
Атақты ғалым, сәулетші Г.А.Пугаченкова Орта Азияда базарлардың бес түрі болғанын жазады: біріншісі бас көше бойындағы дүкендер тізбесі түріндегі базар, бұл көше-базар кесененің батыс бұрышына жақын жерден басталып Жеті ата қақпасына дейін созылатын. Жеті ата көше базары: көше бойында дүкендермен қоса шәйханалар, асханалар, қонақ-үй мәнзелдер де орналасқан. Көшенің екі жағындағы дуалдарға көлденеңінен жіңішке бөренелер тастап, үстін қамыстан тоқылған бойрамен жауып қоятын болған. Әрбір дүкенші өзіне тиісті жерді су сеуіп, сыпырып, төбесін жауып қоюға міндетті еді.
Екінші осындай көше-базар «Жөйт-раста». Бұл базар қазіргі С.Ерубаев музейі тұсынан бастап Мүсәллә қақпасына дейін созылған. «Жөйт-раста» деген сөз «Еврейлер дүкендерінің тізбесі» деген мағына береді. Бұл саудамен айналысушылар негізінен Ресейдің мануфактуралық тауарларын сатумен айналысатын. «Олардың ішінен ағайынды Давыдовтар, Боруховтар, Макшеевтер, Муллачаевтар, Аминовтар, Хаитовтар және басқалары жергілікті саудагерлерді сауда ісінде тұншықтырып тастады»,-деп жазады зерттеуші А.И.Добромыслов өзінің «Города Сыр-Дарьинской области. Чимкент, Туркестан» атты еңбегінде. Бұл көше бұрын Абай көшесі деп аталатын, қазір Әмір Темір көшесі деген атпен белгілі. 1980-ші жылдарға дейін біраз үйлер сақталды, еврейлердің дүкендері болған, күйген кірпіштен қаланған бұл үйлердің бірінде қалалық тіс емдеу орталығы, екіншісінде балаларға арналған музыка мектебі, тұрғын үйлер т.б. орналасқан-ды.
Базардың үшінші түрі-көшелердің қиылысында орналасқан, төрт жағынан да қақпасы бар, төбесі жабық–чарсу базары. Төртінші түрі – жеке орналасқан, төбесі аркамен, күмбездермен жабылған-тәки базары. Бұл базарлардың Түркістанда да болғаны жайлы ешбір дерек жоқ.
Бесіншісі-сауда жасайтын бөлмелер мен бастырмалардан тұратын-тим базары. Мұндай базарды 2021ж. археологтар аршып зерттеу жүргізді. Өлшемдері 60х53х51х59 метрлік төрт-бұрышты базардың әр жанында 17,16,13 және 16 дүкеннен болған. Олардың есіктері аулаға қаратылып, алдыңғы беттері түгел ұзына бойына бастырмамен жабылған. Базар Қылует мешітінен ОБ-қа қарай 100 м жерде орналасқан.
Бұлардан басқа қала сыртында мал базарлары, ауыл-шаруашылығы құрал-сайманын, тұрмысқа қажетті заттар-арбалар, арба дөңгелектерін, киіз үй сүйегі мен есіктерін, сонымен бірге, мал өнімдерін-жүн-жұрқа, тері-терсек, егіншілік, бау-бақша өнімдерін-бидай, арпа, сұлы, мақта т.б. қаптап сататын, және жеміс-жидек, мәуе-шәуе, қауын-қарбыз, асқабақ т.б. көтерме саудамен топтап, арбалап сататын «көк» базарлар жұмыс істеген. Бұлардың ең ірісі қазіргі Есім хан алаңы мен оның маңында орналасқан-ды.
Ал, Керуен сарайлардың ауласында көбіне сырттан келген, шет елдік тауарлар саудаға түсетін.
Археолог, т.ғ.к М.Тұяқбаев