МАҢЫЗДЫ :

nothing found

КӨНЕ ТҮРКІСТАННЫҢ ТАРИХЫ ПЕТРОПАВЛ ЖҰРТШЫЛЫҒЫНА ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Бүгін, 2026 жылғы 17 маусымда Петропавл қаласы, «Абылай хан резиденциясы» музей кешеніне қарасты «Ислам мәдениеті» музейінде «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен «Күлтөбе қалажұрты: көне Түркістан тарихының бастауы» атты көшпелі көрменің ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға жергілікті әкімдік пен зиялы қауым өкілдері, тарихшы ғалымдар мен музей мамандары, студент жастар мен БАҚ өкілдері және қала тұрғындары қатысты. Көрменің мақсаты – Түркістан жазирасындағы ең көне тарихи-мәдени орталықтардың бірі саналатын Күлтөбе қалажұртының археологиялық және тарихи маңызын кеңінен насихаттау, оның Ұлы дала өркениеті мен көне қалалық мәдениеттің қалыптасуындағы айрықша орнын таныстыру.
Салтанатты жиынның ашылуында Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Досбол Әбдірейісов құттықтау сөз сөйлеп, көрменің тарихи мұраны дәріптеудегі рөліне ерекше назар аударды. Көрме барысында «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Ерлан Дәкенов сөз алып, көшпелі көрменің ғылыми-танымдық маңызына тоқталып, қатысушыларға жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ қос тарап өзара сый-сияпаттар мен Алғыс хаттар алмасып, әріптестік байланыстардың нығаюына деген ізгі ниеттерін жеткізді. Жиында Солтүстік Қазақстан облысы мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова да сөз сөйлеп, ізгі тілегін білдірді.
Көрме аясында Күлтөбе қалажұрты аумағынан табылған археологиялық жәдігерлер, ғылыми реконструкциялар, фотоматериалдар және тарихи-танымдық деректер көпшілік назарына ұсынылды. Экспозицияда Күлтөбенің негізі б.з.д. II ғасырда қаланғанын айғақтайтын бірегей олжалардың бірі – Хувишка I тұсында соғылған Кушан мемлекетінің тиыны қойылды. Сонымен қатар XIV–XV ғасырлардағы қалалық мәдениеттің дамуын көрсететін кәріз құбырлары, Түркістанның қазақ хандарының астанасы болғанын дәлелдейтін құнды жәдігер – Жәңгір хан дәуірінде соғылған тиын, бүгінге дейін жақсы сақталған асүй ыдыстары, XVII–XVIII ғасырларға жататын балалар ойыншығы – үскірік және құмырашылар пайдаланған құралдар көрермен назарына ұсынылды.
Экспозицияны «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының экскурсия жетекшісі Ахатбек Баубеков таныстырды. Экспозиция келушілерге Күлтөбенің сан ғасырлық тарихын, мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігі және көне Түркістан өңірінің өркениеттік үдерістердегі орны туралы толыққанды мәлімет береді. Көрме алдағы екі ай бойы жалғасып, келушілер назарына ұсынылады. Осы уақыт аралығында келушілер бірегей археологиялық жәдігерлермен, құнды мұралармен және тарихи-танымдық материалдармен танысып, көне Түркістан тарихының терең қатпарларына бойлай алады.
Азамат Әлібек, баспасөз хатшысы.
Алдыңғы ақпарат

Алтын Ордадағы хорезмдік бір әулие: Көзлүк Ата (Гөзли Ата) және исламданудың әлеуметтік бағыттары

Келесі ақпарат

ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТУРАЛЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