өлтірді. 7 мың мұсылман шейіт болды. Ол Таббатдар патшаны екі тарса қауымынан болған патшамен бірге өлтірді. Одан соң Хазреті Ысқақ Бап Түркістанға кіретін Ясы, Сүйірі, Қарнақ, Иқан, Темірқуфқан, Бағыстан, Жетікент, Алтмыш, Отрар, Сығанақ және басқа бірі екіншісінен бостан болған қала мен ауылдарды және түрік тайпалары «Теңіз» деп атайтын үлкен су айналасындағы халықтарды мұсылман етті. Осыдан соң бірін-бірі ораған үш қорған, жеті жұма мешітін салды. 80 жыл мұғ кәпірлерімен соғысты.

Біліңіз: Сырдария бойынан Өзгент шаһарына қарай тұрған барлық кәпірлер мүғ кәпірлері болып есептеледі. Сыр жағасынан Ясы шаһары жағына қарай болған кәпірлер тарса кәпірлері болады. Бұхара, Самарқанд және бұл екі қала атырабындағы кәпірлерге келсек, олардың барлығы йахуд кәпірлері болады. «Ей Пайғамбар ұрпақтарына сенушілер! Біліңіз: Ислам негіздерісіз болған әңгіменің ақиқаттығы сауал тудырады. Хазреті Әбді Жалил Баб Баршынлық уәлаятына барды, соғысты. Тарса кәпірлерінің 150 мың әскерлері қырылды. Мұсылмандардан 9 мың кісі шейіт кетті. Баршынлықтың 2 патшасы Қылыш хан, Яшмут хан болған. Қылыш хан соғысты. Яшмут хан Хожанд қаласы жағына кетті. Ысқақ баб өзінің немере ағасы Абд ар-Рахим бапқа елші жіберіп, оны хабардар етті. Хазреті Абд ар-Рахим бап 60 мың мұсылман әскерімен шейіт болып өлді. Ол (Ысқақ Бап) бірден атқа қонды. Темірқуфқан, Талас қалалары арқылы тау артымен өтіп, Қасан қаласын қоршады. Марғинан қаласындағы Хазреті Шаһ Мансур, Хазреті Шаһ Абд ар-Рахманға өткен жағдайды баян етті. Осыдан кейін екі патша атқа отырды. Олар да Қасан қаласына барып соғысты. Өтеміш Сарығ Толмыш Сарығ Хожанд шаһарына келді. Өйткені хазрат Абд ар-Рахим бап халқы ислам дінінен шығып жалған жолға қайтты. Қасан қаласындағы қалған кісілердің барлығы мұсылман дінінде қалды. Өйткені мен  жоғарыда жалпы түрде айтып өткен едім. Хазреті Әбді Жалил Хожанд қаласына келді, соғысты. Хожанд қаласынды шаһид болды. Қазір онда қасиетті зиярат орыны бар. Хазреті Ысқақ бап Әбді Жалилдің бұл хабарын есітті. Әскер жинап соғысты. Барлық мұғ патшаларымен – Яшмут хан, Өтеміш Сарығпен соғысты. Оны (Әбді Жалилді) өлтірген кісіге көп қарсы болды. Ысқақ бап Яшмут ханның мұсылман болмаған баласын Қарғалық қаласына алып келді. Соңында Яшмут ханның баласы мұсылман болды. Қазретпенен Қағбаға барып хаж жасады. Қағба суретімен Қарғалық мешітін салды.

Ей, Пайғамбар ұрпақтарына сенушілер! Біліңіз: Үргеніш Қарахан Хазреті Ысқақ баптың әскер басшыларынан еді. Хазреті Хасан Уасыл және Яуаш бап туббаға табиғиндардан болды. Ол 125 жыл өмір сүрді. Қызырмен 9 жыл сұхбатта болды, шайықтық жасады. Халайыққа ақиқат жолын көрсетті. 80 жыл мұғ-тарса кәпірлерімен ғазат соғысын жасады. Яғни, 9 жыл шайықтық жасаудан бұрын 80 жыл ғази болды. Бұл жалған дүниеден мәңгілік үйіне шайықтық дәрежесінде өтіп кетті.

Пайғамбар ұрпақтары мухлистері! Біліңдер: Ысқақ бап тегі туралы айтылып жатыр. Біл, Ысқақ баптың баласы – Харун шайық, Оның баласы – Умар шайық, Оның баласы – Ифтихар шайық, Оның баласы – Махмуд шайық, Оның баласы-Ілияс қожа шайық, Оның баласы – Ибрахим шайық, Оның баласы – Сұлтан Қожа Ахмет Ясауи.


Қызыр әлейкум сәлем, Қ.А. Ясауидің әкесі шайқы Ыбырайыммен оның 10000 шәкіртімен сұхбаттас болған. Шайқы ЬІбырайым алдыңғы қатарлы халифалардың бірі Мұса шайқының қызы Айша Хатунға үйленеді. Бұл некеге, әсіресе, Қызыр әлейкум-сәлем себепші болған.


Қ.А.Яссауидің әкесі Ибраһим ата Сайрамда жасаған ғұлама кісі болыпты. Ол өзінің ұстазы Мұса шайхтың қызы Айшаға (Карашаш) үйленіп, Гауһаршахназ атты қыз бен одан он жас кіші Ахмет деген бір ұл бала көреді. Ахметтің шешесі жастай дүние салады, әкесі де жеті жасында қайтыс болады. Бала Ахметтің негізгі ұстазы, тәрбиешісі өзіне аталас туыс болып келетін Арыстан баб екен. ҚА.Яссауидің екі ұлы, екі қызы болыпты. Бір ұлы Ташкент маңында жерленген, екіншісі ел әңгімесі бойынша Түркістанда суға таласып сарттар қастықпен өлтірген делінеді. Бір қызының аты Жамал, екіншісінің аты Гауһар. Соңғысының күйеуі — Әли Қожа. Осылардан тараған Яссауи әулеті екі жүзге жетсе керек. Өздерін "қожамыз" деген әулетпен ғана қыз алысатын болған екен...


Ертеректе  Сайрам өңірінде Ыбырайым ата деген кедей адам адал өмір кешіпті. Қарт ертелі-кеш тынымсыз еңбек етсе де ештеңеге  жарыған емес. Оның бар байлығы өзен жағасындағы шағын бақша ғана болатын. Әлгі адамның балалары көбейген сайын шығындары да көбейе түсті. Оның қыздары ұзатылып, ұлдары ержете бастады. Алла Ыбырайымға мейірім дарытты, оған балалары қуаныш беріп,  қарт көз алдында ойнаған ұлдарын көргенде көкірегі  нұрға  толады. Алайда Ыбырайым өзінің үлкен ұлы Ахметке көзі түскен іштей мұңданатын. Ол өзгелерден ерекшеленіп жүретін. Әрдайым ой үстінде ол бір жаққа жалғыз кетіп қалатын, әрі көп сөйлемейтін, тұйық  жан еді.

Баланың ауыр жұмысқа ебі болмады, одан бойын аулақ салып жүретін. Ахмет мейірбанды еді, қайыршыларға жәрдемдеді ұмтылатын, олармен жалғыз тілім нанын да бөлісіп жейтін. Қарт Ыбырайым осы ұлын қарап отырып ұзақ ойға қалды. "Бұл — Алланың қасиетті еркі ғой" деген сенімге келетін. Жыл артынан жылдар өте берді. Ахмет 15 жасқа толды. Жаздың қапырық ыстығы түскен, Ахмет базарға бармақшы «ол әдеттегісінше қариялардай қолына ұзын таяқты ұстап шығыпты. Жолда бақтағы әкесіне жолықпақшы болды. Ол шыжыған күн астында әжімді бетінен тер сорғалап, жұмыс жасап жатқан қартты көрді. Әлі жұлынатын шөп көп еді. Ахмет әкесіне қарап тұрды оған деген аяныш сезімі оянды.

—  Әке, сіз шөпті неге қолыңызбен тазартасыз? Былай деді- "Арам шөптер тез шығындар, менің бақшамда тек қана жеміс ғана өсетін болсын!". Осы сөзді Ахмет айтты да, өзінің аса таяғын сермеп қалып еді, сол кезде арам шөптер бақтан өздері ұшып шығып   бір шөмеле болып жиналып қалды.

Ыбырайым атаны бұл ғажайып қатты тандаңдырды. Ол алған сәтте не айтарып  білмесе де Алланың өз ұлына осындай  дарытқанын түсінген соң, аспанға қарап қолын жайып:

— Ұлым менің, Алла сені басқа адамдардан бөлек етіп жаратып саған кереметтер жасайтындай ұлы күш дарытыпты. Сен енді менің  үйімді керек те қылмайсың, соңдықтан пайғамбар қайда сілтесе соның бар -- деді.                                                                               

Ахмет кері бұрылды да жүре берді, ол мүмкін енді үйіме қалай оралмаспын дегендей жай қозғалды. Ол ауылды тегіс аралап шыққан соң, күн батысқа қарай бет алды.

Ахмет сол бетімен бірнеше күн жүріп, Қаратау деп аталған тауға келіп тірелді. Осы жерде өзінің асасын қадады, сол жері бұлақ көзі ашылды, бұл таза салқын су еді. Ахмет одан әрі қарай Түркістан қаласы тұрған тұсқа тоқтады, жан-жағына қарап осының  тұрақтануға бекінді.

Өзіне үй тұрғызды, шағын бақ егіп, осында жұмыс істеп тамаша асырауды мақсат етті.

Ахмет бос уақытында Алланы ауызға алып құлшылық етумен  болды. Өз үйі жанынан өткен адамдарға шама-шарқын жеткенше жәрдемдесуге тырысты.

Оған қаріп болып қалғаңдар мен әртүрлі кеселге душар болған келіп жатты. Ахмет оларды емдеп жіберетін, кейін оның даңқы ғажайып істері көпшілікке мәлім болды.

Бірте-бірте әулиенің жанына Аллаға, ұлы пайғамбарға құлшылық  ету үшін онымен бірге болуға ниет еткеңдер де қоныстана бастады. Жылдар өте берді, бір лашық үй бай кентке айналды.

Қожа Ахмет ұзақ жасады, ол өзінің ғұмырында көптеген ғажайыптар жасады.


Ысқақ Бабтың ұрпақтарынан тарайтын Ибрахим шайықтан екі бала болады. Солардың бірінің аты Ахмет болады. Бірде бала Ахмет үйден шықса, атасы Ибрахим шайық шұқшиып жер шұқылап отыр екен. «Ата не істеп отырсыз?» - деп сұрағанда, «Е балам, егістікті жегенелеп отырмын», - деп жауап береді. «Ой ата-ай, соған да осыншама әуре боласыз ба? Бір ауыз сөзбен бітірмейсіз бе?» - дейді Ахмет. «Ондай қолымнан келмейді, қолыңнан келсе сен жасай ғой», - деп, әкесі баласын сынамақ мақсатпен рұқсат беріпті. Сонда жас Қожа Ахмет тұрып: «Жегенең жерге қал, бегенең бетке шық», - деген екен. Дәретін алып келген атасы қайран қалып: "Е, балам, саған Алла тағаланың құдыретімен әулиелік дарыды, енді Жарылқаушы Иең қайда жол көрсетсе сонда бар», - деп батасын берген екен.


Ахмет Ясауидің балалық шағынан бастап, Құдайға жанын тапсырған сәтіне дейін бойындағы даналық көрініп тұрады. Дінге берілуінен басқа тапқырлық, шешендік сөздері, нақыл-тәмсілдері де оны тұлғаландыра түседі, Әкесі Ибраһиммен жас кезінде өз дүниетанымы  бойынша қайшылықты пікірлерге келетін кездері де бар. Түркістанға барып қайта бір оралғанда, әкесі одан ол жактың елі қалай екен деп сұрайды. Сонда бозбала Ахмет: «Ол  жердің халқы арқаңнан қағып тұрады, аяғыңнан шалып тұрады - дейді. «Осыны біле тұра онда неге кеттің», - дейді. «Жақсыны жолға салу оңай, енді жаманды да жолға салып көрейін деп едім», - дейді.


