МАҢЫЗДЫ :

nothing found

ЖӘУДІР АНА МЕШІТ-МЕДРЕСЕСІ, ХІV-ХV ғғ. – ХІХ-ХХ ғғ.

Қожа Ахмет Ясауидің кесенесінен оңтүстік-шығысқа қарай 1 шақырым қашықтықта орналасқан. Республикалық маңызы бар ескерткіш. Координаттары: 43.29111748, 068.2734985. Түркістанда ХХғ. бірінші жартысында жұмыс істеп, ел жадында қалған көптеген мешіттердің бірі – Жәудір ана мешіті болды. Жәудір ана мешіт-медресесі туралы деректер елдің аузында қалып, атадан балаға жеткен аңыз – әңгімелер негізінде бүгінге дейін жетті.

ХІХғ. 40-шы жылдары Түркістан мешітінде сауатын ашып, емші атанған Жәудір ана туралы келесі дерек бар. Түркістанға келген Жәудір ананың кейіңгі ғұмыры осы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңында өткен. Медреседе дәріс беріп, бақ өсірген. Жергілікті елдің есінде «Жәудір мешіті», «Жәудір бағы» болғаны туралы дерек бар. Бақ өсіріп, дәріс берген ананың өнегелі істері ел жадында қалған. Аңызға сенсек, XIV-XVғғ. Әзірет Сұлтан кесенесімен қатар бір мешіт салынған, ол мешітті тұрғындар қам кесектен салдырған адамның атымен Әжі Ахмет мешіті деп атап кеткен.

Кәдірбай Сармолдаевтың естелігіне сүйеніп жазылған С.Байдәулетовтың зерттеуінде Жәудір ана туралы мынандай деректер келтіріледі. Онда «Әзберген ақынның бабаларының айтуынша ендігі мешіт ұстайтын Әжі Ахмет әулетінен аяқ-қолы кеміс қыз туады. Сол қыз айығып, бой жетіп Әжі Ахмет мешітін ұстайды» деген өсиет сөз қалған. Тақуа көріпкелдің айтқаны келіп, 1810ж. Әжі Ахмет әулетінен аяқ-қолы кеміс қыз туылады. Қыздың бабалары осы Әжі Ахмет әулетінен тарқаушы Қарақағай батыр. Қарақағай батыр жоңғар шапқыншылығына қарсы соғысқан Әбілхайыр ханның замандасы кіші жүздің батыры Тайлақ батырмен туыс, әрі ізбасары еді.

Осы Қарақағай батырдан 9 ұл туған, үлкен ұлы Көкен, Көкеннен Ораз, Дүзей, Қойбасар, Төлежандар дүниеге келген. Ораздан  Шоң, Жәудір туып Жәудірдің аяқ-қолы кеміс болып, кейін 10 жасқа толғанда түзелген, 15 жасында атақты сұлу атанады, 18 жасында тұрмысқа шығады да бұл некеден бір қызы болады. Бірақ, жаугершілік заманда жолдасынан, кейін қызынан айырылады.

Осындай қайғы-қасіреттен соң, Жәудір апамыз Түркістанға оралып, екі рет Меккеге барып келіп, осы Түркістанда Әжі Ахмет медресесінде сауатын ашып, тәуіп, құшнаш атанып шамамен 1840 ж. бабасының мешіт-медресесін қолға алады. Бұл кезде Жәудір 30 жаста болған. 1850 ж. Әжі Ахмет мешіт-медресесіне Жәудір апамыз қайта жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Осы жылдардан бастап  Әжі Ахмет мешіт-медресесі – Жәудір  мешіт-медресесі деп атала бастайды.  1914 ж. Сәтбай, Самұрат болыстар Түркістанға келіп, жасы 104-ке келген Жәудір ананы «мешіт ашып, үлгі көрсетіңіз» деп еліне алып барады. Жәудір ананың оларға қойған шарты бала оқытып, мешіт салу болған. Дерек бойынша, Жәудір ананың шартымен, Қостанай жерінде, Қамысты ауданында Қарасу, Кіндікті өзендері аралығындағы қамысты жердегі Әзім әулиенің жанына мешіт салынады. Осы деректер негізіне сүйенсек, Жәудір ана 1918 ж. 108 жасында қайтыс болып Әзім әулиенің жанына жерленеді.  Сол кездегі саяси ахуалдың қиындығынан Жәудір ананы Түркістанға алып келіп жерлеуге мүмкіндік болмаған. Қостанай өңірінде болыстардың көмегімен тұрғызылған «Жәудір мешіті» 1932 ж. Совет үкіметінің белсенділері тарапынан қиратылады. Бұл жайында (Жәудір мешіті) қазіргі таңда Қостанай облыстық мұрағатының қызметкерлерінен сұрастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

