МАҢЫЗДЫ :

nothing found

ТАРИХИ МҰРАЛАР НАСИХАТТАЛДЫ

18 ақпан күні Түркістан қаласындағы “Арман-М school” мектебінде оқушылар мен ұстаздарға арналған ерекше “Түркістан тарихы және Ясауи мұрасы” тақырыбында көрме-лекция өтті. Бұл шара көне қала тарихы, Қожа Ахмет Ясауи мұрасы және Түркістан өңірінің мәдени ерекшеліктерін таныстыруға арналды.  Көрме барысында оқушылар музей-қорық қорында сақталған Түркістан өңірінен табылған сирек кездесетін тарихи жәдігерлерді тамашалап, олардың шығу тарихы мен маңыздылығы туралы қызықты мәліметтер алды. Қолданбалы өнер бұйымдары, тұрмыстық заттар, мыс пен күмістен және саздан жасалған көне құмыралар мен ыдыстар – бәрі де өткен заманның ізі мен шежіресін сақтап тұр.

Бұдан бөлек, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сәулет ерекшеліктері, оның тарихи құндылығы, эпиграфикалық жазулардың сыры мен символикалық мәні, сондай-ақ мұнда сақталған түпнұсқа жәдігерлер жайлы мазмұнды деректер ұсынылды.  Аталған басқосуда мектеп ұстаздары және оқушылар көне қала тарихы мен оның рухани мұрасы туралы жан-жақты ақпаратпен танысты. Тарихи фактілерді өзара талқылау барысында оқушылар көкейлеріндегі сауалдарына толыққанды жауап алып, өткен дәуірлердің құпияларына бойлады.

Жиын соңында оқушылар «Әзірет Сұлтан» Ұлттық музей-қорығының аумағында орналасқан тарихи объектілерімен етене танысуға және ондағы музей залдарын тамашалауға қызығушылық танытып, рухани сапар ұйымдастыруға уәде етті.  Білім мен тарих астасқан бұл танымдық-көпшілік шара оқушыларға Түркістанның бай мәдени мұрасын сезінуге мол мүмкіндік берді.

Қ.Ысқақ, «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының көрме ұйымдастырушысы.

Алдыңғы ақпарат

Жылу-ылғалдылық режимінің маңызы

Келесі ақпарат

ОБЛЫСТЫҚ БАЙҚАУ ӨТТІ