
Қазақ ханы Есім ханның жерленген жері Түркістан қаласында орналасқан. Оның тұсында Ясы қаласының атауы Түркістан – «Түркі елі» болып өзгертіліп, Қазақ хандығының астанасы болғаны тарихтан белгілі. Есім ханның жарлығымен Түркістан қазақ халқының саяси және рухани орталығы болып жарияланды. Бірнеше ғасырлар бойы бұл қала жиырма бір қазақ хандарының резиденциясы қызметін атқарды.
Есім хан – Шыңғыс хан әулетінің өкілі, 1598-1628 жылдар аралығында Қазақ хандығын басқарған, Шығай ханның ұлы. Бүкіл саналы ғұмырын шайқастарда өткізіп, ерлік пен қаһармандық танытып, соның арқасында халықтың құрметіне бөленгені, ержүрек билеуші ретінде тарихта қалғаны белгілі.
Қазақ тарихында Есім хан «Еңсегей бойлы ер Есім» деген лақап атқа ие болды. Бұл есім оған 1598 жылы ағасы Тәуекел ханмен бірге Мавераннахрға жасаған әскери жорық кезінде берілген. Ағасы қайтыс болып, таққа отырғаннан кейін Есім ханның бірінші ісі Мавераннахрда тәртіп орнату болды.
Тарихшы Ескендір Мунши айтып өткендей: «Біраз уақыттан кейін Нақшбанди тариғи шейхтерінің араласуымен Ташкенттегі қазақ билеушісі мен Орта Азия әмірліктері арасында бейбітшілік орнады, Самарқанд әскері Ташкентке қарсы ешқандай әрекет жасамайтыны туралы келісім жасалды». Бұл Түркістан мен Ташкенттің Қазақ хандығының аумағына қосылуын заңды түрде мойындауды білдіреді.
Түркістанды қазақ хандығының астанасы ету түбегейлі Еңсегей бойлы Ер Есім тұсында жүзеге асқаны, Түркістанның қазақ хандарының ордасына айналғандығы «Исатай-Махамбет» дастанында былай жырланады:
Шыңғыстың тағы құрылған,
Түркістанда ту тігіп.
Атаң бір қазақ мекендеп,
Хандары сонда тұрылған.
Яғни, Есім ханның билігі Қазақ хандығы тарихындағы, қазақ халқының мемлекеттілігін, аумақтық тұтастығын және рухани негізін нығайтқан маңызды кезең болды.
М.Искакова, экскурсия жетекшісі.