2008ж. қазба жұмыстарының нәтижесінде төмендегі жағдай анықталды:
— ХІV-XVғғ. салынған мешіт Әжі Ахмет мешіті деп аталды;
— ХVІІ ғ. Әжі Ахмет  мешіті орынына жаңадан мешіт салынған;
— ХІХ ғ. 40 ж. Жәудір Қостанайдан Түркістанға келеді;
— ХІХ ғ. 50 ж. Әжі Ахмет мешіт-медресесіне Жәудір қайтадан жөндеу жүргізеді;
— ХІХ ғ. 50 ж. бастап Әжі Ахмет мешіт-медресесі, Жәудір мешіт-медресесі деп атала бастады;
— ХІХ ғ. аяғында Жәудір мешіт-медресесінің қақпасы  жөндеуден өткен;
— Жәудір мешіт-медресесі 1937 –1938 жж. бұзылған.

Біздің пікірімізше бүкіл Түркістан аймағына аты белгілі бұл мешіт орыны қалай болғанда да сақталып қалуы тиіс. ХХ ғ. басындағы Түркістан қаласы мен оның маңындағы 62 мешіттің ең көнесі (ХV ғ.) және ең атақтысы – Жәудір (Қажы Ахмет) мешіт-медресесі қарапайым махалләлік мешіттен қарылар дайындайтын оқу орны дәрежесіне дейін көтерілген бірден-бір діни орталық. Түркістан мешіттерінің ішінде оның алатын орыны ерекше, себебі, жоғарыда айтылған 60-тан аса мешітке қажетті қарылар (қари – Құранды түгел жатқа оқитын адам) дайындайтын орталық болғандықтан мұнда Құран мен Хадистерді, Шариғатты терең түсініп, талдап, аударып, мағынасын жеткізіп бере алатын аса ірі ілімгерлер ғана сабақ беретін болған.

1914ж. туылған, Жәудір мешіт-медресесінде оқыған Е.Сулейменовтың айтуынша «Жәудір-Әжі Ахмет мешіті» деп те аталған. Мешіт төрт бөлмелі, керемет нақышты (ғанышпен сәнделген), өте биік мұнаралы, мешіттің биіктігі екі үйдей, едені күйдірілген кірпішпен жалтыратылған (төселген), төбесі ағашпен өрнектелген мешіт болған. Жанында алыстан келіп оқитын шәкірттер үшін жатақханасы болған.

Н. Абдуллаевтың дерегі бойынша – Хан көшесінің бір жақ бетінде Жәудір мешіті болған, ол биік, зәулім, шошақ (күмбезі) етіп салынған. Осы деректе Жәудір мешіт-медресесінің 50-60 га жүзімі бар «Жәудір бағы» да болғандығы айтылады.

К.Сармолдаев Жәудір ананың ағасы Шоңнан тараған ұрпағы, ол кісінің айтуынша Жәудір ана 60 жылдан аса ғұмырын Әзірет Сұлтан ғимаратының жанында өткізген. Жәудір мешіті, Жәудір көшесі, Жәудір бағы болған. Жәудір ананың «Сахи бай», «Әжіақбар» деген атақтары болған, деректерде ол кісінің қажылыққа екі рет барғандығы (тағы бірінде 7-8 рет барғандығы) және «қажы-әжі» деген атағы барлығы айтылады.

Әдебиеттер:

  1. Тұяқбаев М., Өсеров Т., Мұсабаев Қ. Түркістан археологиялық отрядының 2013ж. Жәудір ана мешітінің орынында жүргізген жұмыстарының есебі. Т.,2013. Ескерткіштерді қорғау бөлімінің архиві.
  2. Тұяқбаев М. Түркістан археологиялық отрядының 2013ж. жүргізген қазба жұмыстары// «Марғұлан оқулары — 2014» Конференция материалдары жинағы. Алматы – Павлодар, 2014. 229-237бб.
  3. Мұсабаев Қ., Тәшенов Т. Жұрт жадындағы Жәудір. / «Айқын» газеті. 2013, №10, Қыркүйек.
  4. Мұсабаев Қ. Жәудір мешіт – медресесі орнында жүргізілген археологиялық зерттеу //РМК Археология мұражайының 40ж. арналған «Қазақстан археологиясы: қортындылары және келешегі» атты халықаралық конференция материалдары. А., 2013. 183-190бб.
  5. Жәудір мешіті // «Әзірет Сұлтан» энциклопедиясы, І-том. Түркістан, 2021.143-144 бб.
  6. Байдәулетов С.С. Алтын киімді ханзада ұранды қарт қазақтар. А.,2000. -292бет.
Алдыңғы ақпарат

ЖҰМА МЕШІТІ, ХІІ – ХІХ ғғ.

Келесі ақпарат

ХАН МЕШІТІ, ХVІІІ-ХХ ғғ.