
Археологиялық қазбалар барысында Отырар, Шауғар және Қаратөбе сияқты ежелгі қалалардың мәдени қабаттарынан көптеген керамикалық дастархан үлгілері табылды. Табылған бөлшектер бұл бұйымдардың аталған өңірлерде кеңінен қолданылғанын көрсетеді. Мұндай дастархандар күнделікті тұрмыста арнайы мақсатта пайдаланылған және сол кезеңдегі жергілікті материалдық мәдениеттің өзіндік ерекшелігін танытады.
Керамикалық дастархандардың құрылымы екі бөліктен тұрады: біріншісі — диаметрі шамамен 50–80 см аралығындағы дөңгелек, салмақты үстел беті; екіншісі — биіктігі 9–15 см-ге дейін жететін цилиндр тәрізді тұғыр. Бұл бұйымдар шарықта (қыш шарығында) жасалып, сырты көбіне қызғылт немесе сары түсті ангобпен (жылтыр сазды қаптама) жабылған. Үстіңгі беті тегіс әрі жылтыр, ал астыңғы жағына түрлі сәндік өрнектер түсірілген. Бұл өрнектер әртүрлі тәсілдермен – қалыппен басу, саусақпен сызу немесе жапсыру арқылы жасалған.
Жуантөбе қалашығының цитаделінен табылған үш аяқты дастархан ерекше назар аудартады. Оның түбінде «ж» әрпіне ұқсайтын белгі бар. Аяқтары сопақ пішінді. Бұған ұқсас, дөңгелек аяқтары бар дастархандар осы маңнан бұған дейін де табылған. Зерттеуші Н.П.Остроумовтың мәліметіне сәйкес, Жуантөбеден К.Д.Баронин есімді межелеуші саздан жасалған осындай үстелшені алғашқылардың бірі болып тапқан. Орталық Азия аумағында мұндай дастархандар VIII–IX ғасырлардағы қалалық мәдениетке тән жәдігерлер арасында жиі кездеседі.
Г.И.Богомолов пен О.А.Папахристу Орта Азия мен Қазақстанның ортағасырлық қалаларынан табылған дастархан үлгілерін зерттей келе, аяқтары бар және тостаған тәрізді тұғырға орнатылған дастархандардың бұл кезеңде кеңінен таралғанын айтады.
«Әзірет Сұлтан» Ұлттық музей-қорығының қорында бастапқы қалпына толық келтірілмеген, бірақ құрылымы екі бөліктен тұратын дастархандар мен үш аяқты қыш дастархандар сақталуда. Олар Жүйнек, Шауғар, Қаратөбе қалаларынан табылған. Диаметрлері 20–37 см, биіктігі 8–12 см аралығында. Бұл үлгілердің сырты тек қызыл ангобпен қапталған және қосымша өңдеусіз қалдырылған. Дастархандардың формасы – дөңгелек, ал ортасында тостаған тәрізді тұғыры бар. Үстіңгі беті тегіс, сәндік элементтері жоқ. Кейбір үлгілерінде жіпше пішінді жапсырмалар, ойықтар және конус формалы розеткалар кездеседі.
Отырар мен Құйрықтөбе ескерткіштерінен табылған мұндай дастархан үлгілері VIII–X ғасырларға жатқызылды. Қаратөбе қалашығынан табылған дастархандар X–XII ғасырларға тән. Олар жоғары сапалы, жақсы иленген саздан жасалған. Үстел бетінің диаметрі – 66 см, тұғыр негізінің сыртқы диаметрі – 28 см, биіктігі – 9,5 см. Жиегі ішке қарай қайырылып жасалған, бұл оны ұстауға және алып жүруге ыңғайлы етеді. Ішкі бетінде үш дөңгелек, конус пішінді розетка бар, олардың бірі тұғырдың орталық бөлігінде орналасқан.
Керамикалық дастархандар – халық тұрмысында өзіндік мәдени және әлеуметтік маңызы бар бұйымдар. Олардың аласа болуы – үй ішіндегі суфа (отыратын аласа орын) жүйесімен байланысты. Бұл үстелдер көбіне қабырға бойына орналастырылып, астыңғы жағындағы әшекейлер көрінетіндей етіп қойылған. Жоғарғы беті тегіс болғандықтан, олар тамақ ішетін орын ретінде пайдаланылған. Бұл дастархандар тек күнделікті тұрмыста емес, сондай-ақ құрметті қонақтарды қабылдағанда немесе ерекше жағдайларда қолданылған деген болжам бар.
Ә.Егеубаева, қор сақтаушы.