Теміржол вокзалы (1903ж.)

Республикалық маңызы бар ескерткіш. Орналасқан жері Тәуке хан даңғылы. 1903 жылы Орынбор-Ташкент темір жолының оңтүстік тармағын салу кезінде тұрғызылған. Қазіргі таңда бастапқы қызметін атқарып тұр. Топырақ аралас тастың үстіне кірпіштен қаланған. Негізгі 3 залдан тұрады: вестибюль, күту залы, ресторан және үлкен залдарды қосатын кең дәліздің екі жағын бойлай кішігірім бөлмелер орналасқан. Сәнделіп неше түрлі өрнектермен қаланған ғимараттың терезе оюлары мен есіктері, үстіңгі қабаттарының арка тәсілімен жабылуы, бірнеше қайтара иірімдер арқылы күрделі қалану тәсілі ғимаратты ерекшелендіреді. Қабырғалары қызыл бояумен боялып, қара бояумен кірпіш аралары бөлінген. Шатырлары көптеген мұнарашалармен сәнделген. Әр мұнара металдан иіліп жасалған декоративті композициямен безендірілген. Ішкі келбетінің барлық бөлмелерінде қабырға бояулы өрнектермен безендірілген. 1950 жылы құрылыс интерьеріндегі қабырға өрнектері жаңартылған. 1980 жылы қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. 1994 жылғы «Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштер шежіресінің» Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жинағына №595.1 санды нөмірімен енгізіліп мемлекет қарауына алынған.