МАҢЫЗДЫ :

nothing found

«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының делегациясы Самарқанд қаласына ресми іссапармен барды

«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының делегациясы халықаралық ынтымақтастықты нығайту, тәжірибе алмасу және тарихи-мәдени мұраларды бірлесе зерделеу мақсатында Өзбекстан Республикасының Самарқанд қаласына ресми іссапар жасады. Делегацияға музей-қорық директорының міндетін атқарушы Нұрлан Дүкенбаев жетекшілік етті.

Іссапар аясында делегация Темір әулеті дәуірінде салынған әлемге әйгілі сәулет ескерткіштерімен танысты. Атап айтқанда, Самарқанд қаласының тарихи келбетін айқындайтын Бибі Ханым кесенесі, Әмір Темірдің мәңгілік мекені саналатын Гур-Эмир кесенесі, сондай-ақ Орта Азия өркениетінің жауһары — Регистан алаңына барды. Сонымен қатар делегация Әмір Темірдің туған жері — Шахрисабз қаласына барып, ұлы қолбасшының бұйрығымен салынған тарихи нысандармен танысты. Сапар барысында Әмір Темірдің сарайы болған Ақсарай кешеніне, Жаһангир кесенесіне зиярат жасап, Дорут-Тилляват және Дорус-Саодат мемориалды кешендерін аралады. Бұл ескерткіштер ортағасырлық сәулет өнерінің жоғары деңгейін, рухани және мәдени құндылықтардың сабақтастығын айқын көрсетеді.

Жұмыс сапары барысында музей ісін дамыту, тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау, қалпына келтіру және насихаттау бағытындағы мәселелер талқыланды. Халықаралық байланысты арттыру мақсатында тараптар музей саласындағы заманауи әдістер, қор сақтау жүйесі, ғылыми-зерттеу жұмыстары және экскурсиялық қызмет бойынша өзара тәжірибе алмасу жайын жоспарлады.

Кездесу қорытындысы бойынша «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы мен «Жібек жолы» Халықаралық туризм және мәдени мұра университетіне қарасты «Жібек жолы» Халықаралық зерттеу институты арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Аталған құжат алдағы уақытта бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға, көрмелер ұйымдастыруға, кәсіби тәжірибе алмасуға және мәдени іс-шараларды бірлесе өткізуге жол ашады.

Меморандум аясында өзбекстандық әріптестердің 2026 жылдың сәуір айында Түркістан қаласына ресми сапармен келуі жоспарлануда. Сапар барысында қонақтар ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің тарихымен, музей-қорық қорында сақталған бірегей жәдігерлермен және өңірдегі тарихи-мәдени ескерткіштермен танысады. Бұл сапар екіжақты байланыстарды одан әрі нығайтып, мәдени мұраны сақтаудағы ортақ мақсаттарды жүзеге асыруға ықпал етеді деп күтілуде.

Аталған іссапар «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының халықаралық деңгейдегі әріптестігін кеңейтіп, түркі әлемінің ортақ мәдени құндылықтарын насихаттауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.

А.Әлібек, баспасөз хатшысы.

 

Алдыңғы ақпарат

МУЗЕЙ ПЕДАГОГИКАСЫ ОҚУ ӘДІСТЕМЕЛІК ҚҰРАЛЫ

Келесі ақпарат

«Сирек жәдігерлер залы» көрмесі