Әзиз рухын Алла киелі қылғай шайық Ахмет Ясауидің артықшылықтары. Қожа Ахмет Ясауидің атасы Ибраһим шайықтың бір – Мұса қожа атты асхабы бар еді. Бұл Мұса қожа 15 жыл Ибраһим шайықтың қылуетінде қызымет қылды. Ибраһим шайық Мұса қожаға: «Қызыр (алайх ис-саламның) ишаратыменен Ясы елінде суфра тұтқын»,- деп ижазат берді. 43 жыл Ясы елінде суфра тұтты. 40 жыл Қызыр (алайх ис-саламмен) бірге сұхбатта болды. Ол уақытта Ясауи Ахмет қожа 20 жаста еді. Қызыр (алайх ис-салам) айтты: «Ей, Қожа Ахмет Ясауи иелігіңді бізге бергін», - деді. Хазреті Қожа Ясауи иеліктерін оларға берді. Қызыр ата иеліктерін алып, былай деді: «120 жыл өміріңіз болсын және тағы қалың муриті бар ұлы машайық болғайсыз». Шайық Ахмет Ясауи (рахмат Аллах алайхи) Сайрам уәлаятынан келіп, Ясы елінде 100 жыл шайықтық қылды. Қожа Ахмет Ясауи (рахмат Аллах алайхи]  бамдат намазының сүндетін Ясыда қылып, парызын Кағбада қылар еді. Және тағы адина намазын Ясыда қылып және Қызырмен бірге Кағбада қылар еді және де Сайрамда қылар еді, және ғид намазын һам осындай. Және Суфи Мухаммад Данышманд Зарнуқи келді. Қожа Ахмет Ясауидің қызыметінде болып,  40 жыл қылует қылды. Содан соң Шайық Ахмет Ясауи Суфи Мухаммад Данышмандқа ижазат берді: «Барғын, Отырарда суфра тутқын»,- деп айтты. Суфи Мухаммад Данышманд Отырарда 40 жыл суфра тутди. 70 жыл Қызыр (алайх ис-саламмен) бірге сұхбатта болды. Және тағы Суфи Мухаммад Данышмандтың бір мүриті – Сұксұк қожа (алайх ис-салам). Ясауи Ахмет қожа ата қасында 12 жыл қызмет қылды. 112 жыл өмірі болды. 3 мың мүриті болды. Нағыз мүриті – Әулие Малік еді. Әулие Малік орнын Малік атаға берді. Малік атаның 90 жыл өмірі болды. Қызыр, Ілияс және абдалдармен бірге 70 жыл сұхбатта болды. Ясауи Ахмет қожа атаның 120 жыл өмірі болды. 12 мың сейіттері мен мүриттері болды. 40 қылуетханасы бар еді. Қылуетке кірер еді. 41-ші күні шығар еді. Ясауи Ахмет қожа ата Кағбаға барар еді. Және тағы айтар еді: «Шайық кім болады, 40 жыл қылуетпен бірге мүритті иеленсе, олай болмаса шайықтыққа жарамас деп, тағы шайықтыққа кім лайық, кім өз кінәсін көрсе, және басқа біреудікін көрмесе – оның қолдаушысы Қызыр мен Ілияс алайх ис-саламдар болар»,- деп айтар еді. «Шайық деуге кім лайық, сүндетті мұнда қылып, парызды Қағбада қылып, оған шайықтық халал болар. Олай болмаса, харам болар»,- деп еді. Сүлеймен қожа хакімге Ургеніш уәлаятын берді. 95 жыл өмірі болды. 70 йыл Қызырмен  (алайх ис-салам) бірге сұхбаты болды. 5 мың мүриті болды. Ясауи Ахмет қожа ата һар күнде өз жағасын ұстап, Хаққа сиынар еді. Ниязбен айтар еді: «Илахи әлем халқы оңалды, мен оңалмадым». Ясауи Ахмет қожа ақыретке ұласар болды. Сонда өз орнынына туысым, балам деп Маулана Сафи ад-дин Орұң Қойлақыға берді. Маулана Сафи ад-дин Орұң Қойлақының 93 жыл өмірі болды. 50 жыл Қызыр мен Ілияс алайх ис-саламдармен сұхбаты болды. Бірақ Суфи Мухаммад Данышмандтың бір кереметі бұл еді: бұлытқа мініп барар еді, таудан тауға асар еді. Мазары Отырарда сопыханада тұр. Сопыхананың жер суын 300 қызыл алтынға елінен сатып алды. Суфи Мухаммад Данышманд ханақаға уақыф қылды. Бірақ  Қаю тегін Суфи Мухаммад Данышмандты «шайық атам боларсыз», - деп, шеттің жер-суын берді. 9 атамнан келе жатқан бар  адал мүлкім болар. Басы – Өгіз таудан, аяғы – Қарашыққа дейін 200 қостық жер. Тәңрі (азза уа джалла)  ризалығы үшін, Мухаммад Расул Аллах шафағаты үшін уақыф қылдым. Бірақ  Қарғалық – Ысқақ баптың  бар.  Және 11 аталарымыз дүниеден өтті.                                                       


Маулана Сафи ад-дин Орұң Қойлақы туралы аңыз-әңгімелер

(...) Ибраһим шайық атадан екі бала болады. Сол баланың бірінің аты – Садыр шайық. Садыр шайықтан екі бала тараған: бірінің аты Абд ал-Малік, екіншісінің аты Данышманд қожа (лақап аты Орұң Қойлақы). Данышманд қожадан Маулана Сафи ад-дин Орұң Қойлақы дүниеге келеді. Бұл кісі Қожа Ахмет Ясауидің немере інісі әрі ізбасары саналады. Шежірені ақырғы ұстаған кісі, осы Қойлақы. Осы аңыз-әңгімелер желісі сол аталмыш шежірені пайдалана отырып жазылды. Әрі онда айтылған, көрсетілген жерлерге арнайы барып, көзбен көріп, ой желісін жалғастарып отырмыз.

Бұл кісі тоқсан үш жыл өмір сүрген, ғұмыр бойы тәуіпшілікпен айналысқан. Маулана Сафи ад-дин Орұң Қойлақы бабамыздың сүйегі Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы Өзгент деген жерде жатыр. Ол жоғарыда айтып өткендей, Қожа Ахмет Ясауидің немере інісі, әрі ізбасары. (...) Ясауи ұрпақтарының шежіресін жазған да осы кісі.

Басқа әулие кісілерден бұл кісінің де өзіндік ерекшеліктері туралы аңыз-әңгімелері баршылық. Соның бірі мынадай: бірде оған Сырдарияның жоғарғы ағысында тұратын әулие кісі түсінде аян береді. Әлгі кісі: «Ей, Маулана Сафи ад-дин Орұң Қойлақы, мен саған мөрі бар тас жібердім, ол пәлен иірімде тұр, сен барып соны ал»,- депті. Орнынан тұрып, жігіттеріне әлгі тас тұрған жерді сілтеп жіберіп алдыртады. Шынында да, әлгі тас иірімде шыркөбелек айналып тұрған екен. Енді бұған жауап берейін деп ойланады. Содан ішіне су өтпейтін мықты бір сандықты жасатып, табанына ақ мата төсеп, ортасынан май шырағдан жағып қояды. Сырдың суын кері ағызып, әлгі сандығын суға жібереді де, өзі әлгі кісіге аян береді. Ол кісімен ертемен тұрып дарияға барса, айтқан жерінен сандықты көреді. Ашып қараса, шырағдан, әлі жанып бітпеген, мақтасы да құп-құрғақ, сол күйінде. Содан әулие кісі қайта аян беріп: «Мен сені мойындадым, әулиелігіңе күмәнім жоқ»,- деген екен. Қойлақының басына қам кесектен соғылған мазараты бар, әлгі тас сол жерде әлі де тұр. Қасында әкесі Данышманд шайық жатыр. Сәл әріде бабасы жатыр.

Садыр шайық бейіті орналасқан жерде ол кісі жайында ел аузында осындай әңгімелер көп сақталған. Біз әңгіме қызықты, тартымды, әрі дәлелді болу үшін осылай қысқа мысалдарға ғана жүгіндік.


Жасында Ахметті Ақ ата деген Сайрамдағы бір молдаға оқуға беріпті делінеді. Ол кісінің шашы да, қасы да аппақ болса керек, содан «Ақ ата» атанады (шын аты Шахабиддин Исфиджаби). Сол кісі кезекті сабағынан соң балаларға «үйге барған соң, құдайдың көзіне түспейтіндей етіп, бір-бір тауық, не қораз сойып әкеліңдер!» – деп тапсырыпты. Ертеңіне өзге балалардың бәрі сойылған тауық, қораздарын ұстаздарына беріпті, тек Ахмет қана алып келген қоразын мұғаліміне тірідей беріпті. Мұны көрген Ақ ата неге бұлай болды деп сұрағанда жас бала: «Ұстаз, кешірім өтінемін, мен қоразды соя алмадым, себебі, мен қай жерге тығылып сойсам да, құдай көріп тұрған жоқ па?», – депті. Сонда Ақ Ата: «Бәрекелді, Ахметім! Менің өзім де сен туралы осындай бір сырлы құпияны білу үшін, істеген едім», – деген екен.


Біліңдер: Хазреті Расул Алла қазріреті Арслан бапқа бір хырқа, бір құрма беріп айтқан: Миғраж кезінде мәлім болды. Меккеден Мадинаға хижрат жасалғаннан соң, Фатима перзенті имам Хасан нәсілінен соң және екінші халифа Омар ұрпағынан соң және менің үшінші халифам қазріреті Осман зүрриятынан және менің өзім некелеген перзентім ішінен менің төртінші халифам Хазреті Әли перзенті имам Мұхаммед Ханафия ұрпақтарынан Сайрам қаласынан болған Қожа Ахмет атты (балаға) – атасы Шайық Ибраһим, анасы Тағай бибіше бибі, лақабы Қарашаш ана Хазреті Арслан бап аталған аманатты сақтауы керек. Пайғамбар қайтыс болған кезде хабар келді: «Ей, Арслан бап, сен мұндай атақты ғалымды қалай көресің, қайтіп табасың?» Одан кейін Арслан бап Уахар Тарке деген уәлаятында тақуалықпен 40 жыл өмір кешті. Қырық жылдық қылуеттен кейін Сайрамға келді. Хазреті Ибраһим шайықты тапты. Оның әйелін де сұрады. Одан кейін олардан: «Сендердің ұл перзенттерің бар ма?», – деп сұрады. Одан кейін шайық Ибраһим Ясауиді киіндіріп, Арслан бап алдына әкелді. Садыр шайыққа Арслан бап дуа қылды. «Сенің бұл балаң дін дүниесіне атақты болады. Сендердің назарларыңа бұл бала лайықты емес». Әкесі айтты: «Бұның жүріс-тұрысы басқа балаларға ұқсамайды. Кейде өзін топыраққа тастайды, кейде таза жүреді, кейде мектепке бармайды, кейде өзінің есін білмей жатады. Мұнда әр түрлі адам қасиеті бар. Мұның балалығының ықпалы ғажайып». Мұны есітіп Арслан бап қуанып кетті. Балалардың ойнап жатқанын көрді. Бір баланың ойнап жатқан балалардың киімінің үстінде ойнамай отырғанын көрді. Барып оған сәлем берді. Ол бала бақырды: «Ей Баба! Қашанға дейін менің көйлегімді қарайсыз, сақтайсыз және қашанға дейін балалардың көйлектерін сақтаймын». Арслан бап айтты: «Ай, жан ботам, бұл киім Хазретіңізге мүбәрак. Қазірет Сұлтан ал-арифин айтты: «Менің аманатымды бермедіңіз. Мен сондықтан кейде – топырақта, кейде – суда, кейде – өлең айтудамын, кейде – ғылым ізденудемін. Хазреті Арслан бап мың ықыласпен (мың жүрек сезімімен) құрманы Қазірет Сұлтан ал-арифинге берді. Қазірет Арслан бап маған да берер ме екен деп қарап тұрды. Қазірет Сұлтан ал-арифин айтты: «Құрманың тәттісін сіз жедіңіз. Маған қабығын бердіңіз». Қазірет Арслан бап жүз мың шүкірлікпен шүкір намазын оқыды. Арслан бап бұл дүниеден ол дүниеге сапар қылды.


