«Бустан ул-мухиббиннен» үзінді
«Иршадта» Аллаға жету жолы – үшеу дейді: Шариғат, тариқат және хақиқат. Бұлардың ғылымы бар. Әр бірінің ғылымын білмей амал қылса немесе ғылымын біліп амал қылмаса – пайдасыз. Ей, достар! Бұл үшеуін мысалменен баян қылайық. Шариғат кемеге ұқсар, тариқат теңізге, мұхитқа ұқсар, хақиқат – теңіз түбіндегі інжу-маржанға ұқсар. Егер дүр керек болса, ол кемеге мініп, теңізге шығып, түбіне сүңгіп дүрді алады. Кімде-кім бұл тәртіпті тәрк қылса, ол Алла тағалаға жете алмайды. Олай болса бірінші тәліпке (Алланы іздеушіге) шариғатты білу уәжіп. Әуелі шариғат киімімен өзіңді безеп, әдемілеп, әсемдемесеңіздер шариғатсыз тариқатқа қадам қойып болмас. Шариғат білмей, Алла тағаланың фарыз еткендерінен бір фарызды немесе сүннеттерден бір сүннетті тәрк қылған бір кісіден аспанға ұшқанын немесе дарияның үстінде жүргенін немесе отқа кіргенін, басқа да кереметтерге ұқсас нәрсені көрсеңдер иланып қалмаңдар, дәруіш пен шайқылыққа жарамайды. Ол кісі – сиқыршы дүр. Және бұл әрекетті – сиқырлық дейді. Олай болса шариғатты біліп, оған амал қылу керек. Шариғат киімімен Хаққа амал қылынса, оның нұры көңілге орнап, жарқырап ішкі айыптар көрінеді. «Шарху әл-Иршадта»: «Адамның жүрегіндегі қараңғылықты кетірудің мағынасы – күнә мен ғафылдықтың себебінен ішкі дүниеде пайда болған ит, шошқа, арыстан, аю, жылан, шаян және басқа түрлі суреттегі шайтани жаман қылық, айыптарды білу. Нәпсі мен шайтан бізді оларға табиғ қылдырар. Бір мәрте сәжде қылдырып, бір мәрте рукуғ қылдырар. Біз ғафылдықпен білмеспіз. Қазір кісінің айыбын дастан қылып айтамыз, ал өз айыбымызды нәпсіміз жеңіп, ғафылдықпен білмейміз. Бірақ шариғатпенен ішкі дүниемізде бұл зарар қылып жатқан не нәрселер екенін білеміз. Шариғат – ол шырақ. Оныменен бұл дұшпандарды сезіп, байқаушыларды «көкірек көзді көсемдер» дейді. …
Бірақ ол зиянды нәрселер тер төгіп, азап шекпегенге шейін шариғат амалыменен жоғалып, ажырап кетпейді. Ол азап шегу – тариқат ілімі мен амалы. Тариқат ілімімен оларды кетіру үшін амалдың ең маңыздысы – нәпсіні күреске салу керек. Оның төрт зынданы бар. Бұл нәпсіні күрескер жанын қолға алып, риязат оғымен дұшпандарды зынданға салады. Аталар риязаттың оғын – батинның қылышы дейді. Ол – жария зікір дүр. Оны ұлылар – ара зікірі дейді. Нәпсі аммараның мойынын сол ара зікірімен кеседі. Сол үшін оған «ара зікірі» деп ат қойған. Оны Хақ Тағаланың да «арасы» дейді. Кісінің жүрегінің тірі болулығының шарты – жария зікір. Жария зікір болмаса, жүрек тірі болмас. Жүрек тірі болмаса, құпия зікірге қол жеткізе алмай, лас ой дертіне ұшырайды. Бұл айтылған төрт зындан – аштық, сергектік, сөйлемеу, халықтан қашу. Осы төрт зынданмен нәпсінің сипаттары әлсірейді. Көркем амал мен жүректің тазалығы осы төрт зынданның әрбіреуімен жүректегі нәпсіге түсірілген қысымнан қолға келеді. Түгелдей адамның көзін тұмшалаған перделерден тазарғандықтың белгісі – адам баласының ішкі дүниесі тазарған кезде жүретін жолының нұрының жарығы жарқырап тұрады. Бұл мәселелер «Әсасу әл-муридин» деген кітапта айтылған.
Біліңдер, ей, достар! Алла Тағала адам баласын үш нәрседен жаратты: бірі – нәпсі, бірі – жүрек, бірі – рух. Үш мақұлыққа үш ілімді тапсырып міндеттеді: Нәпсіге – шариғатты, жүрекке – тариқатты, рухқа – хақиқатты. Бұл үш ілім парыз болды. Олай болса білің, ей достар! Шариғат, тариқат, хақиқаттың мағыналарын білу қажет болды. Шариғаттың мағынасы — Құдай Тағала мен Оның Елшісінің әмір еткендерін айтады. Мысалы: иман, таһарат, намаз, ораза, хаж, зекет, халалды талап қылып, харамнан қашу, жақсылыққа шақыру, жамандықтан тыю. Бұлардың баяны шариғат кітаптарында көп. Талап қылушылар бұл мәслелерді сол кітаптардан іздесін немесе шариғат ғұламаларынан сұрасын.
Бірақ тариқат мағынасы – айрықша сақтық және батыл шешім. Бұларды біліп амал қылмақты «тариқат» дейді. Әһлі мағрифат айтады: «Тариқаттың мағынасы – шын көңілімен Алланы қазір тұтып амал қылу». «Танбиһта»: «Тариқатта иманның екі жағы бар: бірі Алла Тағаланың әрекеті – һидаят пен тауфиқ, бірі – пенеденің әрекеті, тілімен қайталап, көңілімен илану.
«Раузатта»: «Әһлі тариқаттың тазаланатын заты ол дүр күнә-қылмысты тәубе және истиғфардың суымен жуып, жүрегін ғадауат пен қиянаттан пәк қылады. Бірақ әһлі тариқат пен әһлі мағрифаттың тазаланатын заты – төрт ағзасын төрт нәрсемен жуу. Жүзін – көзінің жасымен, тілін – Алланың зікірімен, жүрегін – Алладан қорқынышпен жуады, күнәсін – тәубеменен жуады. Яхия бин Муғаз: «Әбден тазарып, ізгі, салихтан болып достыққа лайық болу үшін нәпсіні төрт суменен бірге жуу керек: жүзін ұяттың суымен, тілін шынайы кешірім сұрау суымен, өзге ағзасын қызмет суымен, жүрегін өкініш суымен жуу керек» дейді.