МАҢЫЗДЫ :

nothing found

ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТУРАЛЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

🔹2026 жылғы 17 маусымда Петропавл қаласындағы «Абылай хан резиденциясы» музей кешеніне қарасты «Ислам мәдениеті» музейінде «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен «Күлтөбе қалажұрты: көне Түркістан тарихының бастауы» атты көшпелі көрменің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
🔹Іс-шара аясында екі мекеме арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Ерлан Ерғазыұлы Дәкенов пен «Абылай хан резиденциясы» музей кешенінің директоры Аян Нәбиұлы Садаев қол қойды.
🔹Келісім аясында тараптар тарихи-мәдени мұраны сақтау, зерттеу және дәріптеу ісінде тәжірибе алмасуға, ғылыми-зерттеу жұмыстарын бірлесіп ұйымдастыруға және жүзеге асыруға, көрмелер, экспозициялар, ғылыми конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер мен түрлі мәдени іс-шараларды өткізуге ниетті. Сонымен қатар музей қорларын зерттеу, музей ісі бойынша әдістемелік қолдау көрсету, ғылыми мақалалар мен жинақтар әзірлеу, сондай-ақ өзге де басылымдарды бірлесе дайындау көзделіп отыр.
🔹Тараптар музей мамандарының кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған бағдарламаларды жүзеге асыруға, жастар мен келушілер арасында тарихи-мәдени мұраны насихаттайтын ағартушылық жобаларды ұйымдастыруға және цифрлық технологияларды музей қызметіне енгізу тәжірибесімен алмасуға ерекше мән береді.
🔹Аталған меморандум екі мекеменің ғылыми және мәдени әлеуетін біріктіріп, кәсіби әріптестікті жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды бастама болып табылады. Бұл келісім ұзақ мерзімді серіктестікті нығайтып қана қоймай, тарихи-мәдени мұраны сақтау мен насихаттау жолындағы бірлескен жобаларды жүзеге асырудың берік құқықтық негізін қалыптастырады.
Азамат Әлібек, баспасөз хатшысы.
Алдыңғы ақпарат

КӨНЕ ТҮРКІСТАННЫҢ ТАРИХЫ ПЕТРОПАВЛ ЖҰРТШЫЛЫҒЫНА ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Келесі ақпарат

«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы директорының жаңа орынбасары тағайындалды