
ХІХ ғасырдың көркемдік тарихи-сәулет ескерткіші. Республикалық маңызы бар. Орналасқан жері Әйтеке би көшесі, №1Б. Казарма ғимаратымен қатар тұрған бұл құрылыс Түркістан гарнизоны кешенінен сақталынған екінші ғимарат. Құрылыс Әйтеке би, Байбұрт көшелерінің қиылыстарында орналасқан. Типтік жобада тұрғызылған, қабырғалары кірпіш, сыланбаған, іргетасы тастан қаланып, шатыры қаңылтырмен жабылған. Штаб ғимараты «кірпіштік стиль» үлгісінде тұрғызылып, жобасы бір қабатты, құрылымы тік бұрышты болып келіп есігі көше жақ бетінде орналасқан. Қабырғалары кірпіштен, іргетасы тастан қаланған, кіретін есігі және терезе жақтаулары кірпішпен өрнектелген.
Жобасы бір қабатты, тік бұрышты ғимараттың негізгі есігі көше жақ (Әйтеке би көшесі) бетінде орналасқан. Осы фасад бетінің тектоникасы (құрылыстың пропорциялық, құрылымдық, сәндік шешімдерінің көркемдік жиынтығы) терезе асты ойыңқы филенкалар, карниз және жалпы қабырға бетінен сыртқа шығыңқы етіп декоративті қаланған кірпіштерден тұрады. Осы әдіспен терезе үсті де әшекейленген. Ғимараттың көше жақ беті кішірек, жартылай шығып тұрған тік бұрышты калоннадамен толықтырылған.
Ғимараттың бөлмелері дәліздік жүйеде орналасып олар көше және аула жақтарға бағдарланған. Ішкі келбетінде мәнерлі бөлшектер қолданылған. 1970 жылдары құрылыстың ансамбілімен сәйкестендіріп қосымша бөлім салынып, үсті қаңылтырмен жабылған.
Құрылыс алғашқы (1875-1885 жж.) жобасында ұзындығы 30 м, ені 12,7 м, іші 7 үлкен бөлмелер мен файеден және дәліз-корридордан тұрады. Ал, 1970 ж. қосымша екі жағынан қосылған бөлмелер неізінде ұзындығы 52,5 метрге ұзарған және ОБ беті 2,6 м ұлғайтылып 15.3 м жеткен. Бөлмелері де көбейтіліп 15-ке жеткен, одан басқа төрт кішігірім дәліз бен ұзындығы 22 метрлік үлкен залмен толықтырылған. Бұл кезде құрылыста қаладағы мемлекеттік банк мекемесі орналасқан болатын.
Ал, 1875-1885 жж. салынған алғашқы ғимарат Түркістан қаласына орналасқан атқыштар батальонының әскери штабы ретінде пайдаланылған. Алғашқы қалаға кірген Н.А. Веревкиннің отрядында 5 рота жаяу әскер, 2 казактар жүздігі, 100 қазақ еріктілері, 44 офицер мен 1593 төменгі шенді қызметкерлер болды (жалпы саны 2440-тай адам). 1864 ж. күзде қалада шамамен 500-дей әскер болған. Иқан түбіндегі соғыста В.Р.Серов басқарған орыс әскрелерінің саны 114 адам болса, қаладан оларға көмекке 220 адамнан тұратын отряд жіберілерді. Оған қоса қаланы қорғауға 150 солдат қалдырылады десек жалпы саны 500-дей болады. Бұған кемі 40-50 адам болатын офицерлерді де қосу керек. Қала цитаделінде (кесененің СШ беті) екі үлкен казарма солдаттарға арналып салынды, кіші офицерлерге арналып тағы бір казарма цитадель мен осы гарнизон штабының арасына тұрғызылды. Гарнизон штабына қарама-қарсы орналасқан әскери Лазарет (емхана) кеңес дәуірінде «роддомға» айналдырылды, ал С.Ерубаев музейіне қарама-қарсы орналасқан әскери гауптвахта кеңес дәуірінде НКВД түрмесіне айналды. Қазіргі қалалық спорт мектебінің әкімшілігі отырған жай орыстар 1880-ші жылдары салған Әскери Николай шіркеуі болып табылады.
Гарнизон штабында мемлекеттік банктен соң 1990-шы жылдары Қазынашылық банк жайғасты. Ал, 2019 ж. мұнда «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының әкімшілі мен барлық бөлімдері, ғылыми кітапханасы 2024 ж. дейін тұрып келді. Бүгіндері реставрация жасалуын күтіп отырған бұл құрылысқа болашақта Этнография музейі орналасады деп жобалануда.
1994 жылғы «Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштер шежіресінің» Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жинағына №594.1 санды нөмірімен енгізіліп мемлекет қарауына алынған.
Әдебиеттер:
- Малиновская Е.Г. Штаб гарнизонный, ХІХ в. // свод памятников истории и культуры Казахстана. Южно-Казахстанская область. А., 1994. – С.282-283. № 594.1.
- Гарнизон штабы, ХІХ ғ. аяғы // Түркістан өңіріндегі тарихи-мәдени ескерткіштер. А., 2016. 149 б. №125.
- Гарнизон штабы // «Әзірет Сұлтан» энциклопедиясы. І-том. Түркістан, 2021. 105 б.