
«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығында дәстүрге айналған маңызды мәдени шаралар аз емес. Солардың бірі де бірегейі мектеп оқушылары арасында өтетін республикалық “Ясауитану” байқауы. Бұл білім бәйгесі биыл 17-18 сәуір күндері Түркістан қаласында өтеді деп жоспарланып отыр. Байқау қазақ халқының рухани тұтастығын қалыптастырған Қожа Ахмет Ясауидің хикметтерін насихаттау, өскелең ұрпақты ұлы баба мұрасын терең меңгеріп, зерттеуге ынталандыру, интеллектуалдық пайым-парасатын арттыру, кесенесінде жерленген тарихи тұлғалардың өмірі мен қызметін өскелең ұрпақтың бойына сіңіруді мақсат тұтады.
Жаңа оқу жылынан бастап музей-қорық барлық облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларына арнайы хаттар жіберді. Қазіргі таңда, еліміздің әр өңірлерінде «Ясауитану-2025» байқауының аудандық, қалалық, облыстық іріктеулері өтіп жатыр. Ал байқаудың Түркістан облысы бойынша іріктеуі облыс орталығындағы №24 М.Шоқай атындағы жалпы білім беретін мектебінде өтті. Іріктеу байқауын «Облыстық дарынды балаларды анықтау және қолдау орталығы» ұйымдастырды.
Облыстық байқауға 74 оқушы қатысты. Қазылар алқасының төрағасы ретінде «Әзірет Сұлтан» Ұлттық музей-қорығы Ғылыми зерттеу бөлімінің басшысы Б.Байболов шақырылды. Байқау екі кезең бойынша өтті. Бірінші кезең «Баба мұрасы – балаға аманат» деп аталды. Сайысқа қатысушылар жеребе бойынша тіркелу кезінде өздеріне тиесілі номерлерін алды. Осы ретпен 74 оқушы 7 топқа бөлінді. Бастапқы бес топқа 11 сайыскерден, соңғы екі топқа 10 оқушы сынға түсті. Нәтижесінде 74 оқушыдан келесі кезеңге 34 оқушы жолдама алды.
«Білімді мыңды жығар алысқанда» деп аталған екінші кезеңде сайыскерлер билет алып, сұрақтарға жауап берді. Ол сұрақтар Ясауи бабамыздың өміріне қатысты аңыздардан, хикметтердің мағынасын ашып түсіндіруден, Ясауи кесенесінің салыну тарихынан, Қазақстан тарихынан, сайыпқыран Әмір Темір кесенеге сыйға тартқан жәдігерлер мәнін қамтыды. Бұл кезең оқушылардың ой-өрісін, таным деңгейін анықтауға мүмкіндік берді. Байқауға қатысушылардың дайындығы өте жақсы. Жеңімпаздарды анықтау оңайға соқпады. Бірдей ұпай жинаған 7 оқушыны сахнаға шығып, бірінші кезең ережесі бойынша хикметтерді жатқа айтудан қайта жарыстыруға мәжбүр болдық.
Облыстық іріктеу байқауының қорытындысы бойынша «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан Тұрар Саян, Зия Аружан (Отырар ауданы), Танирберген Акерке (Мақтаарал ауданы), Хакимова Умида (Сауран ауданы), Ахмадияр Мерей (Ордабасы ауданы) республикалық «Ясауитану-2025» байқауына жолдама алды. Сайыста білімділігімен көзге түскен Қолтай Феруза (Төлеби ауданы) қазылар алқасының шешімімен сәуір айында өтетін республикалық байқауға реверв ретінде ұсынылатын болды.
«Ясауитану-2025» облыстық іріктеу байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне Түркістан облысы білім басқармасының «Облыстық дарынды балаларды анықтау және қолдау орталығы» КММ-нің арнайы алғыс хаты тапсырылды.
Берік БАЙБОЛ, Ғылыми зерттеу бөлімінің басшысы.