Гауһар ана – Қожа Ахмет Ясауидің қызы. Насаб-намадағы дерек бойынша, Қожа Ахмет Ясауидің қызы Гауһар хұштаджды Қожа Сүлеймен уәлиге әйелдікке бергені жайлы айтылады.  Сүлеймен уәли және Гауһар хұштадж туралы мынадай аңыз бар: Аңызға қарағанда, Сүлеймен уәли сейіт әулетінен шыққан адам. Ол Қожа Ахмет заманында Қарашық өзенінің жағасына келіп, шатырын құрып жатады. Қожа Ахмет Ясауидің лашын құсы ұшып соның шатырына қонады. Оны Сүлеймен уәли ұстап алып, жібермей қояды. Соңынан іздеп келген Қожа Ахмет Ясауидің шәкірті әулие Мәлікті «өзі келсін» деп қайтарып жібереді. Қожа Ахмет Ясауи оның кереметін көріп, жолының үлкендігін сыйлап оған өз қызы Гауһар хұштаджды әйелдікке береді.

Гауһар ананың мүрдесі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің шығыс жағында орналасқан. Басында шырақшысы бар, зиярат етушілер көптеп келіп тұрады.


Сури халқы қаншама таяқ жегендеріне қарамастан, Қожамен жауласуын қоймайды. Қожаның Ибраһим деген бір ұлы және бір тамаша аты болады. Бір күні оның «Кім де кім ұлымның өлім хабарын естіртсе, соған атымды беремін», – деген сөзі Сури  халқының құлағына жетеді. Күндердің бір күнінде Шаһзада Ибрахимді бір ағаштың түбінде ұйықтап жатқан жерінен басын кесіп алып, оны бір сүлгіге орап, Қожаның алдына әкеліп тастайды. Қожа олардан «Бұл не?» – деп сұрайды. Жаңа піскен қауын әкелгендерін айтады. Қожа істің мән-жайын түсініп, іші өртене отырып  бәрібір атын береді және соңынан қан дауы болып, араларында мәңгі-бақи дұшпандық қалмасын деп өлтірген адамға қызын да  береді.

“Жавахир ул-Әбрар”    авторының   айтуынша    бұл  аңыз жөнінде шайқы Аттар “Мантыкут-Тайыр” кітабында да айта кеткен. Қазір сол ағаштың түбіндегі бала өлтірілген жерден жыл сайын қан ағатын көрінеді. Қожаның шәкірттері мен оған мойынсұнғандар Алланың рұқсатымен сол қаннан алады екен, ол көптеген ауруға шипа болатын көрінеді.


Садыр ата – Қожа Ахмет Ясауидың ағасы, ол әулие адам болған екен. Қожа Ахмет Ясауидің баласы жас болса да, аңға құмар болыпты. Қарасүйір тауын жайлаған бір рулы елмен Қасен шайық әулеті тау өзенінің суын үшке тең бөліп, егін егіп күн көріп жүріпті. Бірде Әзірет Сұлтанның баласы садақпен аң аулап жүргенде, оның садағының екі жебесі Қарасүйір руының құлақ арығына қадалып, суға бөгет болыпты. Қарасүйір руының сушысы неге су болмай қалды деп келсе, сағадан екі садақ оғын көреді. Төменгі жағында садақпен аң аулап жүрген Әзірет Сұлтанның баласына келіп, «мынау не?» – депті. Бала: «мен білмеймін», – дегенде, әлгі сушы қолындағы кетпенмен баланың басын шауып, денесін сонда тастайды. Басын легенге салып, бетіне ақ шүберек жауып, Әзірет Сұлтанға: «мынау біздің Қарасүйір адамдарынан сауға», – деп алдына қояды.

- Ей, бейәдеп, піспей үзіпсіндер, – дейді Әзірет Сұлтан. Сонда Садыр шайық қылышын суырып, тұра ұмтылғанда, Әзірет Сұлтан оны тоқтатып, «мен дуа етемін, барсаң риза емеспін, қылыш жұмсама», – дейді. Бұған Садыр шайық өкпелеп, Қойлақы ата жаққа кетеді.

- Егінің жұлма болсын, қауының алма болсын, көтеніңе құйрық шықсын, тұқымың сөйтіп құрысын, – деп Әзірет Сұлтан Қарасүйір әулетіне қарғыс айтқан екен. Содан олар азып-тозып кеткен.

Ахмет Ясауидің бұл [қылуетте] (...) өмір сүріп жатқан кездегі көрсеткен кереметтерінің шегі жоқ. Бір күні ол отырған қабір сияқты жалғыз адам ғибадат ететін жер кедей[лер] мен ілім адамдары[н] (...) от пен шөлдің қыспағына алғаны сондай, жиналғандар бұған шара таба алмай қиналады. Хакім Атаға су тауып әкелу тапсырылады. Тұрып су әкелмекші болған кезде құлағына судың даусы келеді. Таң қалып бұрылып қарайды. Мәжіліс орнының ортасы пешке немесе монша пешіне айналған, жер-жердің барлығы қаптаған алаудың ішінде қалған, барлық ғалымдар мен кедейлер сол оттың ішінде кәуап боп жанып жатады. Хакім Ата есі ауып қалған адамдай тұрып қалады. Сол кезде кенеттен қолында бір шыны аяғы бар Ахмет Ясауи көрінеді. Шыны аяқты отқа қарай созып, оттың ішіндегілерге ішкізеді. Сол шыны аяқтан су ішкен Хакім Ата «балдан тәтті, қардан суық су еді» дейді. Мәжілістегілердің шөлі осылайша қанғаннан кейін, шайқы берекелі уысын оттың үстіне ұстайды. Сол кезде от көзді ашып жұмғанша көзден ғайып болады. Бірақ Алланың хикметімен бір құмыра пайда болады. Ясылықтар арасында оны «махаббат (ғашықтық) құмырасы» деп атап, киелі санап кеткен. Егер мақсат жақсылыққа арналса, қалаушының қолы қанша қысқа болса да оның түбіне дейін жетіп, бір тас, бір шөп, яғни осы сияқты нәрселерді алып шығады. Ал егер мақсат жақсылыққа арналмаса, қалаушының қолы қанша ұзын болса да құмыраның түбіне дейін жетпейді де,  ештеңе ілікпейді.

К.Коч, 54-55  б.


Қорасан жұртынан Баба Машын атты әулие пайда болды. Бір күні Баба Машын Әзірет Сұлтанның атын, оның шаһарын естіп, «Пайғамбар заманында болмаған жаршы, Имам Ағзам заманында болмаған (жахаршы) жаршы қайдан шықты? Мен қойдырам», - деп үй-іші, бала-шағасымен көшіп Түркістанға келді. Хазіреттің жахр салып жатқан жеріне кіріп, жахр (зикрі, насихаты) басылғанша өз бала-шағасын танымады, ешнәрсемен ісі де болмады, естен танып қалды. Жахр (зікір) басылған соң қатын-баласын танымағанымен, жахр соғып, жынданып сөйледі. Хазірет бұйырды: «Бұл ақымақ жынданып қалыпты, жынын қағып алыңдар», - деп, - «Софы Данышманд, бір ағашқа байлап қойыңдар». Жүз кісі шамасы келмейтін  ерді екі кісі байлады. Мырза Жүсіп атты Хазіреттің дүрешісіне: «Сен бұған бес жүз қамшы ұр», - деп бұйырды. Жүсіп бес жүз қамшымен санап ұрды. Оны ұрды ма, ұрмады ма – ол ойына да алмады. Бес жүз қамшымен ұрып болған соң, Мырза Жүсіп өз бетімен бір қамшы ұрып еді, құлындай шыңғырып, ойбайын салды. «Енді босатыңдар», - дейді. Отырғандар – жарандар сұрады: «Бес жүз қамшы ұрғанда даусы шықпады, ал бір қамшы ұрғанда құлындай шыңғырды, мұның себебі не?» - деп сұрағанда, Хазірет айтты: «Мұның арқасында Ифрит диюы орнаған еді, ол пері ұрғанда, тосып тұрып, денесіне дарытпады. Мен айтқан бес жүз қамшы ұрылып болған соң, ол дию: «Енді ұрмайды», - деп кетіп қалған еді. Оның кеткенін көріп, енді қайтер екенсің деп, тентектің тентектігі ұстап, бір ұрып жіберді. Тентектің де орны болды», - дейді.

                                                                       Садық Сапабекұлы,  129-130 б.


Өзі ишан, өзі патша баласы - ханзада Имам Мырғазы деген атақ дәрежесі мықты бір кісі Әзірет Сұлтанның даңқын алыста жатып естіп, оған күмәнданады. Оны өтірік шайық, жалған дұға оқитын біреу ғой деп ойлайды. Сөйтіп, сынау үшін әдейі есекке кітап артып, зікір[ші]-сопыны мұқатқысы келіп, жолға шығады. Қожа Ахмет өзінің мүриттерімен арам ойлы адамның келе жатқанын, әулие емес пе, біліп отырады. Көп адаммен келіп, Хазіретке жолыққан Мырғазы оның алдына барғанда не айтарын білмей ауызы буылып  қалады. Сасқанынан кітаптарын әкеліп көрсетеді. Қараса, кітаптары жазу-таңбасы жоқ қағаздардың қаттамасы болып, әулиенің алдында жатады. Су тиіп бүлінбеген, күнде қалып сарғаймаған кітаптардың дәптер сияқты затқа айналғаны ишан мен оның серіктерін «жыңды» қылады. Әзірет Сұлтанның (...) әулиелігіне көзі жеткен ишан кешірім сұрап, Хазіреттің аяғына жығылады. Өзінің пендешілігін мойындап, оншақты күн әулиенің қасында болғанда, Ахмет сопының неше түрлі таңғажайып қасиеттеріне қайран қалып, өзіне пір тұтады. Ахмет Ясауидің жерасты-қылуетіндегі зікір-насихатын келемеждеп күлген бір қорасандық «әулиенің» есінен ауысып, бала-шағасын танымай қалғаны жайында да аңыз бар.

Ораз Қауғабай


Қожаның атақ-даңқы дүниенің төрт бұрышына жайылған сол кезде Ясы қаласынан төрт шәкірт білім, ілім алу мақсатымен Хорезм өңіріндегі Үргеніш қаласына барады.  Имам Мерғазы Үргеніш қаласының ең әйгілі, ғалым оқытушысы еді.  Оқушылар,  әрине,  содан дәріс алуға  бел  байлайды.  Имам  жаңа келген оқушылардың ясылық екендерін білген кезде, олардан: «Ол жерде Қожа Ахмет Ясауи шариғатқа қайшы әрекет қылып жүр деп естідік. Бұл шын ба, өтірік пе, негізді ме, негізсіз бе?» - деп сұрайды. Жас оқушылар бұл қиын сұраққа жауап беруге қиналатындықтарын,бұл     жөнінде ештеңе білмейтіндіктерін, бірақ Қожаның шариғатшыл екендігін  және  12000   соңына   ерген   сопысының   бар   екендігін айтады. Күдігін қанағаттандыра алмаған имам өзі барып, істің [анық]-қанығына көз жеткізбекші болды.

