Ә Б І Л П Е Й І З Х А Н

Әбілмәмбетұлы Əбілпейіз – Қазақ хандығының XVIII ғасырдағы қарамақайшылығы мен ұрыс-жорықтары мол кезеңіндегі көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Жоңғария мемлекеті құлағаннан кейін қазақтардың шығыс өңірге қоныстануын бастаған ұлыс билеушісі. Орта жүз ханы Əбілмәмбеттің ұлы. Тарихи деректерде оның есімі «Əбілпеиіз», «Əбулфаиз» деп жазылады.
«Қазақ арасында найманға Әбілпейіз хан болған заманда ел Құлжа, Шәушек қолтығы, Жайсан көлінің жоғарғы жағына, Ертістен өтіп, Алтай етегіне дейін барғаны деректерде кездеседі» (Артыкбаев, 2001: 153). 1771–1783 жылдары Шығыс Қазақстан аймағында билік жүргізген. Орыс жазба деректерінде Әбілмәмбет ханның ұлдары Болат, Әбілпейіз туралы «Бірі – Алтай арғын, екіншісі – қаракерей найманда билік етеді» деген дерек айтылады. Ол жастайынан қазақ қоғамында қалыптасқан саяси-әлеуметтік, экономикалық жағдайға қарай көптеген жауапты тапсырмаларды орындайды. Жоңғарға қарсы соғыста атағы шығып, Абылай ханның сенімді әскери серігі болады. 1757 жылы қалмақтарға қарсы соғыста, қытайлармен болған Тарбағатай, Алтай таулары үшін күресте ерекше танылады. Ресейге, Қытайға елшілер жіберіп, көрші елдермен сауда-саттықты нығайтуға тырысқан. XVII ғасырдың екінші жартысындағы Қазақ хандығы мен Цин империясы арасындағы қарым-қатынастарға байланысты құжаттарда «қазақ Әбілпейіз жіберген елшілер» туралы деректер көп кездеседі (100 құжат, 66–67). Қытаймен дипломатиялық байланыстар орнатып, қазақ-қытай, қазақ-орыс қатынастарының дамуына зор үлес қосты (Қазақстан, Ықшам энциклопедиялық сөздік, 2005: 84). Әбілмәмбетұлы Әбілпейіз ханның 1783 жылы жайлауда қайтыс болып, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленгендігін Құрбанғали Халидұлының еңбегінен алынған деректер дәлелдейді. Соған қарағанда Шыңғыстаудың солтүстік беткейінде, Әлпейіз өзенінің жоғарғы жағында, Әбілпейіз бейітінің басына салынған кесенесі ханның уақытша қойылған жері болса керек.
Алдыңғы ақпарат

«Бустан ул-мухиббиннің» (Алланы сүюшілердің бақшасы) кіріспесінен үзінді.

Келесі ақпарат

АЛЛАҒА ЖЕТУ ЖОЛЫ