МАҢЫЗДЫ :

nothing found

ТОБЫҚТЫ ЖАНДОС БАТЫР ОЛЖАЙҰЛЫ (1715-1752 жж.)

Ұлтымыздың тағдыры таразыға тартылып, алапат апаттың төніп келе жатқанын сол кездегі ел басшылары, билері, ақылгөй даналары, аузы дуалы адамдары іргелі мемлекет заңы «Жеті жарғының» өмірге жолдама алуына тікелей ат салысқан. Әнет баба, Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке билердің ақылымен Әз Тәуке хан «Мемлекеттік мәселелерді» шешетін хан кеңесін құрған. Кеңеске сұлтандар, билер мен әскер басшылары шақырылған.

Жерін жау таптап, қалың қазақ біртұтастығынан айырылып, тіпті ұлт ретінде құрып кетудің сәл-ақ алдында тұрған күрделі кезеңнің бірі «Ақтабан шұбырынды — Алқакөл сұлама» атанған уақыт.

«Ер сын сағатта танылады», елі мен жерін қорғап, қысылтаяңда жол тауып, кекті жерде текті болған, ерлігі ел есінде сақталған, еліне қорған болған, есімі елге ұран болған батырлар Бөгембай батыр, Шақшақ Жәнібек, Көкенай батыр, Бөрібай батыр, Қойлыбай батыр, Жауғаш батыр т.б. атап өтуге болады. Бүгінгі тақырыбымызға арқау болған арғын, тобықты, жігітек Жандос батыр Олжайұлы жайында болмақ.

Жандос батыр жайында қолда бар мәліметтер бойынша 1715 жылы туылып, 1752 жылы дүниеден өткен. Жандос — Жігітек Мамай батырдың жанында жауынгерлік тәлім алған. Он үш жасынан бастап Олжайдың «Кішекеңі» Жандос жүрек жұтқан Мамайдың нөкері, шәкірті һәм қандыкөйлек кіші досы болған екен.

Бірде Жандос Торғайдағы Терісаққан өзенінен 9 жасында қалмақ пен қазақтың майдан шебіне аттанып, жан алып, жан берісіп, шыдамдылық, табандылық, қажыр-қайратпен екі інісін – Бөкенші, Борсақты ботасы өлген түйенің екі емшегіне теліп, емізіп, қоржынның екі басына екеуін салып, түйенің беліне асып, артып елге дін аман алып келген деген деректер бар. Жандос батырдың бойындағы жауынгерлік, шыдамдылық, табандылық қасиеттері бала күнінен бастау алғандығын осындай тарихи деректерден оқып білуге болады.

Шежіре бойынша Жандос батырдың шыққан тегі Орта жүз, оның ішінде Арғын-Тобықты одан Рыспетек-Мұсабай-Сүйірбас-Сары-Үмбетай-Кішік-Әйтек-Олжай-Жігітек. (Шәкәрім Құдайбердіұлы, Шежіре, А., 1990. 78-81 бб.)

Бірде Жандос батыр қалмақ шолғыншыларының қолына түседі. «Бошалап кеткен түйемді іздеп келемін» дегенімен бес қаруын бойына асынған Жандос батырдан қалмақтар секем алып, киізге орап, астына от жағып, бырысып қалай өлер екен деп сайқымазақ етісіп отырады. Сол мезетте аспанда қара бұлт пайда болып, күн күркіреп, найзағай шатырлағанда шошынып, әбігерге түскен қалмақ шолғыншылары аттарына міне салып, шаба жөнеледі. Киіз өртеніп, әулие, киелі әруақтылығы басым болып, Жандос батыр аман қалады. Осы әруақтылық қасиет қан арқылы тұқым қуалап, үлкен ұлы әруақты Кеңгірбай биге және немересі Ералы әулиеге дарыған екен.

Бір атаның баласы ағалы-інілі Мамай батыр мен Жандос батыр ажал келіп шейіт болсақ, кейінгі ұрпақ бізді қайдан іздейді, тіріміз дүние салғанымызды әулиелердің сұлтаны Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне апарып жерлейік деп серттескен екен.

Айтылған серт бойынша Мамай батыр інісі Жандос батырды қалың қолмен Түркістанға апарып, қабірінің басына найзасы мен ақ туын қадап қойып, жерлеген екен.

Қазақ халқының тәуелсіздік жолында елі мен жері үшін аянбай тер төккен Жандос батыр Олжайұлы қасиетті Түркістандағы Құл Қожа Ахмет Ясауи дүрбесінде қазақтың хандары, би-бағландары, батырлары һәм игі-жақсыларымен бірге мәңгіге тыныс тапты.

Б.Байбол.Бөлім басшысы

Алдыңғы ақпарат

ЯСАУИТАНУ КЛУБЫНЫҢ ЖҰМЫСЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

Келесі ақпарат

Түркістан базарлары қандай болған?