«Мен осы уақытқа дейін 12000 мәселені жатқа білемін. Әрине, бұл істі барып, өз көзіммен көріп, анық-қанығына жетемін», - дейді. Қасына төрт жүзден астам данышпан және қырық мүфти ертіп алып жолға шығады. Олар жолаушылап келе жатқанда-ақ Қожа Ахмет Ясауи Алланың жәрдемімен алдын ала хабардар болады да, бірінші халифасы Сопы Мұхаммед Данышпанға бұйрық береді: «Қарап кел, бізге көкжиектен не келе жатыр екен?» - дейді. Сопы Имам Мерғазының (...) 3000 мәселемен келе жатқанын хабарлайды. Бұдан кейін шайқының әмірімен Сопы Мұхаммед Данышпан ол мәселелердің 1000-ын Имамның есінен өшіріп тастайды. Содан кейін Сүлеймен атадан дәл сондай сұрақ сұрайды. Ол да хорезмдік Имам Мерғазының 3000 мәселемен келе жатқан  кезде,  олардың   1000-ының  өшіп  қалғандығын,  енді 2000 мәселемен келе жатқанын айтады. Қожа Ахмет Ясауи оған да 1000 мәселені өшір деп әмір береді. Ол да сөйтіп 1000    мәселені    санасынан    өшірін    тастайды. Осылайша. Имам Ясауиға келген кезде, оның есінде тек қана  1000 мәселе  қалған еді.  Имам Мерғазы Қожаны сыртында   теріс   киілген   ескі   күртеше,   басында   қой терісінен жасалған қара қалпағымен көргенде: «Алланың құлдарын   жолдан   тайдырып   жүрген   сенбісің?» - деп сұрайды. Қожа Ахмет ешқандай ашуланбастан, әзірше үш күн қонақ болуын,  содан кейін әңгімелесе жататынын айтады.  Үш күннен кейін ортаға мінбе қояды. Имам мінбеге шығады. Шайқы Хакім   Атаға  қалған 1000 мәселені де өшіріп таста деп әмір береді. Имам Мерғазы мінбеге шыққан кезде ойына мәселелердің бір де біреуі түспейді.  Дәптерлерін  парақтап  аша  бастайды,  барлық беті аппақ екенін көреді. Содан кейін қателігін түсініп, мінбеден түседі. Шайқыдан кешірім сұрап,    барлық данышпандары мен мүфтилері оның қолын алады. Бес жыл қылуетханада өмір сүріп, 40 күн көпшіліктен бөлек, оңаша өмір сүріп, нәпсілерін тиып, дүние ләззаттарынан бой тарту арқылы тазаланады. Ақырында Қожа Ахмет Ясауи оны басқа бес халифасымен бірге Қорасан халқын исламға шақырып, тәрбиелеу үшін жібереді. Олар: шайқы Мұхаммед Бағдади, Сайфиддинул-Баһарзи, шайқы Кемалуш-Шайбани, шайқы   Сададдин, шайқы Бахауиддин.

К.Коч, 51-52 б.


Әзірет Сұлтан хақындағы аңызға айналған әңгімелер Мерв шаһарына да жетеді. Маруази деген мұғалім шаһардың мүфти, молдаларын жинап, Ахмет Ясауиге барып, түрлі сауалдар қойып, оны «жеңіп» қайтуды ұйғарады. Ол үшін мынадай сұрақ дайындап жаттап алады. Маруази бастаған 400 мушауар және 40 мүфти Түркістанға бет алады.

Әзірет Сұлтан екі шәкіртіне олардың сапарлары жайын хабарлайды.                                                                                —  Шырағым, - дейді сенімді шәкірті Мұхаммедке, - Мың сұрақты олардың есінен шығарып, жадынан өшіріп жібергейсіз. Олар Тәңірінің қолдауын бір көріп таңдансын.

- Мақұл, тақсырым! – деп шәкірт шегініп шығып кетеді. Екінші сенімді шәкірті Сүлейменге де сондай тапсырма береді.

Ертеңіне бесін уақытында күткен меймандар келеді.

- Алла тағаланың тура жолынан азғыратын сенбісің? – деді  мұғалім даусын көтеріп. Мервтен келген меймандар бұл жердегі ұстаз-шәкірттердің үсті-бастарына мысқылдай қарап:

— Мүриттерің сондай жалаң аяқ па? — дейді.

Қожа Ахмет оларға қарсы сөз айтпайды. - Қош келіпсіздер Мейманымыз болыңыздар. Асықпай сөйлесеміз. Тәңір нәсіп етсе танысып та аламыз, - дейді.

Хазірет жанындағыларға қарап былай дейді.   

— Меймандар екі-үш күн демалсын.

Үшінші күн үлкен алаңға тұғыр қойылды. Көпшілік жиналды. Меймандар ойға алғандарын орыңдау үшін сауал беретін болды. Хазірет пен мүриттері ерекше құрметпен жауап беруге келісіп алды. Әуелгі сөз кезегі мұғалім Маруазиге тиді. Ол мінбеге көтерілді. Жұрттың назары Маруазиде. Ол маңғаздана не айтқысы келсе де есінен шығып кете берді, оның үні шықпай, тілі күрмелді. Әбден жаттаған сауалдарының  қайсысын айтқысы келсе де, тілі шықпады.  Көпшілік те үнсіз. Тап қазір мінбеде бір ғажайып көргендей, Маруази бір-екі жөтелген болды, бәрібір басына ештеңе келмеді.

Ол жанындағы теріден бір дәптер шығарды. Сауалдар  мен жұмбақтардың бәрі осында жазылған еді. Содан оқып бермекші болды. Дәптердің бетін ашқанда, «Астафыралла» деді. Көзбен көрген беттерінде бірде-бір әріп қалмаған. Ол мінбеден жығыла жаздады «О, бұл не деген керемет, не деген құдірет!»    

Мұғалім Әзірет Сұлтан[ның] аяғына жығылды. Жүзін топыраққа сүртті.                                                                                      

— Тақсырым, пірім, менің күнәмды кешір! - деді көзінен  жас тамшылай. Біз оқығанмен, жетіліп оқымаған екенбіз. Аллаға шүкір, кеш болса да адасқанымызды білдік.  

Қожа Ахмет өзінен кешірім сұраған мұғалімді екі қолдап орнынан тұрғызды.      

Мервтен келгендердің барлығы және бес жыл Хазірет сарайында  мүрит болып, тәлім алды.

Ш.Керімтегі, 234-235 б.


Мағриб таманда Имам Мырғазы атты бір ишан[ның] өзінде үш дәрежесі бар еді. Бірі – патша баласы, екіншісі – ханзада еді, үшіншісі – ғалым болатын. Шәкірті көп еді. Әзірет Сұлтанның шарапатын естіп, Түркістанда шайық бола ма, әлде жалған дұға қыла ма деп, тоқсан тоғыз қашырға кітап артып, сексен сегіз мың қолмен бұл жахршыны (зікіршіні) көрейін деп іздеп шықты. Бұл хабар Түркістанға да келіп қалды. Хазіреттің екі халифасы бар еді. Бірінің аты – Сүлеймен, бірінің аты – софы Мұхаммад Данышпан-ды. Бұл екі ғазиздің бірі айтты: «Мен оның аузындағы (ойындағы) сөзін, не ойланып айтайын дегендерінің бәрін де тонап алып, қалтам түбіне салып қояйын, сонда ол не ойлап табар екен», - дейді. Екіншісі: «Мен оның тоқсан тоғыз қашырға артқан кітаптың жазуын талап алып, көрінбейтін, оқылмайтын етіп қояйын, онда оқимын дегенде – оқи алмай, ата-анасының артына тығылғандай дал қылып, шоқитып қояйын. Кітабын оқи алмай аузын ашып, дал болып қалсын», - дейді. Бір заман өтпей-ақ олар келді, қала іші адамға толы, жақсы-жаман түгел жиылды, бұл үлкен жиылыс болды. Имам Мырғазы қанша адамдарымен келіп отырды. Сөйлейін десе – аузына бір де сөз түспеді, ештеңе айта алмай, сасқанынан кітабын алып келді. Бәрін де қараса, ешбір жазу, таңбасы жоқ, таза қағаз беті болып шықты. Суға түспеген, ескіріп, әріп түспеген, басқан шаң да жоқ. Аң-таң болып, не қыларын білмей сасқанынан: «Қорамсағым тесіліп біткен, бәрі де түсіп қапты – нелерді айтайын», - депті. Хазіреттің аяғын құшақтап жылай берді. Сөйтіп, Хазіретке мүрит болған соң, көп уақыттан кейін Хазіретпен сөйлесіп, еліне қайтуға рұқсат беруін тілек еткен еді, естіген жандар көз жасы көл болып, етектері су болды. Сол уақыт бесін мезгілі еді. Жайнамазға жиналып оқыды. Хазірет бесінді ада қылып, оңға сәлем бергенде – тоқсан мың кісі әулиелік дәрежеге жетті, солға сәлем бергенде – тоғыз мың кісі әулие дәрежесіне жетті. Тоқсан тоғыз мың машайықтар осы сұхбатта болғандар еді.

Имам Мырғазының Хазірет жанында тұрып қалып, Түркістанда дүниеден қайтып, күмбезінің күн шығысында Көк Тонды деген аты жайылды. Келген басқалары ел-жұртына қайтпақшы болып, Хазіретке келіп сұрады: «Біз елге не деп барамыз, не алып қайттық дейміз?» - дегенде, Хазірет: «Әуліден бір әбдіре (сандық) алып келіңдер». Әбдірені алып келді. Оның бұрышына мақта, бір бұрышына күкірт тықты, бір бұрышына мұз, бір бұрышына мылтық дәрісін тығып, сөйтті де ортасына от жақты. Әбдіренің аузын жауып бекітті, сыртын орап әбден бекітті. «Осыны елдеріңе барғанда бір-ақ ашыңдар», - дейді. Бұлар рұқсат алып қайтты. Бірнеше айдан кейін ұзақ сапардан кейін елдеріне келді. Барлық көрген-білгендерін қалың жиылған халыққа айтып баяндап, сандықты жұрт көзінше ашады. Барлық қойған нәрселер сол қалпында, от ортасында лаулап жанып тұр. Бірақ мақта, күкірт, дәрі тұтанбаған, мұз да сол күйінде ерімеген. «Бұл – ишараты  менің паруардігарым, мен (аруағымның) мысалы: менің салауат жаршылығым (хақиқат жолындағы зікіріме) шын ғашық қыз бен жігіттің ышық отына ешқандай көлденең кедергілер: сандықтағы оттың төрт бұрышындағы затқа әсері тимегендей, тура жолдағы ғашықтарға бөгет болмайды. Демек орынсыз ухууаның еш әсері де болмайды», - деген сөзі. Хазіреттің мұндай кереметіне бәрі де тәнті болып бас иді.

                                                                     Садық Сапабекұлы, 128-129 б.


Ел ішіндегі әңгіме бойынша, кезінде Қожа Ахмет Ясауидің өзі ораза, құрбан айт намаздарын осында келіп өткізіп жүріпті. Әзірет Сұлтан Ясыдан шығып, Сауран арқылы Аққұм бекетінің тұсындағы Сырдариядан тас өткел арқылы өтіп, Көкжидедегі Шәмші Қылауыз ауылына бір қонып, Қорасан атаға зияратқа барғанда Бабаға жалбарынып:

Бабам Қорасан, келдім арасан,

Зиярат етейін деп, ісімді сұрасаң.

Мүшкіл ісімді қылғайсың асан,

Рахмет ете гөр, бабам Қорасан.

Атың-дүр мәшһүр Аршы самада,

Тауап етейін деп келдім пияда,

Үміт етіп мен хауф-рижада,

Рахмет ете гөр, бабам Қорасан.

Аршының үстінде Сұхбат құрарсың,

Әзіреті Қызыр ила ұлпат қыларсың.

Рахмет ете гөр, бабам Қорасан.

Сексен шайхыны жаныңда көрдім,

Тоқсан шайхыны артыңда көрдім.

Қағба[ны] махаллаңның алдында көрдім,

Рахмет ете гөр, бабам Қорасан.

Сұлтан Хұсайынның ұлы болармын,

Астанасының құлы болармын.

Шашым-сақалымның шыпта қылармын,

Рахмет ете гөр, бабам Қорасан.

Әлінің әулеті Шери Құдасың,

Келеген бәлеге дәпі қыларсың,

Таңа Қожа Ахметке жары берарсың,

Рахмет ете гөр, бабам Хорасан, —

деп  жалбарынып дәремет сұрайды екен. Содан бері Қорасан бабаның басынан сан ғасырлар бойы қаншама ұрпақтар келіп түнеп, сиынып, бірі ауруынан айықса, бірі бала сұрап алады екен.

А.Дүйсенбі


 

Қожа Ахмет Ясауидің серіктері, шәкірттері және оның жолын қуушылар жайында

 

Мавзолейдің құбыла жағындағы қабірді сұлтан Кукрас ханның қабірі (...) дейді. Құлпытастағы жазулары өшіп кеткен. Сондықтан бұл кімнің қабірі екенін анық ажырату да қиын. Бірақ, әулиені иемденушілердің түсіндіруінше, бұл да араб елінің бірінен Қожа Ахмет Ясауиді іздеп келіп, сұхбаттас болған адам. [Әмір] Темір мавзолейді салдырғанда оны құрметтегендігінен, қабірін ешқайда қозғамауға бұйрық беріпті-міс деген аңыз бар. Осыған байланысты Кукрас ханды да ұлық әулие санап (Қожа Ахмет Ясауиді зиярат жасап шыққан соң), оған да арнайы құран оқитын болған. Мавзолейді қайта қалпына келтіруге байланысты Кукрас ханның құлпытасы ішке әкелініп қойылды.

