«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының кітапханасы құнды ғылыми еңбектермен толықты. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Білім беру және гуманитарлық зерттеулер факультеті «Тарих» кафедрасының доценті, PhD Қанат Базарбаев AP19676634 «Түркі тілдес мемлекеттердің тарихи-мәдени ықпалдастығын қалыптастырудың саяси, құқықтық тәжірибесі және даму бағыттары» атты гранттық жоба аясында жарық көрген ғылыми еңбектерді музей-қорық кітапханасына сыйға тартты.
Атап айтқанда, төмендегі басылымдар табысталды:
- Базарбаев Қ.К., Амирбек А.А. «Түркі тілдес мемлекеттердің тарихи-мәдени ықпалдастығы: тарихы мен болашағы» – оқу құралы;
- Базарбаев Қ.К., Батырбекқызы Г., Жамалов Б.А. «Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығының тарихы» – хрестоматия;
- Амирбек А.А., Базарбаев Қ.К., Батырбекқызы Г. «Түркі тілдес мемлекеттердің тарихи-мәдени ықпалдастығын қалыптастырудың саяси, құқықтық тәжірибесі және даму бағыттары» – монография.
Әрбір кітаптан 50 данадан, барлығы 150 дана кітап музей-қорық кітапханасының қорына қосылды. Бұл – кітапхана қоры мен оқырман қауым үшін зор рухани олжа, ғылыми айналымға қосылған маңызды еңбек.
Кітап – ұлт жадының сақтаушысы, рухани мұраның қайнар көзі. Түркі тілдес мемлекеттердің ортақ тарихи-мәдени құндылықтарын зерделеуге бағытталған бұл еңбектер жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға және ғылыми ізденістерге тың серпін беретіні анық. Осы орайда, музей-қорық ұжымы кітаптарды тарту еткен Қанат Қалдыбекұлына зор ризашылығын білдіреді. Түркі дүниесінің рухани мұрасы мәңгі жасай берсін!
А. Әлібек, баспасөз хатшысы.










