
Бүгін қаламызда орналасқан Б.Момышұлы атындағы №22 жалпы орта мектебінде аталған оқу орнының сұранысы бойынша жоспардан тыс жылжымалы көрме және «Әзірет Сұлтан» Ұлттық музей-қорығында ұзақ жылдар бойы қажырлы еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман, қазақ халқының арда туған біртуар ұлы Ө.Жәнібековтің шәкірті, музей-қорығымыздың алғашқы экскурсоводы, ҚР Мәдениет қайраткері, мәдениет саласының майталманы Жүзбаева Рахия Сүлейменқызының өнегелі өмір жолына арналған «Дара жол» айдары бойынша сұхбат ұйымдастырылды.
Оқушылар мен ұстаздар қауымы қадірлі мейманға көкейлеріндегі түрлі сұрақтарын жолдап, өзара емен-жарқын әңгіме өткізді.
Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың Ұлттық Құрылтай мәжілісі мен соңғы берген сұхбаттарында көтеріліп жүрген негізгі әрі өзекті тақырыптардың бірі – жалпыұлттық құндылықтар мен олардың насихатталу ісі. Осы тұрғыда халқымыздың рухани-мәдени өркендеуі жолында айрықша орын алатын тарихи тұлғаларымыздың бірегейі әулие-данышпан Қ.А.Ясауи бабамыз.
Оның адамзат баласын білімпаздық пен табандылыққа, парасаттылық пен адалдыққа бастар өміршең мұрасын қоғам ішінде дәріптеу аса маңызды. Осы себепті Президентіміз: «…Халқымыздың рухани қуатын арттырып, табысқа жетелейтін осындай ізгі құндылықтарды ұдайы насихаттау арқылы ғана біз сапалы ұлтқа айнала аламыз» — деген болатын.
Мектеп оқушылары мен ұстаздары «Қожа Ахмет Ясауи мұрасы» және «Түркістан тарихы» тақырыптары бойынша өтілген көрме-лекцияда көне қала тарихы мен Ясауи мұрасы хақында біршама мағлұмат алып, музей-қорығымыздағы жауһар жәдігерлер сыры мен тарихы жайлы мазмұнды ақпаратпен қанықты.
Көшпелі көрмеге жергілікті халық арасында қолданылған тұрмыстық бұйымдар мен әшекейлер, көнек, саптаяқ, қыштан жасалған шығыр ыдысы және ХІХ ғасырда Түркістан жерінде қолданылған кәріз құбырлары секілді құнды артефактілерді жақыннан көрген оқушылар ішкі таңданыстарын жасыра алмады. Көне қаланың өткен шағына тарихи сапар шегіп, ерекше аңыз әлеміне енгендей күй кешті.
Сондай-ақ, Ясауи іліміндегі кемелдікке жетудің төрт сатысы, Ясауи ілімі тараған аймақтардың картасы, қаланың ежелгі орны болған Шербай қорымының топографиялық карта-сызбасы т.б. көрнекілік көмекші экспонаттар көпшілік назарына ұсынылды.
Жиын соңында шараның құрметті қонағы болған Р.Жүзбаеваға мектеп директоры А.Пошанова ұжым атынан алғыс хатпен марапаттап, сый-сияпатын жасады.
Қ.Ысқақ, көрме ұйымдастырушы.