О.Дастанов, 31б.


Қожа Ахмет Ясауи дүниеден өткелі жатқанда туыстары мен муриттері: «Сізді ақіреттік сапарға аттандыру рәсімін кімнің жасағанын қалар едіңіз?» -дегенде, Қожа Ахмет: «Мен өлем, жаназа намазымды қазақ халқының перзенті, таһаратсыз жер баспаған, үйіне бала-шағасының бір күнге жететін напақасынан артық еш нәрсе апармаған, бес күндік дүниенің байлығына қызықпаған, бар өмірін мешітке арқалап отын тасумен өткерген Тама Бура баба шығарады», - деп тапсырады. Қожа Ахмет Ясауи дүниеден өткен күні қара бураға мінген адам келіп, бурасын шөгеріп жатып: «Қожа Ахметті ақіреттік сапарға әзірлеуге келдім», - деген екен.

А.Дүйсенбі


Бегім ананың атасы Қарабура әзінің шын аты – Тама. Кіші жүздің жетіру тайпасынан шыққан әулие адам. Бейіті Созақ ауданының орталығы Шолаққорғанда.

Қарабура деп атау себебі: Қожа Ахмет өлер алдында отбасына, туыстарына: «Мен пәлен уақытта дүние саламын. Мені оң жаққа қойғаннан кейін денем суымай тұрғанда, бір қара бура мінген кісі келіп, мені мәңгі жататын орныма ақ жуып, арулап қояды. Мені алып бара жатқанда «Қайда алып барасыз?» - деп оның қолын қақпаңдар», - деп ескертіпті.

Айтқандай-ақ Қожа Ахмет көзін жұмысымен, қара бура мініп келген бір кісі оның мүрдесін алып кетеді. Содан бастап ол кісіні Қарабура әзі деп атаған.

Ш.Керімтегі, 236 б.


Жанкенттің билеушісі Санжар сұлтанның жары Бегім ана Қарабураның қызы екен. Күндердің күнінде Санжар «көзіме шөп салдың» деген желеумен Бегім сұлуды үлкен жазаға тартады. Бұған қатты ашуланған Қарабура келіп: «Менің қызым жазықсыз. Оған дәлел: оның кесілген бұрымы мен қолы  орнына бітуі тиіс», - дейді. Ақыры ханға әбден наразы болған Қарабура дұға оқып, «еліңді жылан жайласын», - деп қарғайды. Артынша-ақ дұғасы қабыл болып, қаланы улы жылан басып кетеді. Қалаға кірмекші болғандардың бәрі түгелдей қырылған. Қала тұрғындарын да, билеушісі Санжарды да жылан шағып өлтіреді. Бұхара қаласының әміршісі Жанкент шаһарының байлығына ие болғысы келіп, әскерін жібергенімен, одан да ештеңе шықпайды, бәрі тегіс улы жыландарға жем болады.

Басқа аңыз-әңімелерде Қарабураның шын есімі – Бұрханназар. Жауға қарсы шапқанда ол тек өзінің қарабурасына мінген көрінеді. Содан Қарабура атанса керек. Қарабура атаның кесенесі – Қаратаудың теріскей жағындағы ежелгі Созақ шаһарының орнында.

А.Дүйсенбі


Ерте кездерде Түркістандық біреу Меккеге барса керек, бірақ қайтуына қаржысы таусылып, сонда қалып қояды. Меккеде оған кім қаражат бере қойсын. Күн көре алмай әбден титықтаған соң, Мұхаммед пайғамбардың қабірін құшақтап жылайды. Күндердің күнінде бір кісі келіп:

- Тұр, не қылған жансың? – дейді оған. Ол басынан өткенін түгел баяндайды. Сонда жаңағы кісі:

- Ертең жұма намазы кезінде анау ағашқа бір қара ат байланады. Егер рахым етсе, сол аттың иесі ғана тілегіңе жеткізе алады, - дейді. Сонымен асыға күткен жұма намазы да келеді, айтққан жерінде бір қара ат та пайда болады. Бұған қуанып кеткен әлгі байғұс жұма намазына бармастан, аттың шылбырына жармаса береді. Намаз бітті-ау деген кезде бір қара кісі келді де, оның қолынан шылбырын алмақ болды. Бірақ әлгі кісі мені тастама деп жалынып-жалбарынып шылбырын босатпайды. Ақыры болмаған соң артына мінгестіріп алады да көзіңді аш дейді. Ол көзін ашса Түркістанға келіпті. Қара аттың иесі енді Әзірет Сүлтанға қарай кете барады. Соңынан еріп, «сіз кімсіз?» - деп сұрағанда, «Жеті қорғаушының бірі – Баба Араб боламын», - депті-міс. Сөйтіп лезде ғайып болады. Жаңағы кісі басынан кешкендерін тез халыкқа хабарлап, өзінің түскен жеріне Баба Арабқа арнап күмбез тұрғызған екен дейді...

Сонан бастап жергілікті халық Баба Арабтың қабіріне ағылып барып, сиынуды әдетке айналады. Ал Меккеге барып келген кісінің өзі Баба Араб әулиенің шырақшысы болған.

Казір Қожа Ахмет Ясауидің мовзолейінен 300 метрдей жерде сол Баба Араб әулиенікі еді деген қабір бар. Мыжырайып, жермен-жексен болуға айналғанда белгісіз біреулер түзеп кететін көрінеді.

А.Дүйсенбі


Құл Қожа Ахмет Ясауидің төрт атасын білмейтін адам қыбылаға күмәндар болады. Яғни ол кісі қыбыланы танымайды деп саналады. Қожа Ахметтің әкесі – Ибраһим шайық, атасы – Ілияс шайық, бабасы – Махмұт шайық, арғы бабасы - Әбтахар шайық.

Зеңгі баба Құл Қожа Ахмет Ясауиге «перзент» деп сөйлейтін көрінеді. (...) Бірде ол екеуі дидарласып отырғанда, өзі қап-қара Зеңгі бабаның аппақ тістерін көріп, Қожа Ахметтің ернін күлкі қытықтап, езу тартыпты. Сонда баба:

-Перзент, неге күлдің? – деп, сұрапты.

-Тісіңізге күлдім, - дейді Әзірет Сұлтан. Зеңгі табан астынан:

-Тісімнің көрімдігіне не бересің?- дегенде, оған Қожа Ахмет:

-Әуелі жайды сізге, онан кейін бізге салсын,- депті.         

(...) Әмір Темір Әзірет Сұлтанның күмбез-мазарын жаңадан көтеруге кіріскенде, күндіз адам бойы көтерсе, онысы түнде құлап, азанда қирап жатыпты. Содан жеті-сегіз ғұламасын жиып:

-Осы неге құлайды? Сіздерге түнде қарап, соны байқаңыздар, - деп, тапсырады. Олар таза тәғарат алып, Алла тағалаға мінәжат етіп, қарауылдап отырады. Сонда түн ішінде бір көк өгіз келіп, дуалға сүйкеніп, бәрін құлатып кетеді. Бұл болған жайды Темірге баян етеді. Сол уақытта тарихта өткен адамдардың сырына қанық кісілер жиналып келіп:

- Ілгеріде Қожа Ахметтің өзі Зеңгі бабаға: «Әуелі жайды сізге, онан кейін бізге салсын», - деген екен. Алғаш Зеңгінің басына күмбез-мазар салынбайынша, Әзірет Сұлтанның кесенесі тұрмайды, - дейді.

Әмір Темір адамдары Зеңгі бабаға жай тұрғызып, онан кейін Әзірет Сұлтанға ауысады.

Бұл күнде Ташкент облысының Жаңажол ауданындағы Зеңгі бабаның күмбез-мазары тұр.

                                                                   Құралбек Ергөбек, 144-145 б.


Зеңгі Ата Ташкент тауларында сиыр бағатын қалың ерінді қап-қара (...) бақташы болатын. Өзі мен отбасын айлық ретінде ташкенттіктерден алатын бес-он теңге ақшамен асырайтын. Өмірі үнемі далада өткендіктен, намазын да далада, жазықтықта оқып, намаздан кейін дауыстап зікір салатын. Сол кезде, аңызға қарағанда, барлық сиырлар жайылуын тастап, оның айналасына шеңбер жасап тыңдайтын болған екен. Зеңгі Ата бір күні тауда бұталардың арасынан тікенді бұтақтардан көп қылып жинап, үйіне апару үшін жіппен байлап жатады. Сол кезде алдынан төрт бозбала пайда болады, сәлем береді. Олардың сәлемін алып, қайдан келіп, қайда бара жатқанын сұрайды. Сөйтсе олар Бұқарда медреседе оқып, білім алып жатқан жерінен бір тариқатта аттарын қалдырғысы келіп , қазір өздеріне жол көрсетуші, ұстаз, шайқы іздеп жүргендерін айтады. Зеңгі Ата: «Біраз кідіре тұрыңдар, дүниенің төрт бұрышын иіскейін. Қай жерден кәміл жол көрсетуші, шайқы иісін алсам, сендерге айтайын», - дейді. Жастар қуана-қуана күтеді. Ата жүзін төрт жаққа қаратып иіскегеннен кейін: «Сендерді кәміл шәкірт қып жетілдіруге күші жететін менен басқа ешкім жоқ екен»,- дейді.

Бұқардан шайқы іздеуге шыққан бұл төрт жас, кейін оның төрт үлкен халифасы болған Ұзын Хасан ата, Сейіт ата, Садр ата, Бәдір ата болатын. Зеңгі Атаның бұл сөздерінен кейін әуелі Ұзын Хасан мен Садр бачи оған шын пейілдерін берген еді, сондықтан кәміл мәртебесіне алдымен солар жетеді. Сейіт Ахмет азды-көпті білім алып, асыл текті бола тұра, бұл сиыр бағатын қап-қара бақташының оған ұстаз болуын ақылға сыймайтындай көреді. Оның бұл көкіректігі жолын байлап, дін үшін күресте онша пайда көрмеген еді. Соңында Әнуар анаға жалбарынып, ұстаздың өзіне рахым жасауын өтінеді. Ана оған: «Зеңгі атаның жолын күзет, бүк түсіп жатып ал. Ол таңсәріде дәрет алуға шыққанда сені сол күйде көріп, жаны ашитын болсын», - дейді. Шындығында бұл кеңпейілді әйел Сейіт Ахметті неге қамқорлығына алмағанын жұбайынан сұрап, оның бұған лайық екендігін айтады. Зеңгі ата күлімсіреп, алғаш көрген кезде Сейіт Ахметтің жүрегінде, көңілінде қалай өркөкіректік, тәкәппарлық оянғанын айтып береді. Бірақ Әнуар ана көрсеткен мейірім шапағатқа сүйене отырып, оның бұл алғашқы қатесін кешіргенін де қосып қояды. Ертесі күні таңертең Зеңгі ата сыртқа шыққан кезде, жолында қарайған бір нәрсенің жатқанын көреді. Не екенін түсіну үшін аяғымен түркен кезде Сейіт Ахмет шайқының аяғын құшақтап, кешірім сұрайды.  Зеңгі Ата сол кезде Ахметке ілтипат көрсеткені соншалық, бүкіл мақсаты сол кезде-ақ түсінікті болады.

                                                                                              К. Коч, 128-130 б.


Бір күні Ахмет 99000 ең білімдар деген шәкірттерді мәжіліске шақырып, білім бәйгесін жасайды. Сонда ең білімдар боп топтан озған Хакім Сүлеймен болды. Осыдан кейін ұлы ұстазы Қожа Ахмет өз батасын беріп, Хиуаға жібереді. Кетерінде: «Ертең есігіңнің алдында тізесін бүгіп бір түйе тұрады. Сол бұйдасыз түйеге мін мін дағы, түйені еркінше жібер. Түйе қанша жер жүрсе де жүре берсін, ол әбден тұрмастан жатқан кезде ғана түс те, сол жерді мекен қыл, қызметіңді атқар», - дейді. Сүлеймен ұстазы Ахметтің айтқанын орындайды.Астындағы түйесі әбден шаршап, ұрса тұрмай, бақырып шөккен жерді «Бақырған» деп атап, сол жерді мекен етіпті. Осыдан Сүлеймен Бақырғани аталыпты-мыс.

Ш.Керімтегі, 235-236 б.


