«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының кеңсе ғимараты 2024 жылдың қаңтар айынан бастап жаңа орынға көшірілді. Аталған ғимарат – Түркістан қаласы облыс орталығы мәртебесін алған кезеңде салынған Сапар орталығы. Аумағы 300 шаршы метрге жуық орталық залда бұған дейін облыстық мәдениет және туризм саласына қатысты мекемелер тарапынан әртүрлі тақырыптағы көрмелер ұйымдастырылып келген.
Музей-қорық басшылығының жылдық жоспардан тыс арнайы тапсырмасына сәйкес, аталған залда белгілі бір тақырыпқа арналған музейлік-экспозициялық жоба әзірлеу қажеттілігі туындады. Осы мақсатта экспозиция және көрме бөлімінің қызметкерлері бірнеше ұсыныс жобасын дайындап, оларды жан-жақты талдау нәтижесінде «Сирек жәдігерлер залы» жобасы 2025 жылға арналған жылдық жоспарға енгізілді. Дайындық жұмыстары осыдан кейін жүйелі түрде қолға алынды.
Қазақстандағы әрбір музей қорында бірегей әрі сирек кездесетін тарихи жәдігерлер сақталатыны белгілі. Кейбір музейлер мұндай құнды мұраларға арналған арнайы залдар ашып, жеке билет жүйесін енгізіп отыр. Бүгінде «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының қорында 26 мыңнан астам жәдігер сақталса, соның 80 пайызы түпнұсқа дүниелер болып табылады. Осыған байланысты тарихи маңызы зор, қайталанбас ортағасырлық қолөнер туындыларын көпшілік назарына ұсынатын арнайы зал ашу және оны халық игілігіне айналдыру уақыт талабы екені анық еді.
Жобаны жүзеге асыру барысында залда бірқатар шаруашылық және техникалық жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, зал төрінде орналасқан ақ түсті, мраморға ұқсас заманауи Тақ орны болашақ экспозиция тақырыбына сәйкес келмегендіктен жылжытылып, залдың бір бұрышындағы ойыққа шығарылып, қабырғамен бірдей етіп жабылды. Залдың жоғарғы бөлігіндегі күн сәулесі тікелей түсетін терезелер қараңғыландырылып, қабырғалар мен төбе толықтай әктеліп, тазартылды. Витриналардың сынған шынылары ауыстырылып, күйіп кеткен жарық шамдары жаңартылды, едендегі бүлінген мәрмәр тастар қайта қалпына келтірілді.
Аталған жұмыстардың нәтижесінде залды тиімді пайдалануға бағытталған тұрақты музейлік экспозиция жобасы әзірленді. Көрменің атауы – «Сирек жәдігерлер залы». Экспозицияға Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен ХІV ғасырдан бері сақталып келе жатқан аса құнды тарихи жәдігерлер қойылды.
«Сирек жәдігерлер залын» ашу қажеттілігі кесенедегі микроклиматтық жағдайлардың тарихи мұраларды ұзақ мерзімге сақтауға қолайсыз болуымен тікелей байланысты. Кесене ішінде ауа температурасы, ылғалдылық деңгейі мен жарық режимін тұрақты түрде қалыпты жағдайда ұстап тұру мүмкін емес. Осы себепті жәдігерлерді болашақ ұрпаққа сақтап қалу мақсатында музей-қорықтың жаңа ғимаратындағы зал ең қолайлы орын ретінде таңдалды.
Экспозицияға тұрақты түрде мынадай құнды жәдігерлер қойылды:
- әйгілі реставратор Қырым Алтынбековтің шеберханасында қалпына келтірілген Қабырхана бөлмесінің қапсырма есігінің түпнұсқасы;
- ХV ғасырдан сақталған, Қожа Ахмет Ясауи құлпытасының үстіне жабылған қабіржапқыштың түпнұсқасы;
- Әмір Темірдің Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне сыйға тартқан қола шырағдандары.
Аталған жәдігерлер музей-қорықтың ғана емес, күллі қазақ халқының ортақ мәдени мұрасы болып табылады. Сондықтан оларды қорғау және сақтау – баршамыздың абыройлы міндетіміз. Сонымен қатар, жаңа залда тарихи мұралардың ұзақ мерзімге сақталуын қамтамасыз ететін ауа ылғалдылығы, температура және жарық жүйесінің арнайы режимдері толықтай ретке келтірілген.
Экспозиция құрамында Түркістан қаласының терең тарихынан сыр шертетін қола дәуіріне тән артефактілер де қамтылған. Атап айтқанда, үш мың жылдық тарихы бар тас моншақтар мен көне тұрмыста қолданылған ыдыстардың бірнеше үлгілері көпшілік назарына ұсынылады.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енгенін ескере отырып, көрмеде ХІІ ғасырдан сақталған түпнұсқа оймышталған қаптама қыштар мен сирек кездесетін шыңылтырланған терракота үлгілері де қойылған. Сонымен қатар, ХІV ғасырдағы кесенеге тән шыңылтырланған майоликалық қаптама кірпіштер мен көркем мозаикалық қыш композициялары да экспозицияны толықтыра түседі.
Сондай-ақ, ХХ ғасырдың 70–80 жылдары Түркістан қаласындағы арнайы ғылыми-реставрациялық керамика шеберханасында дайындалған бояулы қыш бұйымдарының үлгілері де келушілер назарына ұсынылған. Көрмеге музей-қорық қорының 100-ден астам құнды жәдігері қойылып, ол ұлттық мейрамымыз – Әз-Наурыз мерекесіне орай көпшілікке өз есігін айқара ашты.










