
«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының «Жас археолог», «Жас реставратор» және «Жас экскурсовод» үйірмелерінің мүшелеріне сертификаттар табысталды.
Ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап «Әзірет Сұлтан» Ұлттық музей-қорығында «Жас археолог», «Жас реставратор» және «Жас экскурсовод» үйірмелері жұмыс жасады. Аталған үйірмелер мектеп оқушылары арасында ұлттық тарихи-мәдени ескерткіштер мен рухани құндылықтарды қорғау, сақтау және құрметтеу сезімдерін қалыптастыру мен дамыту бағытында жұмыс жүргізу үшін ұйымдастырылады.
Әр үйірменің негізгі мақсаты жастар арасында халқымыздың тарихын кеңінен насихаттай отырып, еліміздің тарихы мен руханиятына, мәдениеті мен дәстүріне деген сүйіспеншілікті арттыру, отансүйгіштік пен патриоттыққа тәрбиелеу, шығармашылық және ізденушілік дағдыларын дамыту болып табылады.
Үйірме сабақтары теориялық және практикалық бөліктерден тұрды. Сабақ аптасына бір рет өткізілді. Үйірме сабақтарына музей-қорықтың тәжірибелі реставраторлары, археологтары мен экскурсоводтары жетекшілік жасады және олар үш айға жалғасты.
Үйірмелердің қорытынды сабағында қатысушылар үйірмелерінде атқарған жұмыстарын қорғап, баяндама жасады.
Қаламыздағы С.Рахимов атындағы мектеп, М.Әбенова атындағы мектеп, №32 және №34 жалпы білім беретін мектептердің оқушылары үйірмелердің тұрақты қатысушылары болып табылады.
Іс-шара соңында музей-қорық директорының орынбасары М.Тастанбеков, Музей педагогикасы бөлімінің басшысы Д.Арынова, ғылыми қызметкер Ә.Орынбекова, реставратор Н.Тәжібаевтар үйірмелердің жұмысын қорытындылап, үйірмелердің қатысушыларына сәттілік тілеп, сертификаттарын табыстады және естелік ретінде кітаптарды сыйға берді.
А. Салибекова, музей-әдіскері