АСТАНАДА ТҰҢҒЫШ РЕТ ЯСАУИ ХИКМЕТТЕРІ КӘСІБИ МУЗЫКА ТІЛІМЕН НАСИХАТТАЛАДЫ

ТҰҢҒЫШ РЕТ Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Астана қаласы әкімдігі, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі және Астана қаласы мемлекеттік филармониясының ұйымдастыруымен Қожа Ахмет Ясауидің хикметтері кәсіби музыка тілімен насихатталады.

Қазақстанда алғашқы рет өтетін шығармашылық кеште елге белгілі ағайынды композиторлар - Серікжан және Әліби Әбдінұровтар осы тақырыпқа арнайы жазылған концерттік бағдарламасын ұсынады. 

Қазақстан композиторлық мектебінде рухани тақырыпқа алғашқы рет қалам тартқан ағайынды композиторлар қасиетті Түркістан облысы Отырар топырағынан нәр алып, саналы шығармашылық жолында Қожа Ахмет Ясауидің рухани ілімін басты тақырып етіп таңдаған өнер иелері.
Концертке Астана қаласы мемлекеттік филармониясының академиялық симфониялық оркестрі, камералық хоры, жеке орындаушылар және Павлодар қаласынан арнайы келген вокалдық квинтет (әншілер тобы) қатысады.

«Хикметтер» симфониялық дастаны ұлы бабамыздың «Диуани хикмет» кітабын оқу барысында туған толғаныстар «Мәңгілік» дауыс пен симфониялық оркестрге арналған шығармада сазгер Ясауи ілімінің рухани маңыздылығына, тереңдігіне көңіл бөледі.

Сонымен қатар, Астана концерт залының фоесінде 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай «Елбасы және Түркістан» тақырыбында көрме келушілерге қызмет көрсетеді. Үш бөлімге топтастырылған көрме экспозициясына қорық-музей қорынан 60-тан астам жәдігер қойылады. Көрменің бірінші бөлімінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 1985 жылы Қазақ ССР Министрлер кабинетінің басшысы, егеменді, тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті тұсындағы, бауырлас Түркия Республикасының Президенттері Тұрғыт Озал, Сүлеймен Демирел, Ахмет Сезар, Абдулла Гүл, Реджеп Тайып Ердоған, Өзбекстан Республикасының Президенті И.Каримовпен, 2018 жылғы Түркістандағы ресми сапарларынан сыр шертетін фотосуреттері экспозициядан орын тебеді.

Көрменің екінші бөлімінде әулиелердің Сұлтаны атанған Қожа Ахмет Ясауи мұрасына арналады. Қожа Ахмет Ясауидің артында қалған баға жетпес мұралары ХVІІІ ғасырға тән «Диуани хикмет» кітабының қолжазба және баспа нұсқалары, ХІХ ғасырда қайта көшірілген «Рисоллә дәр адаби тариқат», «Насабнама» шежіресі, ұлы тұлғаның шәкірттері С.Бақырғанидің «Диуан» қолжазба еңбегі, Шейх Худайдад Таш-Мухаммед әл-Бухаридің «Бустан уль Мухиббиннің» түркі тілінде жазылған қолжазба еңбегі, Ә.Науаидің «Ғазалдары», Софы Аллаярдың «Муслик ал-Муттакин», «Әулиенің өсиеттері» еңбегі, Қожа Хафиздің «Диуаны», Имам Мағрудидің «Қиссалары», Әулие Биделдің «Диуан» еңбектері қойылады.

Көрменің үшінші бөлімінде Түркістан өңіріндегі киелі орындар мен тарихи ескерткіштер жайында фотосуреттер көпшілік назарына ұсынылады.

Аталмыш шаралар 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай ұйымдастырылады. 

Кеш 2018 жылғы 30 қараша күні, сағат 17:00-де Астана қаласы, "Астана" концерт залында өтеді.