Құрбан айында бір күні Қожа Ахмет Ясауидің теккесінде (медресесінде) 99000 шайқы жиналады. Қожа имам болып, намаз қыла бастайды. Оң жағында Хакім ата, сол жағында Мұхаммед Данышпан тұрады. Намаз кезінде Қожаның даусы шығып кетеді. Жамиғат «Имамның әбдесті (дәреті) бұзылды» деп ойлайды. Бірақ Қожа тырп етпейді. Намазын жалғастыра береді. Ақырында сәлем бергенннен кейін Қожа: «Мен мұны сіздің тариқаттағы мәртебеңізді аңғару үшін әдейі жасадым. Әйтпесе ол дауыс менен емес, беліме таққан ағаш бөлшегінен шықты. Түсінікті болды, менің бір ғана шәкіртім, бір жарты шәкіртім ғана бар екен, қалғандары надан екен», - дейді де, Хакім атаға: «Ертең таңсәріде саған бір түйе келеді, оған мінесің, қай жерде тұрса, сол жерде түсесің», - деп бұйрық береді. Түйе Түркістаннан шығысқа қарай жүреді. Қорасан қаласының батыс жағында, Бейнеу арқасы деген жерге келіп тұрады. Қанша қинаса да, шөккенінен тұрмай қояды, бақырып-шақырады. Осыған байланысты ол жерді «Бақырған» деп кетеді. Түйе тұрмаған соң Хакім ата жерге түседі. Ол жерде Боғра ханның жылқыларының жайылған өрісі екен. Жылқышылар оны бұл жерден қуып жібермекші болады. «Мен – дәруішпін, ешқайда кетпеймін», - дейді. Жылқышылар қолдарындағы құрықтарымен оған шабуыл жасауға кіріседі. Сол кезде Хакім ата сол жердегі ағаштарға: «Мыналарды ұстаңдар!» - деп әмір береді. Ағаштар үшеуін қаттылап ұстап алады, ал қалған екеуі қашып құтылып кетеді де, болған жайды Боғра ханға айтып береді. Хан бұл оқиғаға риза болады. «Үш күннен бері мұрныма әулиенің иісі келіп еді. Демек елімізге бір әулие келген екен ғой», - деп, істің мән-жайын анықтау үшін Абдулла Садыр деген біреуді жұмсап жібереді. Абдулла Садыр келген дәруіштен кім екенін, не қалайтынын сұрайды. [Ол өзінің] Ясауи шәкірттерінің бірі – Хакім Сүлеймен екенін айтады. Жылқышылардың ағашқа байлаулы қалғандарына көзі жетіп, ағаштардан: «Осылай істегеннің жазасы осы», - деген дауыс естиді. Бұл дәруіштің ұлылығына сенген Абдулла Садыр қайтып барып, ханға хабар береді. Боғра хан бұл дәруіштің ризашылығын алып, өзіне жақын тарту үшін, оған Әнуар деген қызын ұзатады. Одан басқа көп түйе, қой, ат береді. Хакім ата бұларды қабыл алады. Бақырған деген ол жерді өзіне мекен етеді. Боғра хан мен барлық уәзірлері оған шәкірт болып, мойынсұнады. Хакім атаның атағы дүниенің төрт бұрышына тарайды.

К.Коч, 123-125 б


Қожа Ахмет Ясауи Сыр бойын аралауға келгенде Жақып атамызға:

-Уа, Жақып, мына дариядан қалай өтеміз? - дегенде

-Сізге дариядан өту қиын болып па? Жүре беріңіз деп дуа еткен екен. Әзірет Сұлтан дарияны кешіп өте берген. Міне осы сапарда Сыр бойындағы барлық Қорасан ата, Қасым ата т.б. әулиелерді аралап, қайтадан баяғы судан өтетін жерге келеді. Сол жерде бесін намазын оқиды. Намаз оқып жатқан жайнамаздың бас жағынан кішкене қарақұрт шығады. Бұлар намаз оқып біткенше күрт үлкейіп, адам жұтатын дәрежеге жетеді. Сонда Әзірет Сұлтан намаз оқып болып, Жақып атаға бұрыла қарап:

-Уа, Жақып, сен дем сал! - дейді. Жақып ата дем салғанда әлгі құрт әбден кішірейіп, бұрынғы қалпына келіпті.

Жақып ата:

-Не етейін, құртып жіберейін бе? - дегенде

-Қой, сол қалпында қалсын, - деп, Әзірет Сұлтан шәкіртіне риза болып, Тассуаттан өтіп, арғы бетке шыкқан соң:

-Уа, Жақып, қолынды жай, сенің енді бұдан былай лақап атың «Құрт иесі – Қылауыз»  болсын, - деп батасын берген екен. Содан бастап, қарақұрт, жылан шаққан адамдарды емдейтін болған екен» - дейді.

А.Дүйсенбі


Бұл – 1880 жылдары Түркістанда өмір сүрген кісі. Үндемес ата делінуінің себебі – ешкімге үн қатпаса керек. Күндіз қожа Ахмет Ясауи мавзолейінің босағасында отырып, түнде ескі мазарға түнейді екен. Дін иелерінің уағыздауынша, ол халыққа бір ауыртпалық, я оба секілді кесел келетіндей болса, алдын ала біліп, түнімен өкіріп шығатын болған. Сондықтан оны «құтып» (жасырын әулие) деп атаған. Ол бір күні түнде мазардың ішіндегі өзі қазған көрде дүние салады. Жергілікті халық сол жатқан жеріне көміп, үстіне сағана тұрғызады.

Дін иелері енді оның әулиелігін көтермелей түсіп, «бәлен күні біреу оның тұсынан атынан түспестен өтпек болған екен, сол заматында өз-өзінен қалпақтай ұшып кетіпті, енді біреу өтіп бара жатып сөйлеп қалса, аузы қисайып қалыпты» деген секілді [әңгімелер айтады] (...). Осыған байланысты оның қабіріне шырақ жағылып, зират жасау әдетке айналады. Бірақ келгендер үндемей келіп, үндемей кететін болады. Шырақшысы да құранын ішінен оқиды. Мазардың жанымен өтетін көлікке мінгендер көлігінен түсіп жаяу жүретін болған. Және Үндемес атаның аруағына тиын-тебен тастамай кетпеген. Мұндай әдет отызыншы жылдарға дейін сақталып келген. Тек соңғы жылдары ғана бірте-бірте Үндемес-ата деген де ұмыт бола бастайды. Сыртындағы сағанасы да құлайды.


 

Қожа Ахмет Ясауидің ата-бабасы, анасы және ұрпақтары туралы

 

Бір кездерде Әзірет Ғалидің баласы Мұхаммед Ханафия (Бибі Фатимадан тумаған) осы жаққа келген екен. Сонда осы жерде біраз отырып дем алыпты (..). Қожа Ахмет Ясауи дүниеден өтерінде басымды бабамның сол басқан ізіне қойыңдар депті (...). Кейінгілер оның бұл өтінішін бұлжытпай орындапты (...).

О.Дастанов, 14б.


Ысқақ баптың ұлы Харун шайық. Оның ұлы Момын шайық. Оның ұлы Мұса шайық. Оның ұлы Ысмайыл шайық. Оның ұлы Хасан шайық. Оның ұлы Осман шайық. Оның ұлы Омар шайық. Оның ұлы Мухаммад шайық. Оның ұлы Ифтихар шайық. Оның ұлы Махмуд шайық. Аның оғлы Ілияс шайық. Оның ұлы  Ибрахим шайық.

Ибрахим шайықтың екі ұлы бар еді. Бірінің аты - Ахмет Қожа және тағы бірінің аты - Садыр шайық еді. Садыр шайықтың да екі ұлы бар еді. Бірінің аты - Әбділмәлік еді және тағы бірінің аты - Данышманд қожа еді. Оның ұлы – Маулана Сафи ад-дин Орұң Қойлақы еді. Әбділмәліктің ұлының аты – Абдал Али еді (Оған Алланың рахметі болсын).

                                                               Сафи ад-дин Орын Қойлақы, 28 б.


Хазреті Әли Шаһ-и Марданның Хазреті үш ұлы болған: имам Хасан, имам Хұсайын, үшінші ұлы имам Мұхассан бала кезінде қайтыс болып кеткен. Имам Хасанның кәнизактарынан 14 ұлы болған. Имам Хұсайынның алты ұлы, бес қызы болған: Али Акбар, Али Асғар, Жағыфар, Абдаллах, Абу Бакр, Ибрахим, Хазрат имам Мұхаммед Ханафия Ямама патшасы Жағыфар ибн Қайыс қызынан туған.

Хазреті имам Мұхаммед-Ханафияның үшінші халифа Хазреті Османның қызы Бибі Шамсиядан алты ұлы болды: Абу Хашим, Абдаллах, Жағыфар, Шаһ Мансур, Абд ал -Фаттах және Абд ал-Маннан.

Біліңіз: имам Жағыфар – Паһулан Ахмад Замшының арғы бабасы, Абд ал-Фаттах Хазрат Сұлтан Қожа Ахмет Ясауи және Исмаил Атаның арғы бабасы, имам Мұса – Хазрат Али Құсши Атаның арғы бабасы болған.

Ысқақ баб, Абд ал-Маннан, Шах Абд ал-Қаһһар және Шаһ Абд ас -Саттардың қасиетті әулет ұрпақтары Түркістан өлкесінде көп болып, түркілердің шайықтары және қылует иелерінен есептеледі.

                                                                              Садр ад-дин шайх, 117 б.


Хазреті Әли және қожалардың төрт атасының келіп шығуы

Хазреті Әли кей жерлерде халықты дінге кіргізгенде Құранның сүрелері мен аяттарын ретіне қарай пайдаланады екен. Халықтың айтуына қарағанда, Хазреті Әли Құранды оқығанда, оның даусы жеткен жердегі кісілер Құранның киелі сөздерін есіткеннен-ақ жерге бас иіп, дінге кіре береді екен.

Қожалардың негізгі төрт аталарының шығуы туралы:

Бірінші – сейіт әулеттері Хазреті Әли мен Бибі Фатимадан тарағандар. Қалған үш атасының келіп шығуы туралы:

Бірде үлкен қан төгіс соғыс болып жатыр екен. Хазреті Әли бір батырмен қылыштасып жатқан уақытында әлгі батырдың басындағы дуылғысы ұшып кетеді. Сол кезде батыр арқасынан шаштың төгілгенін байқап қалған Хазреті Әли ол батырдың қыз екендігін біліп, жекпе-жекті тоқтатады. Кейін тілге келіп, онан әрі ұрыспайтындығын айтып, Мұхаммед пайғамбарға алып барады. Мұхаммед пайғамбар әңгіменің мән-жайын түсінген соң, ол қыздың кім екендігін сұрайды. Ол өзінің юнан (грек) қызы екендігін және дінінің басқа, яғни христиандық екендігін айтады. «Сен өзің әйел екендігіңді жасырғандығың үшін кінәлісің, бірақ кінәңді өтеуге болады. Егер сен мұсылман дінін қабылдап, Қазрет Әлиге шығып жар болсаң, бәрін кешіруге болар еді». Қыз біршама ойланып барып: «Менің үш өтінішім бар, егер солар орындалса, мен өз келісімімді бердім» - деп жауап беріпті. «Біріншісі, мені өзіңізге өкіл қыз етіп аласыз; екіншісі, Хазреті Әлимен екеумізден туған баланың атын екеуміздің атымызды қосарландырып қоямыз, яғни Мұхаммед-Ханифа (себебі: қыздың аты Ханифа болған), ал, үшінші, біз екеумізден тараған ұрпақты Бибі Фатима мен екеуінен тараған ұрпақтай сейіт әулеті деп қабылдайсыз»,- деген екен. Сонымен Мұхаммед пайғамбар келісімін берді де, сол жерде Хазреті Әли мен Ханифаның некесін қиып, үйлендіріпті. Міне содан бірінші перзенттері ұл бала болып, Хазреті Әли мен Ханифаға ұқсаған батыр жау жүрек болған екен. Оның атын келісім бойынша Мұхаммед-Ханифа деп қойыпты. Осы баладан үш ата тарайды.

Сонымен осы үш атадан тараған қожа ұрпақтары қазір де Қазақстан жерінде көбірек ұшырасады.

