БЕРЕЛ ҚАЗЫНАЛАРЫ

2023 жылдың 14 наурыз күні сағат 11.00-де Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің қолдауымен, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі, «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы және «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы бірлесіп, Түркістан қаласында «Берел қазыналары» атты көрменің тұсаукесерін өткізеді.

Мыңжылдықтар тарихын арқалаған Берел қорымы – Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары қатарына енген қасиетті мекен. Берел қорымын ең алғаш болып 1865 жылы Вильгельм Радлов зерттеп, осы ауамақтағы ең алып нысан «Үлкен Берел қорымын» ашқан болатын.
Арада 100 жыл өткенде Берел қорымына Ресей Федерациясының мемлекеттік Эрмитажынан Сергей Сорокин археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Одан кейінгі кезекте есімі Берел ескерткіштерімен қатар аталатын отандық зерттеуші Зейнолла Самашев. Ол 1998 жылы Берел қорымындағы археологиялық зерттеу жұмыстары барысында №11«патшалық обадан» алтынмен апталған 13 тұлпар мен сол заманның көсемі болған бекзада мен әйелдің сүйегін тапты.
Берел қорымы обалардан табылған ақсүйектер мен скиф-сібір аң стилінде жасалған заттарының нәтижесінде әлемге әйгілі болды. Ондағы тоң басқан обалардың беретін мәліметтері де ерекше. Қорымда киім, ат-әбзелдері, ағаш бұйымдары, ер тоқым, тері мен киізден жасалған заттар шірімей, жақсы сақталған. Берел қорымынан табылған заттарды зерттеуде алғаш рет жаратылыстану ғылымдарының әдістері пайдаланылды. Бұл зерттеулердің нәтижесінде ерте көшпелілердің ДНҚ-сын анықтауға болатын, сонымен қатар Берел даласының палеоэкологиясы, палеозоологиясы мен антропологиясы бойынша құнды мәліметтер алынды.
Түркістан облысында алғаш рет өткізгелі отырған көрме экспозициясына Берел қорғандарындағы қазбалар, онда табылған скиф-сібір аң стиліне немесе сақ өнеріне (б.з.д. V-III ғғ.) жататын алтын бұйымдар мен жылқы салтанатының реконструкциясы, жылқының сүйектен жасалған ер-тұрмандары, сақ қорғанынан табылған ат-әбзелдері, қола айна, әшекейлер өзге де заттар қойылады.
Көрме Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің және «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының қорларында сақталған сақ өнерінің бірегей көрсеткіші — Берел қорымының табылымдарын Түркістан қаласының тұрғындары мен қонақтарына таныстыруды, қазақ жерін мекен еткен ежелгі тайпалардың мәдениеттерін насихаттауды мақсат тұтады.
Көрме Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің Үлкен Ақсарай бөлмесінде ашылады.
Жақсыға жаны құмар жандарды көрмені тамашалауға шақырамыз.
Байланыс тел.: 8 725 33 3 23 00,
Моб.: + 77055567305, +77079591213.
Алдыңғы ақпарат

Әйелдер қауымына арнайы сый-сияпат табысталды

Келесі ақпарат

ТҮРКІСТАН АРХЕОЛОГИЯСЫ