МАҢЫЗДЫ :

nothing found

Рухани дәстүр жалғасы – «Қарахисари Құраны» Әзірет Сұлтанға тарту

🔹15 мамыр күні түркі мемлекеттері басшыларымен бірге Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат еткен Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған кесенеге османдық каллиграф Ахмед Шемседдин Карахисаридің қолынан шыққан Құранды сыйға тартқан болатын.
🔹Осман каллиграфия өнерінің жауһары саналатын Ахмед Шемседдин Қарахисаридің атақты «Қарахисари Құраны» — ислам өркениетінің рухани әрі көркем мұрасының ең құнды үлгілерінің бірі.
🔹Тарихта Әзірет Сұлтан кесенесіне келген хандар, сұлтандар мен зияратшылар қасиетті орынға құрмет ретінде түрлі бағалы сыйлықтар тарту етіп отырған. Бұл – Қожа Ахмет Ясауи руханиятына көрсетілген тағзым мен түркі-мұсылман дүниесіндегі рухани сабақтастықтың айқын көрінісі еді. Сол тарихи дәстүрдің жалғасы ретінде Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған Әзірет Сұлтан кесенесіне «Қарахисари Құранының» бір факсимиле нұсқасын сыйға тартты. Бұл тарту – тек мәдени сыйлық емес, ғасырлар бойы үзілмеген рухани байланыстың, ортақ өркениеттік мұраға деген құрметтің белгісі.
🔹XVI ғасырда жазылған бұл көркем қолжазба бес түрлі классикалық хат үлгісімен көшірілген және алтынмен әшекейленген. Қолжазбаның өлшемі – 44 × 62 × 9 см, салмағы – 16 кг. Бүгінде түпнұсқасы Топқапы сарайы музейінде сақтаулы. Құран каллиграфиясы – тек өнер емес, рухани мәдениеттің айнасы. Осындай мұралар Түркістанның ислам өркениетіндегі тарихи орнын айшықтай түседі.
Сайпулла Моллақанағатұлы,
«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы, Ясауитану ғылыми орталығының басшысы.
Алдыңғы ақпарат

«МУЗЕЙ ТҮНІ» МӘДЕНИ-КӨПШІЛІК ШАРАСЫ ӨТТІ

Келесі ақпарат

21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күні