МАҢЫЗДЫ :

nothing found

«Әзірет Сұлтан» музей-қорығы мен Имам Бухари орталығы ынтымақтастық меморандумына қол қойды

Бүгін «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы мен Имам Бухари халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы (Өзбекстан Республикасы) арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Кездесу барысында өзбекстандық әріптестер орталықтың қызмет бағытымен таныстырып, арнайы презентация ұсынды.

Іс-шараға «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы директорының міндетін атқарушы Нұрлан Дүкенбаев, ғылыми жұмыстар жөніндегі директордың орынбасары, профессор Мұрат Тастанбеков, сондай-ақ «Ясауитану» ғылыми орталығы басшысының міндетін атқарушы, профессор Гаухар Примкулова қатысты.

Сонымен қатар кездесуге Имам Бухари халықаралық ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор, доктор Шовосил Зиедов, директордың орынбасары, доктор Отабек Мухаммадиев және бөлім басшысы, доктор Шукурилло Умаров қатысты.

Аталған келісім екі мекеменің ғылыми және мәдени әлеуетін тоғыстырып, кәсіби әріптестікті жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам болып табылады. Меморандум тараптар арасындағы ұзақ мерзімді серіктестікті нығайтып қана қоймай, бірлескен жобаларды іске асырудың нақты құқықтық негізін қалыптастырады.

Тараптар төмендегі бағыттар бойынша ынтымақтастық орнатуға уағдаласты:
– ғылыми және мәдени жобаларды бірлесіп әзірлеу және жүзеге асыру;
– мәдениет, тарих, қолжазбаларды зерттеу, өнер және музей ісі салаларындағы зерттеулердің басым бағыттарын айқындау бойынша өзара кеңес беру;
– бірлескен ғылыми және ғылыми-практикалық конференциялар, семинарлар, симпозиумдар, дөңгелек үстелдер, қонақ дәрістер, шеберлік сыныптары, мәдени күндер мен өзге де білім беру бастамаларын ұйымдастыру және оған қатысу, сондай-ақ көшпелі семинарлар өткізу;
– тарих, қолжазбаларды зерттеу, өнер және музей ісі салаларында бірлескен ғылыми бағдарламаларды жүзеге асыру, ғылыми материалдар мен зерттеу нәтижелерін өзара алмасу.

Бұл бастама халықаралық мәдени интеграцияны нығайтып, тарихи мұраны сақтау мен зерттеу жолындағы ортақ іс-қимылдарға тың серпін береді. Екі мекеме арасындағы ынтымақтастық ортақ рухани құндылықтарды жаңғыртып, ғылыми байланыстардың кеңеюіне жол ашады.

«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы алдағы уақытта да әлемнің жетекші ғылыми және мәдени ұйымдарымен серіктестікті кеңейтіп, Қазақстанның бай мәдени мұрасын халықаралық деңгейде танытуға бағытталған жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыра береді.

А. Әлібек, баспасөз хатшысы.

Алдыңғы ақпарат

«Сирек жәдігерлер залы» көрмесі

Келесі ақпарат

Түркістанда Девин ДиУистің Ясауи мұрасына арналған ғылыми зерттеу жинағының тұсаукесері өтті