МАҢЫЗДЫ :

nothing found

Жаңа Конституция жобасының мазмұны талқыланды

Бүгін «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығында Ғылыми кеңестің кезектен тыс отырысы өтті. Жиынға кеңес мүшелері толық құрамда қатысып, еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі аса маңызды құжат – Конституцияның жаңа тұжырымдамалық мазмұнын жан-жақты талқылады. Күн тәртібіне «Жаңа Конституция жобасының мазмұны» мәселесі шығарылып, басқосу барысында Ата Заңның жаңартылған бағыт-бағдары, мемлекет дамуының стратегиялық негіздері мен құқықтық реформалардың қоғам өміріндегі маңызы терең сарапталды.

Жиын барысында ғылыми кеңес төрағасы Мұрат Тастанбеков «Жаңа Конституция – саяси сабақтастық пен жаңғырудың негізі» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады. Ол конституциялық өзгерістердің тарихи эволюциясына тоқталып, Ата Заңда отаншылдық идеяны нығайтуға ерекше мән берілгенін атап өтті. Сонымен қатар, экономика мен әлеуметтік саясаттың, білім беру жүйесінің, цифрландыру үдерістерінің және азаматтық қоғам институттарының маңызы арта түскен қазіргі кезеңде мемлекеттің негізгі заңы да заман талабына сай жетілдірілуі қажеттігін айтты.

Іс-шара барысында тарих ғылымдарының кандидаты, ғалым-археолог Марат Тұяқбаев пен ғылыми кеңес мүшесі Сәдуақас Агитаев сөз алып, жаңа Конституцияның қоғам өміріндегі орны мен тарихи-мәдени мұраларды сақтаудағы маңызын айқындады. Олар Ата Заңның ұлттық құндылықтарды қорғау мен тарихи сабақтастықты сақтаудағы рөліне ерекше назар аударды.

Ғылыми кеңес мүшесі Берік Байболов «Жаңа Ата Заң – ел дамуының жаңа белесі» атты баяндамасында Қазақстан Республикасының жаңадан қабылданғалы отырған Конституциясы 11 бөлімнен, 95 баптан тұратындығын атап өтті. Ол құжаттың экономикалық, әлеуметтік және рухани даму үдерістеріне ықпалын жан-жақты түсіндіріп, жаңа Ата Заңда демократияның негізгі қағидаттары толық сақталғанын жеткізді.

Ғылыми кеңес мүшесі Алия Бельдибекова «Жаңа Конституция және құқық пен жауапкершілік тепе-теңдігі» тақырыбында мазмұнды баяндама жасап, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, азаматтық жауапкершілікті арттыру және заң үстемдігін қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды. Ол құқық пен міндеттің үйлесімділігі қоғам тұрақтылығының басты кепілі екенін атап өтіп, жаңа Конституция жобасында халықтың рөлі ел дамуына ықпал ететін белсенді күш ретінде айқын көрініс тапқанын айтты.

Ғылыми хатшы Гаухар Примкулова «Жаңа Конституция жобасы – елдің стратегиялық тірегі» тақырыбындағы баяндамасында құжаттың ұзақ мерзімді даму стратегиясындағы маңызын айқындады. Ол өз сөзінде жаңа Конституцияда қоғамның тұрақты дамуын қамтамасыз ету, ұлттық бірегейлікті сақтау, болашақ ұрпақтың рухани-зияткерлік әлеуетін нығайту, отаншылдық идеясын орнықтыру, білім мен ғылым құндылықтарын бекіту, тарихи-мәдени мұраны қорғау және төл мәдениетті қолдау қағидаттары айқын көрініс тапқанын атап өтті.

Жиын соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, Конституцияның жаңа тұжырымдамалық мазмұны тарихи сабақтастықты сақтай отырып, заманауи талаптарға толық жауап беретін маңызды құжат екеніне тоқталды. Ғылыми кеңес отырысы мазмұнды әрі нәтижелі талқылаумен аяқталып, конституциялық реформалардың маңызын кеңінен насихаттау қажеттігі ерекше атап өтілді.

А.Әлібек, баспасөз хатшысы.

Алдыңғы ақпарат

Мехмед Фуад Көпрүлүнің «Түрік әдебиетіндегі алғашқы мистиктер» кітабына алғы сөз

Келесі ақпарат

Жаңа ғылыми еңбектер музей-қорық кітапханасына табысталды