Ол үшеуі: Абд ал-Джалил Баб. Кесенесі осы күнге дейін сақталған, Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында Сырдарияның арғы бетінде құмның ішіне тұр. Жан-жақтан адамдар зияратқа келіп жатады, қасында баласы Сейіт Хусайын жатыр. Қазіргі уақытта бұл кісіні лақап аты бойынша Қорасан Ата деп атайды. Ысқақ Бабтың (лақаб аты – Баба Ата) бейіті Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Жартытөбе деп аталатын жерде тұр. Абд ар-Рахим Бабтың мүрдесі Жамбыл облысында, Жамбыл қаласының маңына жайласқан. Міне, қарап отырсаң бұлардың бәрі де тарихи тұлғалар. Осы айтылған кісілерді Мұхаммед-Ханифадан тараған десек, осы кісілерден тараған ұрпақтарды қожалар деп атайды. Міне, сөйтіп қожа ұрпақтарын негізінен осы төрт атаға бөлуге болады. Оның ішінде тағы жалғасып бөлініп кете береді.

                                                                         С. Құрбанқожаев, 132-133 б.


Хазреті Ысқақ бап Сайрам және Шымкентке келді. Шаһ Таббатдар есімді кісіні исламға шақырды. Ол қабыл етпеді. Үш күн, үш түн соғысты. Тарса кәпірлерінің 20 мың әскері қырылып, тозаққа кетті. Ислам әскерлерінен 1000 кісі шейіт болды. Хазреті Шаһ Абд ал-Азиз Бап осы Сайрам шайқасында шейіт болды. Сосын Таббатдар Солханәк жаққа қашты. Осы кезде түрік тайпаларының атты әскерлері адамдардың айтуы бойынша оны өлтірді. Осыдан соң Ысқақ бап Шынарлық шайықты діни ілімдерді үйрету үшін Сайрам және Шымкентте қалдырды. Осы уақыттан кейін айтылған патша қайтып Созақ қаласын құрды. Имам Мұхаммед Ханафия ұрпағынан болған Білге ханды ол жерге қалдырды. Осыдан соң Ысқақ бап Солхан шаһарын қоршады, бір түн, бір күн соғысты. Қырық мың тарса кәпірлерін өлтірді. 7 мың мұсылман шейіт болды. Ол Таббатдар патшаны екі тарса қауымынан болған патшамен бірге өлтірді. Одан соң Хазреті Ысқақ Бап Түркістанға кіретін Ясы, Сүйірі, Қарнақ, Иқан, Темірқуфқан, Бағыстан, Жетікент, Алтмыш, Отрар, Сығанақ және басқа бірі екіншісінен бостан болған қала мен ауылдарды және түрік тайпалары «Теңіз» деп атайтын үлкен су айналасындағы халықтарды мұсылман етті. Осыдан соң бірін-бірі ораған үш қорған, жеті жұма мешітін салды. 80 жыл мұғ кәпірлерімен соғысты.

Біліңіз: Сырдария бойынан Өзгент шаһарына қарай тұрған барлық кәпірлер мүғ кәпірлері болып есептеледі. Сыр жағасынан Ясы шаһары жағына қарай болған кәпірлер тарса кәпірлері болады. Бұхара, Самарқанд және бұл екі қала атырабындағы кәпірлерге келсек, олардың барлығы йахуд кәпірлері болады. «Ей Пайғамбар ұрпақтарына сенушілер! Біліңіз: Ислам негіздерісіз болған әңгіменің ақиқаттығы сауал тудырады. Хазреті Әбді Жалил Баб Баршынлық уәлаятына барды, соғысты. Тарса кәпірлерінің 150 мың әскерлері қырылды. Мұсылмандардан 9 мың кісі шейіт кетті. Баршынлықтың 2 патшасы Қылыш хан, Яшмут хан болған. Қылыш хан соғысты. Яшмут хан Хожанд қаласы жағына кетті. Ысқақ баб өзінің немере ағасы Абд ар-Рахим бапқа елші жіберіп, оны хабардар етті. Хазреті Абд ар-Рахим бап 60 мың мұсылман әскерімен шейіт болып өлді. Ол (Ысқақ Бап) бірден атқа қонды. Темірқуфқан, Талас қалалары арқылы тау артымен өтіп, Қасан қаласын қоршады. Марғинан қаласындағы Хазреті Шаһ Мансур, Хазреті Шаһ Абд ар-Рахманға өткен жағдайды баян етті. Осыдан кейін екі патша атқа отырды. Олар да Қасан қаласына барып соғысты. Өтеміш Сарығ Толмыш Сарығ Хожанд шаһарына келді. Өйткені хазрат Абд ар-Рахим бап халқы ислам дінінен шығып жалған жолға қайтты. Қасан қаласындағы қалған кісілердің барлығы мұсылман дінінде қалды. Өйткені мен  жоғарыда жалпы түрде айтып өткен едім. Хазреті Әбді Жалил Хожанд қаласына келді, соғысты. Хожанд қаласынды шаһид болды. Қазір онда қасиетті зиярат орыны бар. Хазреті Ысқақ бап Әбді Жалилдің бұл хабарын есітті. Әскер жинап соғысты. Барлық мұғ патшаларымен – Яшмут хан, Өтеміш Сарығпен соғысты. Оны (Әбді Жалилді) өлтірген кісіге көп қарсы болды. Ысқақ бап Яшмут ханның мұсылман болмаған баласын Қарғалық қаласына алып келді. Соңында Яшмут ханның баласы мұсылман болды. Қазретпенен Қағбаға барып хаж жасады. Қағба суретімен Қарғалық мешітін салды.

Ей, Пайғамбар ұрпақтарына сенушілер! Біліңіз: Үргеніш Қарахан Хазреті Ысқақ баптың әскер басшыларынан еді. Хазреті Хасан Уасыл және Яуаш бап туббаға табиғиндардан болды. Ол 125 жыл өмір сүрді. Қызырмен 9 жыл сұхбатта болды, шайықтық жасады. Халайыққа ақиқат жолын көрсетті. 80 жыл мұғ-тарса кәпірлерімен ғазат соғысын жасады. Яғни, 9 жыл шайықтық жасаудан бұрын 80 жыл ғази болды. Бұл жалған дүниеден мәңгілік үйіне шайықтық дәрежесінде өтіп кетті.

Пайғамбар ұрпақтары мухлистері! Біліңдер: Ысқақ бап тегі туралы айтылып жатыр. Біл, Ысқақ баптың баласы – Харун шайық, Оның баласы – Умар шайық, Оның баласы – Ифтихар шайық, Оның баласы – Махмуд шайық, Оның баласы-Ілияс қожа шайық, Оның баласы – Ибрахим шайық, Оның баласы – Сұлтан Қожа Ахмет Ясауи.

                                                                       Садр ад-дин шайх, 120-121 б.


Қызыр әлейкум сәлем, Қ.А. Ясауидің әкесі шайқы Ыбырайыммен оның 10000 шәкіртімен сұхбаттас болған. Шайқы ЬІбырайым алдыңғы қатарлы халифалардың бірі Мұса шайқының қызы Айша Хатунға үйленеді. Бұл некеге, әсіресе, Қызыр әлейкум-сәлем себепші болған.

К.Коч, 42 б. (сілтемеде)


[Қожа Ахмет Ясауидің] әкесі Ибрахим шайық Сайрамның ең атақты ғұламаларының бірі болған, диқаншылықпен күнелткен. Ол ұстазы Мұса шайықтың қызы Айшаға (кейбір аңыздар мен деректерде Қарашаш ана) үйленген және одан Гауһар Шаһназ есімді қыз бен одан он жастай кіші Ахмет дүниеге келген-деседі.

А.Дүйсенбі


Қ.А.Яссауидің әкесі Ибраһим ата Сайрамда жасаған ғұлама кісі болыпты. Ол өзінің ұстазы Мұса шайхтың қызы Айшаға (Карашаш) үйленіп, Гауһаршахназ атты қыз бен одан он жас кіші Ахмет деген бір ұл бала көреді. Ахметтің шешесі жастай дүние салады, әкесі де жеті жасында қайтыс болады. Бала Ахметтің негізгі ұстазы, тәрбиешісі өзіне аталас туыс болып келетін Арыстан баб екен. ҚА.Яссауидің екі ұлы, екі қызы болыпты. Бір ұлы Ташкент маңында жерленген, екіншісі ел әңгімесі бойынша Түркістанда суға таласып сарттар қастықпен өлтірген делінеді. Бір қызының аты Жамал, екіншісінің аты Гауһар. Соңғысының күйеуі — Әли Қожа. Осылардан тараған Яссауи әулеті екі жүзге жетсе керек. Өздерін "қожамыз" деген әулетпен ғана қыз алысатын болған екен...

А.Дүйсенбі


Ертеректе  Сайрам өңірінде Ыбырайым ата деген кедей адам адал өмір кешіпті. Қарт ертелі-кеш тынымсыз еңбек етсе де ештеңеге  жарыған емес. Оның бар байлығы өзен жағасындағы шағын бақша ғана болатын. Әлгі адамның балалары көбейген сайын шығындары да көбейе түсті. Оның қыздары ұзатылып, ұлдары ержете бастады. Алла Ыбырайымға мейірім дарытты, оған балалары қуаныш беріп,  қарт көз алдында ойнаған ұлдарын көргенде көкірегі  нұрға  толады.

Алайда Ыбырайым өзінің үлкен ұлы Ахметке көзі түскен іштей мұңданатын.

Ол өзгелерден ерекшеленіп жүретін. Әрдайым ой үстінде ол бір жаққа жалғыз кетіп қалатын, әрі көп сөйлемейтін, тұйық  жан еді.

Баланың ауыр жұмысқа ебі болмады, одан бойын аулақ салып жүретін. Ахмет мейірбанды еді, қайыршыларға жәрдемдеді ұмтылатын, олармен жалғыз тілім нанын да бөлісіп жейтін.

Қарт Ыбырайым осы ұлын қарап отырып ұзақ ойға қалды. "Бұл — Алланың қасиетті еркі ғой" деген сенімге келетін. Жыл артынан жылдар өте берді. Ахмет 15 жасқа толды.

Жаздың қапырық ыстығы түскен, Ахмет базарға бармақшы «ол әдеттегісінше қариялардай қолына ұзын таяқты ұстап шығыпты.

Жолда бақтағы әкесіне жолықпақшы болды. Ол шыжыған күн астында әжімді бетінен тер сорғалап, жұмыс жасап жатқан қартты көрді. Әлі жұлынатын шөп көп еді. Ахмет әкесіне қарап тұрды оған деген аяныш сезімі оянды.

—  Әке, сіз шөпті неге қолыңызбен тазартасыз? Былай деді- "Арам шөптер тез шығындар, менің бақшамда тек қана жеміс ғана өсетін болсын!". Осы сөзді Ахмет айтты да, өзінің аса таяғын сермеп қалып еді, сол кезде арам шөптер бақтан өздері ұшып шығып   бір шөмеле болып жиналып қалды.

Ыбырайым атаны бұл ғажайып қатты тандаңдырды. Ол алған сәтте не айтарып  білмесе де Алланың өз ұлына осындай  дарытқанын түсінген соң, аспанға қарап қолын жайып:

— Ұлым менің, Алла сені басқа адамдардан бөлек етіп жаратып саған кереметтер жасайтындай ұлы күш дарытыпты. Сен енді менің  үйімді керек те қылмайсың, соңдықтан пайғамбар қайда сілтесе соның бар -- деді.                                                                               

Ахмет кері бұрылды да жүре берді, ол мүмкін енді үйіме қалай оралмаспын дегендей жай қозғалды. Ол ауылды тегіс аралап шыққан соң, күн батысқа қарай бет алды.

Ахмет сол бетімен бірнеше күн жүріп, Қаратау деп аталған тауға келіп тірелді. Осы жерде өзінің асасын қадады, сол жері бұлақ көзі ашылды, бұл таза салқын су еді. Ахмет одан әрі қарай Түркістан қаласы тұрған тұсқа тоқтады, жан-жағына қарап осының  тұрақтануға бекінді.

Өзіне үй тұрғызды, шағын бақ егіп, осында жұмыс істеп тамаша асырауды мақсат етті.

Ахмет бос уақытында Алланы ауызға алып құлшылық етумен  болды. Өз үйі жанынан өткен адамдарға шама-шарқын жеткенше жәрдемдесуге тырысты.

