МАҢЫЗДЫ :

nothing found

«Мұқағалиша ойлап көр» атты тағылымды поэзия кеші өтті

Бүгін «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының Ясауи музейінде қазақ поэзиясының заңғар ақыны, сөз өнерінің мұзбалағы Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған «Мұқағалиша ойлап көр» атты тағылымды поэзия кеші өтті. Аталған іс-шара музей-қорықта жыл бойы жалғасатын кітап оқу жобасы аясында ұйымдастырылды. Кештің мазмұнын тереңдетіп, рухани әсерін арттырған бұл шараны музей педагогы Сәкен Қонысбеков жүргізді. Ол әуезді ән мен жүрекке жеткен жырды домбыра, гитара, баян сынды ұлттық және заманауи аспаптардың сүйемелдеуімен өрнектеп, ақын поэзиясындағы терең ой мен көркемдік қуатты шебер жеткізе білді.

Мұқағали Мақатаев – әрбір өлеңімен халықтың жүрегіне жол тапқан біртуар талант. Ол 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылында дүниеге келіп, 1976 жылы 27 наурызда Алматы қаласында небәрі 45 жасында өмірден өтті. Қысқа ғұмырында артына мәңгілік мұра қалдырған ақынның 1000-нан астам өлеңі, көптеген әнге айналған жырлары мен әдеби еңбектері бар. Ақын «Ильич», «Мавр», «Аққулар ұйықтағанда», «Райымбек! Райымбек!», «Моцарт. Жан азасы» сынды поэма-толғауларымен қазақ поэзиясын жаңа биікке көтерді. Сонымен қатар көркем аударма саласында да елеулі еңбек етіп, әлемдік әдебиетті қазақ оқырманына жақындатты. Мұқағали тек поэзиямен шектелмей, проза, драма, сын жанрларында да қалам тербеп, «Құлпытас», «Марусяның тауы», «Өзгермепті», «Әже» әңгімелерін, «Қос қарлығаш», «Жыл құстары» повестерін және «Қош, махаббат» пьесасын жазды.

Шара аясында «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы мен «Түркістан қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» арасында өзара әріптестік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат алдағы уақытта бірлескен мәдени-танымдық іс-шараларды жүзеге асыруға жол ашпақ. Бүгінгі поэзия кеші – соның айқын дәлелі.

Поэзия кешінің шарттарына сәйкес қатысушылар ҚР таңдаулы 100 кітап тізіміне енген Мұқағали Мақатаевтың «Аманат» кітабындағы өлеңдерге талдау жасап, оларды жатқа оқып немесе әнге жазылған жырларын орындады. Регламент бойынша әр қатысушыға 6 минут уақыт берілді.

Атап айтқанда:

  • Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау бөлімінен Назерке Дулатова ұл-қыздарымен бірге «Үш бақытым», «Отан», «Бақыт деген не өзі», «Отыздан асып барамын» өлеңдерін жатқа оқыды.
  • Ғылыми зерттеу бөлімінен Индира Жалишева қызымен бірге «Ей, өмірім», «Үш бақытым» өлеңдерін мәнерлеп жеткізді.
  • Қор сақтау бөлімінен Ақшолпан Байменова «Дос болам десең» өлеңін оқыды.
  • Есеп бөлімінен Гүлжазира Мергенбаева «Жапырақ жүрек жас қайың» әнін орындады.
  • Ясауитану ғылыми орталығынан Гүлбану Манашева «Ұнатып ем мен сені» әнін шырқап, көрермен ықыласына бөленді.
  • Қор сақтау бөлімінен Аида Батталова «Махамбеттер, Абайлар-ай» өлеңін оқыды.
  • Қоғаммен байланыс бөлімінен Азамат Әлібек «Өкінбеймін» өлеңін жатқа оқыды.
  • Экспозиция және көрме қызметі бөлімінен Қызжібек Абыдынова «Күрең күз» әнін орындады.
  • Экскурсиялық қызмет бөлімінен Меруерт Рысбаева өзінің Мұқағалиға арнау өлеңін және ақынның «Тағдырмен бетпе-бет» өлеңін оқыды.

Танымдық бағыттағы кеш барысында «Мұқағалиша ойлап көр» атты шығармашылық сайыс ұйымдастырылып, қатысушылар ақын өлеңдерінің жолдарын өз ойымен жалғастырып, поэзияның мағынасын ашуға талпынды. Бұл сайысқа музей-қорық қызметкерлері мен көрермендер белсене қатысып, өлең құдіретін терең сезіндірді.

Сонымен қатар қаладағы дарынды оқушылар да Мұқағали жырларын жатқа оқып, кештің мазмұнын байытты. Атап айтқанда:

  • Нағашыбек Айкөркем (5-сынып) – «Өз-өзіңді жақсы көр»
  • Нағашыбек Айзере (2-сынып) – «Бақыт деген не өзі»
  • Нағашыбек Асылым (даярлық сыныбы, 5 жаста) – «Отан»

«Балалар және жасөспірімдер» орталығының «Көркем сөз» үйірмесінің оқушылары да белсенділік танытты:

  • Нұртаза Мұса (№21 мектеп, 9-сынып) – «Елім барда», «Бақыт деген не өзі»
  • Мирзаханова Шахсанам (Шарап Ниязов атындағы мектеп, 9-сынып) – «Мен сені сағынғанда»
  • Полатхан Ұлжан – «Өмір сүрейік алмасып»
  • Полатхан Қалдыкүл – «Қазақ жері»
  • Омар Әлинұр – «Шеше, сен бақыттысың»
  • Кемелбек Маруан (Номад инновациялық лицейі, 8-сынып) – «Отан»
  • Кемелбек Фараби (5-сынып) – «Мен таулықпын»
  • Абибулла Дастан – «Шыда»
  • Орталық кітапхана оқырманы Назарқұл Құралай «Тағдырыма тәнтімін» әнін орындады.

Шара соңында Түркістан қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Малдыбекова Гүлзада Жұмағұлқызы кештің жоғары деңгейде өткенін атап өтіп, әріптестік байланыс алдағы уақытта да нығая берсін деген тілегін білдірді. Өз кезегінде музей-қорық ұжымы іс-шараның мазмұнды әрі салтанатты өтуіне үлес қосқан кітапхана қызметкерлеріне шексіз алғыс айтты.

Іс-шараны музей-қорық директорының міндетін уақытша атқарушы Мұрат Тастанбеков қорытындылап, поэзия кешінде белсенділік танытқан оқушылар мен музей-қорық қызметкерлерін марапаттады. Іс-шара соңында кешке қатысушылар арнайы ұйымдастырылған кітап көрмесімен танысып, Мұқағали Мақатаевтың шығармашылық мұраларына шолу жасап, ақынның өмірі мен еңбектері туралы қосымша мағлұмат алды.

А.Әлібек, баспасөз хатшысы.

Алдыңғы ақпарат

Жаңа ғылыми еңбектер музей-қорық кітапханасына табысталды

Келесі ақпарат

Түркістанда Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығына арналған көрме өтеді