
«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығында ұйымдастырылған «Ясауитану» клубының 2024-2025 оқу жылындағы жұмысы қорытындыланды.
«Ясауитану» клубы қазақ халқының рухани тұтастығын қалыптастырған Қожа Ахмет Ясауи мұрасын таныту және насихаттау арқылы жастарға рухани тәрбие беру, олардың бойына адамгершілік қасиеттерін сіңіру мақсатында оқушылар мен олардың ұстаздарының мүшелікке қабылдануы арқылы құрылды.
2024 жылдың қазан айынан бастау алған клуб жұмысы аясында музей мамандары оқушыларға түрлі тақырыпта лекциялар мен арнайы дәрістер өткізді. Сонымен қатар қала мектептерінің тарих пәні мұғалімдері музей-қорық қабырғасында ашық сабақтар мен кездесулер ұйымдастырды.
Аталған клубтың бір жылдық жұмысы қорытындыланып, ұсыныстар мен пікірлер сараланды.
Іс-шара соңында музей-қорық директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары Мұрат Тастанбеков және Ғылыми зерттеу бөлімінің басшысы Берік Байболов сөз алып, клубтың 2024-2025 оқу жылында атқарған жұмыстарын қорытындылады, «Ясауитану» клубының жұмысына айрықша үлес қосқан мұғалімдер музей-қорық директорының міндетін атқарушы Н.Дукенбаевтың алғыс хатымен марапатталса, клубтың мүшелеріне арнайы білім алғандығы туралы сертификаттар табысталды.
Ағаділ Тұрсынов, кіші ғылыми қызметкер