Оған қаріп болып қалғаңдар мен әртүрлі кеселге душар болған келіп жатты. Ахмет оларды емдеп жіберетін, кейін оның даңқы ғажайып істері көпшілікке мәлім болды.

Бірте-бірте әулиенің жанына Аллаға, ұлы пайғамбарға құлшылық  ету үшін онымен бірге болуға ниет еткеңдер де қоныстана бастады. Жылдар өте берді, бір лашық үй бай кентке айналды.

Қожа Ахмет ұзақ жасады, ол өзінің ғұмырында көптеген ғажайыптар жасады.

Ш.Керімтегі,231-233 б.


Ысқақ Бабтың ұрпақтарынан тарайтын Ибрахим шайықтан екі бала болады. Солардың бірінің аты Ахмет болады. Бірде бала Ахмет үйден шықса, атасы Ибрахим шайық шұқшиып жер шұқылап отыр екен. «Ата не істеп отырсыз?» - деп сұрағанда, «Е балам, егістікті жегенелеп отырмын», - деп жауап береді. «Ой ата-ай, соған да осыншама әуре боласыз ба? Бір ауыз сөзбен бітірмейсіз бе?» - дейді Ахмет. «Ондай қолымнан келмейді, қолыңнан келсе сен жасай ғой», - деп, әкесі баласын сынамақ мақсатпен рұқсат беріпті. Сонда жас Қожа Ахмет тұрып: «Жегенең жерге қал, бегенең бетке шық», - деген екен. Дәретін алып келген атасы қайран қалып: "Е, балам, саған Алла тағаланың құдыретімен әулиелік дарыды, енді Жарылқаушы Иең қайда жол көрсетсе сонда бар», - деп батасын берген екен.

А.Дүйсенбі


Медреседе оқып жүрген бала Ахмет бір күні егінін үтіп жатқан әке-шешесіне келіп, олардың қатты шаршап-шалдыққанын көреді де «жегене қалсын, бегене кетсін Аллаһуу-әкбәр» деп бетін сипайды. Сөйтсе егіннің жиі өскен жерлері сиректеліп, атыздың арам шөбіне дейін ұшып кетіпті (...).

О.Дастанов, 33б.


Бірде Қожа Ахметтің әкесі былай депті: "Е, балам, екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды дегендей енді бұл жерден не сен, не мен кетуім керек" депті. Сонда Қожа Ахмет тұрып: "Сіз жасыңыз келген кісісіз, мен жаспын, мен кетемін, деп Ясы қаласына орналасыпты. Арада біраз уақыт өткен соң ата-анасына сөлем берейін деп Сайрам қаласына келгенде, әке-шешесі: "Е, қарағым, қайда болдың, қай жерден қоныс таптың деп сұрапты. Сонда, ол Ясы қаласын, яғни кейіннен өзіне ғимарат салынған жерді атапты. "Балам, сен ол жердің халқымен сұхбаттастың ба? Не байқадың?" - деген Ибраһим шайыққа Ахмет: "Иә, ата, сұхбаттастым. Ол жердің халқы арқаңнан қағып тұрады, аяғынан шалып тұрады. Соны біле тұра неге қоныс тептің дерсіз, жақсыны жолға салу оңай, жаманды да жолға салып көрейін" деген екен.

А.Дүйсенбі


Ахмет Ясауидің балалық шағынан бастап, Құдайға жанын тапсырған сәтіне дейін бойындағы даналық көрініп тұрады. Дінге берілуінен басқа тапқырлық, шешендік сөздері, нақыл-тәмсілдері де оны тұлғаландыра түседі, Әкесі Ибраһиммен жас кезінде өз дүниетанымы  бойынша қайшылықты пікірлерге келетін кездері де бар. Түркістанға барып қайта бір оралғанда, әкесі одан ол жактың елі қалай екен деп сұрайды. Сонда бозбала Ахмет: «Ол  жердің халқы арқаңнан қағып тұрады, аяғыңнан шалып тұрады - дейді. «Осыны біле тұра онда неге кеттің», - дейді. «Жақсыны жолға салу оңай, енді жаманды да жолға салып көрейін деп едім», - дейді.

Ораз Қауғабай


Әзиз рухын Алла киелі қылғай шайық Ахмет Ясауидің артықшылықтары. Қожа Ахмет Ясауидің атасы Ибраһим шайықтың бір – Мұса қожа атты асхабы бар еді. Бұл Мұса қожа 15 жыл Ибраһим шайықтың қылуетінде қызымет қылды. Ибраһим шайық Мұса қожаға: «Қызыр (алайх ис-саламның) ишаратыменен Ясы елінде суфра тұтқын»,- деп ижазат берді. 43 жыл Ясы елінде суфра тұтты. 40 жыл Қызыр (алайх ис-саламмен) бірге сұхбатта болды. Ол уақытта Ясауи Ахмет қожа 20 жаста еді. Қызыр (алайх ис-салам) айтты: «Ей, Қожа Ахмет Ясауи иелігіңді бізге бергін», - деді. Хазреті Қожа Ясауи иеліктерін оларға берді. Қызыр ата иеліктерін алып, былай деді: «120 жыл өміріңіз болсын және тағы қалың муриті бар ұлы машайық болғайсыз». Шайық Ахмет Ясауи (рахмат Аллах алайхи) Сайрам уәлаятынан келіп, Ясы елінде 100 жыл шайықтық қылды. Қожа Ахмет Ясауи (рахмат Аллах алайхи]  бамдат намазының сүндетін Ясыда қылып, парызын Кағбада қылар еді. Және тағы адина намазын Ясыда қылып және Қызырмен бірге Кағбада қылар еді және де Сайрамда қылар еді, және ғид намазын һам осындай. Және Суфи Мухаммад Данышманд Зарнуқи келді. Қожа Ахмет Ясауидің қызыметінде болып,  40 жыл қылует қылды. Содан соң Шайық Ахмет Ясауи Суфи Мухаммад Данышмандқа ижазат берді: «Барғын, Отырарда суфра тутқын»,- деп айтты. Суфи Мухаммад Данышманд Отырарда 40 жыл суфра тутди. 70 жыл Қызыр (алайх ис-саламмен) бірге сұхбатта болды. Және тағы Суфи Мухаммад Данышмандтың бір мүриті – Сұксұк қожа (алайх ис-салам). Ясауи Ахмет қожа ата қасында 12 жыл қызымет қылды. 112 жыл өмірі болды. 3 мың мүриті болды. Нағыз мүриті – Әулие Малік еді. Әулие Малік орнын Малік атаға берді. Малік атаның 90 жыл өмірі болды. Қызыр, Ілияс және абдалдармен бірге 70 жыл сұхбатта болды. Ясауи Ахмет қожа атаның 120 жыл өмірі болды. 12 мың сейіттері мен мүриттері болды. 40 қылуетханасы бар еді. Қылуетке кірер еді. 41-ші күні шығар еді. Ясауи Ахмет қожа ата Кағбаға барар еді. Және тағы айтар еді: «Шайық кім болады, 40 жыл қылуетпен бірге мүритті иеленсе, олай болмаса шайықтыққа жарамас деп, тағы шайықтыққа кім лайық, кім өз кінәсін көрсе, және басқа біреудікін көрмесе – оның қолдаушысы Қызыр мен Ілияс алайх ис-саламдар болар»,- деп айтар еді. «Шайық деуге кім лайық, сүндетті мұнда қылып, парызды Қағбада қылып, оған шайықтық халал болар. Олай болмаса, харам болар»,- деп еді. Сүлеймен қожа хакімге Ургеніш уәлаятын берді. 95 жыл өмірі болды. 70 йыл Қызырмен  (алайх ис-салам) бірге сұхбаты болды. 5 мың мүриті болды. Ясауи Ахмет қожа ата һар күнде өз жағасын ұстап, Хаққа сиынар еді. Ниязбен айтар еді: «Илахи әлем халқы оңалды, мен оңалмадым». Ясауи Ахмет қожа ақыретке ұласар болды. Сонда өз орнынына туысым, балам деп Маулана Сафи ад-дин Орұң Қойлақыға берді. Маулана Сафи ад-дин Орұң Қойлақының 93 жыл өмірі болды. 50 жыл Қызыр мен Ілияс алайх ис-саламдармен сұхбаты болды. Бірақ Суфи Мухаммад Данышмандтың бір кереметі бұл еді: бұлытқа мініп барар еді, таудан тауға асар еді. Мазары Отырарда сопыханада тұр. Сопыхананың жер суын 300 қызыл алтынға елінен сатып алды. Суфи Мухаммад Данышманд ханақаға уақыф қылды. Бірақ  Қаю тегін Суфи Мухаммад Данышмандты «шайық атам боларсыз», - деп, шеттің жер-суын берді. 9 атамнан келе жатқан бар  адал мүлкім болар. Басы – Өгіз таудан, аяғы – Қарашыққа дейін 200 қостық жер. Тәңрі (азза уа джалла)  ризалығы үшін, Мухаммад Расул Аллах шафағаты үшін уақыф қылдым. Бірақ  Қарғалық – Ысқақ баптың  бар.  Және 11 аталарымыз дүниеден өтті.                                                       

Сафи ад-дин Орын Қойлақы, 28-30 б.


 

Маулана Сафи ад-дин Орұң Қойлақы туралы аңыз-әңгімелер

 

(...) Ибраһим шайық атадан екі бала болады. Сол баланың бірінің аты – Садыр шайық. Садыр шайықтан екі бала тараған: бірінің аты Абд ал-Малік, екіншісінің аты Данышманд қожа (лақап аты Орұң Қойлақы). Данышманд қожадан Маулана Сафи ад-дин Орұң Қойлақы дүниеге келеді. Бұл кісі Қожа Ахмет Ясауидің немере інісі әрі ізбасары саналады. Шежірені ақырғы ұстаған кісі, осы Қойлақы. Осы аңыз-әңгімелер желісі сол аталмыш шежірені пайдалана отырып жазылды. Әрі онда айтылған, көрсетілген жерлерге арнайы барып, көзбен көріп, ой желісін жалғастарып отырмыз.

Бұл кісі тоқсан үш жыл өмір сүрген, ғұмыр бойы тәуіпшілікпен айналысқан. Маулана Сафи ад-дин Орұң Қойлақы бабамыздың сүйегі Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы Өзгент деген жерде жатыр. Ол жоғарыда айтып өткендей, Қожа Ахмет Ясауидің немере інісі, әрі ізбасары. (...) Ясауи ұрпақтарының шежіресін жазған да осы кісі.

Басқа әулие кісілерден бұл кісінің де өзіндік ерекшеліктері туралы аңыз-әңгімелері баршылық. Соның бірі мынадай: бірде оған Сырдарияның жоғарғы ағысында тұратын әулие кісі түсінде аян береді. Әлгі кісі: «Ей, Маулана Сафи ад-дин Орұң Қойлақы, мен саған мөрі бар тас жібердім, ол пәлен иірімде тұр, сен барып соны ал»,- депті. Орнынан тұрып, жігіттеріне әлгі тас тұрған жерді сілтеп жіберіп алдыртады. Шынында да, әлгі тас иірімде шыркөбелек айналып тұрған екен. Енді бұған жауап берейін деп ойланады. Содан ішіне су өтпейтін мықты бір сандықты жасатып, табанына ақ мата төсеп, ортасынан май шырағдан жағып қояды. Сырдың суын кері ағызып, әлгі сандығын суға жібереді де, өзі әлгі кісіге аян береді. Ол кісімен ертемен тұрып дарияға барса, айтқан жерінен сандықты көреді. Ашып қараса, шырағдан, әлі жанып бітпеген, мақтасы да құп-құрғақ, сол күйінде. Содан әулие кісі қайта аян беріп: «Мен сені мойындадым, әулиелігіңе күмәнім жоқ»,- деген екен. Қойлақының басына қам кесектен соғылған мазараты бар, әлгі тас сол жерде әлі де тұр. Қасында әкесі Данышманд шайық жатыр. Сәл әріде бабасы жатыр.

Садыр шайық бейіті орналасқан жерде ол кісі жайында ел аузында осындай әңгімелер көп сақталған. Біз әңгіме қызықты, тартымды, әрі дәлелді болу үшін осылай қысқа мысалдарға ғана жүгіндік.

С.Құрбанқожаев