
Бүгін «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастырумен ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Түркістан қаласының талантты перзенті, ақын, прозаик, драматург О.Дастановтың туғанына 100 жыл толуына орай «О.Дастанов жауапты сақтаушы» тақырыптық көрмесінің ашылу салтанаты болып өтті.
Аталған шараға ҚР Мәдениет қайраткері, халықаралық Ататүрік алтын медалінің иегері, профессор ТӘШЕНОВ ӨСКЕНБАЙ, Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, О.Дастановтың күйеубаласы — ЖАРЫЛҚАСЫН ӘЗІРЕТБЕРГЕНОВ, О.Дастанов ағамыздың жақын туысы, Түркістан қаласының құрметті азаматы — МАҚСҰТ АТАМБАЕВ, ҚР Иран, Румыния, Македония, Венгрия елдеріндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі және Парламент Мәжілісінің депутаты болған белгілі қоғам қайраткері РҮСТЕМОВ НҰРБАХ ТҰРАРҰЛЫ, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің ректоры ЖАНАР АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ, Түркістан қалалық ақсақалдар кеңесінің мүшесі ШОРА ЕСМОЛДАЕВ, О.Дастановтың қыздары – ҰЛБОСЫН, РАУШАН, ДАСТАНОВАлар, жұбайы ЖАДЫРА ОРЫНБАСАРОВА, сондай-ақ қала ардагерлері мен О.Дастановтың көзкөрген замандастары мен туыстары, жергілікті музей басшылары, мәдениет, тарих саласының мамандары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Алғашқы болып сөз алған музей-қорық директоры МӘУЛЕН ЖАРЫЛҚАСЫНҰЛЫ О.Дастанов ағамыздың қасиетті қаламыз – Түркістанға, оның ішінде Қ.АЯсауи кесенесін сақтаудағы сіңірген елеулі еңбегін айта келіп, осындай тарихи тұлғаларымыздың өнегелі ісін, даңғыл жолын бүгінгі ұрпаққа дәріптеу маңызды екенін тілге тиек етті. Осындай пайым-парасаты биік, арына кір жұқтырмаған тұлғаларымыздың өмір жолы мен азаматтық болмысын музейдегі тақырыптық көрмелер ұйымдастыра отырып, көпшілікке насихаттауымыз қажет деді.
Көрмеге шақырылған О.Дастановтың замандастары, әріптестері мен жақын туыстары ол жайында құнды естеліктерімен бөлісіп, келелі ойларын ортаға салды.
Көрме экспозициясына О.Дастановтың “Әзірет Түркістан”, “Әулиелі жерлер туралы шындық”, “Әзірет Сұлтан” секілді құнды шығармалары мен түрлі архивтік құжаттары, қызметтік жылдарынан естелік фотосуреттері мен жеке тұтынған заттары шығарылып, көпшілік назарына ұсынылды.
Бүгінгі көрменің мақсаты: Саналы ғұмырын ұлтына риясыз қызмет етуге, тарихи маңызы зор бірегей қасиетті нысан – Қ.А.Ясауи кесенесін көздің қарашығындай сақтауға арнаған, күш-қайраты мен ақыл парасатын осы жолға сарқа жұмсаған ақын, драматург О.Дастановтың өмірі мен шығармашылығын қалың жұртшылыққа кеңінен таныстыру. Өзінің қалтарысы мен бұлтарысы көп, қиуы кеткен құдайсыз қоғамда ғұмыр кешкеніне қарамастан, туған топырағы Түркістанды қадір тұтып, ондағы әйгілі әулие Қ.А.Ясауи бабамызға деген айрықша құрметін жалынды жырларына арқау етті.
Сонымен қатар, ол өзінің табиғат берген талантынан туындаған шығармашылығы арқылы адалдық пен ізгілік секілді рухани құндылықтарды насихаттап, ел ертеңі жастарға үлгілі өнеге қалдыра білді. Сондықтан да бүгінгі көрме О.Дастановтың осы кезге дейін ашыла қоймаған сан қырлы шығармашылық әлемімен һәм көпшілік біле бермеймін азаматтық, тұлғалық болмысын таныстыруды мақсат тұтады.
Шарада қаламыздағы «Көркемсөз» және «Жас лидер» үйірмесіне қатысушы дарынды мектеп оқушылары О.Дастановтың өткір өлең-жырларын жаттап, дайындалған болатын. Адамзатты ізгілікке бастайтын игі құндылықтар сынды өзекті тақырыптарда қалам тербеген ақын шығармаларынан оқылған, ой саларлық өлең үзінділерін көпшілік терең толқыныспен тыңдап, ерекше әсерге бөленді.
Айта кететін жәйт, бұл шара О.Дастановтың құрметті еңбек демалысына шыққаннан кейінгі соңғы 40 жылда музей ардагеріне арнап ұйымдастырылып отырған тұңғыш көрме.
Көрме 2 айға жуық қала тұрғындары мен қонақтарына қызмет етеді.
Қ.Ысқақ, көрме ұйымдастырушы.