Бүгін Ясауи музейінің акт залында «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен әлемге әйгілі америкалық ғалым Девин ДиУистің «Қазақстан мен Орталық Азиядағы ислам және Йасауийаның мәдени тарихы» атты зерттеу жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. Кітапта Қожа Ахмет Ясауи мұрасы мен сопылық дәстүрдің Орталық Азия тарихындағы орны кең ауқымда қарастырылып, Йасауийа дәстүрінің мәдени және рухани мәні терең талданған. Зерттеу жинағы «ЦентрКредит Банк» АҚ-ның демеушілігімен 1000 дана таралыммен жарық көрді.
Мемлекет басшысы Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда: «Түркістанды Ясауисіз елестету мүмкін емес. Әйгілі ғұлама тұтас түркі дүниесінде ислам дінінің орнығуына зор үлес қосты. Ясауиден бастау алатын қазақ жеріндегі рухани сабақтастық бүгінге дейін үздіксіз жалғасып келеді. Қожа Ахмет Ясауидің еңбектерін жан-жақты зерттеп, дәріптеу маңызды», – деп атап өткен болатын. Осы міндетті басшылыққа алған музей-қорық ұжымы Ясауи мұрасын жүйелі зерттеп, оның ілімін кеңінен насихаттауға бағытталған кешенді жұмыстарды жүзеге асырып келеді. Бүгінгі басқосу соның айқын көрінісі.
Тағылымды іс-шараға ғалымдар, тарихшылар, кітапханашылар, мәдениет саласының өкілдері, музей-қорық қызметкерлері қатысты. Іс-шараның мақсаты – профессор Девин ДиУистің ғылыми еңбегін кеңінен таныстырып, отандық ғалымдар арасында насихаттау, Ясауи мұрасы мен ислам мәдениетіне қатысты зерттеулерге деген қызығушылықты арттыру, сондай-ақ ғылыми қауымдастықтың таным көкжиегін кеңейту.
Іс-шараны музей-қорық директорының орынбасары Мұрат Тастанбеков жүргізіп отырды. Сөз кезегін алған музей-қорық директорының міндетін атқарушы Нұрлан Дүкенбаев мәдени-ғылыми шараның ашылуымен құттықтап, тағылымды жиынның мән-маңызына тоқталды. Сонымен қатар зерттеу жинақтың жарық көруіне демеушілік көрсеткен «ЦентрКредит Банк» АҚ-ның басшылығына және ұжымына алғыс білдірді.
Өз кезегінде «ЦентрКредит Банк» АҚ Шымкент қалалық филиалының басшысы Абзал Оңалбеков құттықтау сөз сөйлеп, кітаптың ғылыми құндылығы мен алдағы әріптестік байланыстарды нығайту жоспарлары жайында атап өтті.
Іс-шараға Түркиядан ZOOM платформасы арқылы арнайы қатысқан Түркияның Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығының (IRCICA) өкілі, профессор, исламтанушы ғалым Әшірбек Муминов кітаптың мазмұны, ерекшелігі мен маңыздылығына кеңінен тоқталды.
Сондай-ақ Ясауитану ғылыми орталығының ғылыми қызметкері, шығыстанушы Ұлықбек Жүнісбаев зерттеу еңбектегі тың жаңалықтар туралы баяндама жасады. Профессор Девин ДиУистің ғылыми еңбектерінің нәтижелері, қолданылған әдіснамалық жаңашылдығы мен түпнұсқа дереккөздердің молдығы Қазақстанның ғылыми қауымдастығы үшін аса құнды екені атап өтілді.
Жинаққа ғалымның соңғы 40 жылдағы зерттеулері негізінде ағылшын тіліндегі түпнұсқадан аударылған 29 ғылыми мақаласы енгізілген. Танымдық әрі зерттеушілік мәні жоғары бұл еңбек автордың қазақ мәдениеті мен ислам дәстүріне қатысты тұжырымдарын бір арнаға тоғыстырып, ғалымдар мен ізденушілерге дереккөздер базасын кеңейтуге, сондай-ақ Йасауийа бауырластығы мен ислам мәдениетінің тарихи дамуын әдіснамалық тұрғыда терең зерделеуге мүмкіндік береді.
Жиын барысында музей-қорық директорының міндетін атқарушы Нұрлан Дүкенбаев пен «ЦентрКредит Банк» АҚ Шымкент қалалық филиалының басшысы Абзал Оңалбеков зерттеу жинағының лентасын қиып, кітаптың бірнеше данасын Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне, Халықаралық туризм және меймандостық университетіне, сондай-ақ облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасына табыстады.
Іс-шара соңында қатысушылар естелік суретке түсті.
Азамат Әлібек, баспасөз хатшысы.












