Тайқазан ХIV ғ.

Тайқазанды 1399 жылы Қарнақ елді-мекенінде құйылған. Ұстасы Әбділәзиз ибн Шараф-ад-дин Табризи.  Қазанның салмағы 2 тонна, сыйымдылығы 3 мың литр, диаметрі - 242 см, тұғырдың диаметрі - 60,7 см. Қазанның биіктігі 162 см, тұғырының биіктігі 54 см, материалы 7 түрлі металдан. Мыс, мырыш, алтын, күміс, қола, қорғасын, темір.  . Ішкі бөлігінде ешқандай ою-өрнек, жазулары жоқ.   Тайқазанның бетіндегі жазулар үш бөліктен тұрады. Жоғарғы бөлігінде кіріспе сөзбен басталатын Құран Кәрімнің 9-сүресінен үзінді берілген, одан кейін Пайғамбар хадисі жалғасады, одан соң қазанның не үшін, кім үшін жасалғаны, аяқталған жылы берілген.

Қазақ тіліндегі мағынасы:

Аса Мәртебелі, Құт-берекенің иесі Алла айтты: «Сендер хажыларға су беру, Месжід Харамды жөндеуді [Аллаға, ахирет күніне иман келтіріп, және Алла жолында соғысққан кісі сияқты] көресіңдер ме»

Пайғамбар, ол кісіге сәлем болсын айтты: «Кімде-кім Алла Тағала үшін су құятын ыдыс жасаса, Алла Тағала жұмақта оған арнап хауыз дайындайды»

Бұл су құятын ыдысты ислам шайхысы, әлемдегі шайхтардың сұлтаны, Шайх Ахмет Ясауидің, Алла ол кісінің әзіз рухын киелі қылсын, мазары үшін жасауға ұлық әмірші, көп елдің тізгінін қолына ұстаған, Рахымды Патшаның [Құдайдың] айрықша қамқорлығын иеленуімен ерекшеленген Әмір Темір Көреген бұйрық берді. Алла Тағала оның билігін мәңгілік етсін! Жиырмасыншы шаууал, сегіз жүз бірінші /25 маусым 1399 жыл.  

Екінші қатар жиырма картушқа бөлінген. Оның қатар орналасқан екі бөлігіне сульс қолтаңбасымен шебердің өз аты-жөні жазылған болса, қалған он сегіз бөлігінде куфи қолтаңбасымен парсы тілінде құттықтау сөз бар

Қазақ тіліндегі мағынасы: 

Аса бай Алланың пақыр құлы, ұста Әбділәзиз  ибн Шараф ад-дин Табризи жасады. Құтты болсын

Үшінші қатарда куфи қолтаңбасымен 22 рет қайталана Құдайдың құдіреті жайлы ескерту жазылған

Қазақ тіліндегі мағынасы:  Байқаңдар, Бүкіл жаратыллыстың иесі Алла!