«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен белгілі археолог, тарих ғылымдарының кандидаты, ғалым Марат Тұяқбаевтың 70 жылдығына арналған «Сырдария өңірінің археологиялық мұрасы: зерттелуі мен нәтижелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.
Ауқымды ғылыми жиын Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты және Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетімен бірлесіп ұйымдастырылып отыр.
Конференция жұмысына Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен және еліміздің жетекші археологтары мен тарихшы ғалымдары қатысады деп күтілуде. Бұл басқосу Сырдария өңірінің археологиялық мұрасын зерделеу, ғылыми тәжірибе алмасу және өзекті мәселелерді талқылау алаңына айналмақ.
Марат Тұяқбаев – отандық археология, тарих және музей ісінің дамуына елеулі үлес қосқан, Түркістан өңірінің тарихи-мәдени мұрасын зерттеу, сақтау және қорғау бағытында ұзақ жылдар бойы табанды еңбек еткен білікті маман.
Ғылыми жиын аясында Марат Тұяқбаевтың монографиясының, конференция материалдары жинағының және биобиблиографиялық еңбегінің тұсаукесері өтеді. Сонымен қатар, ғалымның ғылыми және шығармашылық жолына арналған арнайы фотокөрме ұйымдастырылады.
Өтетін орны: Түркістан қаласы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ, Мәдениет орталығы, кіші конференц-зал (1-қабат), Б. Саттарханов даңғылы, 29