Цитадель қамалы қайта қалпына келтірілуде

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің шығыс жақ бөлігінде орналасқан Цитадель қамалының қабырғасына қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде.

Қамал қорғанның сынған қыштары мен баспалдақтары жаңартылып, сыртқы қабаты қайта ретке келтірілуде.

ХVІ-ХІХ ғасырларға тән республикалық мәртебеге ие ескерткіш фортификациялық құрылыс түріне жатады. Координаттары: 43˚17.894΄, 068˚16.262΄. Теңіз деңгейінен биіктігі — 221метр.

Цитаделдің фортификациялық құрылыстарына алғашқы археологиялық барлау жұмыстары 1973 жылы жүргізілген. Қазба жұмыстары барысында ХІХ-ХХ, ХVІІ-ХVІІІ, ХІV-ХVІғғ. жататын қамал қабырғасының үш құрылыс горизонты аршылған. А.И.Добромысловтың мәліметіне сүйенсек, цитаделді қоршаған қамал ХХ ғасырдың бас жағында қирай бастаған. 1978-1979 жылдары реставраторлар жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижесінде қорған қамалының солтүстік-шығыс бөлігі мен шығыс мұнарасы және солтүстік-шығыс қақпалары қайта қалпына келтірілген.
Қамал қорғанның үстіңгі жағы тісті болып аяқталған. Мұнарасы дөңгелек пішіндес, бөрене төсемдерімен жабылған. ХІХ ғасырдың ІІ- жартысынан кейін қамал қабырғалары өзіндік қорғаныс белгілерін жоғалтып қираған. Кейіннен 1980 жылы қабырғалардың фрагменттері қайта қалпына келтіріледі. Қорған қамалына 1998-1999 жылдары Түркістан реставраторлары біршама жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Қамал қорғаны 1994 жылғы «Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштер шежіресінің» Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жинағына №590.4 санды нөмірімен енгізіліп, мемлекет қарауына алынған.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі 

Алдыңғы ақпарат

«Карл Байпақов — археология сардары» көрмесі ашылды

Келесі ақпарат

«Ұлы даланың дегдар тұлғалары» атты көрме-дәрісі өтті