Бүгін 4-қаңтар күні «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығындағы «Жас Археолог», «Жас реставратор» үйірмелерінің 3 айлық жұмысын қорытындыладық.

Жас археолог үйірмесі негізгі төрт тақырыптық жоспар бойынша жүргізілді: Археологияға кіріспе, адамзат тарихы, археологиялық еркерткіштер және «Әзірет Сұлтан» музей-қорығы. Ал Жас реставратор үйірмесі негізінен реставрация туралы негізгі түсініктерді қалыптастыру мен практикалық сабақтар арқылы ұйымдастырылды.

2024 жылдың қазан айынан 2025 жылдың қаңтар айы аралығында Үйірме орталығында өз білімдерін шыңдаған шәкірттер жекелеген тақырыптар бойынша өз зерттеулерін жасап, оны музей қызметкерлері мен оқушылар алдында презентация түрінде қорғап шықты.

Жиын соңында музей-қорық директоры М.Садықбеков оқушылардың дайындығы мен біліктілігіне оң баға беріп, «Жас археолог» және «Жас реставратор» үйірме курстарынан өткендігі туралы сертификат табыстады.

Жастар арасында халқымыздың тарихын кеңінен насихаттай отырып, еліміздің тарихы мен руханиятына, мәдениеті мен дәстүріне деген сүйіспеншілікті арттырып, отансүйгіштік пен патриоттыққа тәрбиелеу мақсатындағы үйірме жұмыстары алдағы уақытта өз жалғасын табады.
Тұрсынов Ағаділ, музей-қорық қызметкері.