
Биыл «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығында ауқымды құрылымдық өзгерістер болды. Мемлекет Басшысы Қ.Тоқаевтың Ясауи мұраларын зерттеп, дәріптейтін орталық ашу жөніндегі тапсырмасына сай музей-қорықтың бөлімі ретінде «Ясауитану» ғылыми-зерттеу орталығы құрылды. «Ясауи музейі» ашылды. Сонымен қатар Құқықтық және құжаттамалық ресімдеу бөлімі, Музей педагогикасы бөлімі, Экспозициялық көрме қызметі бөлімі, Қоғаммен байланыс бөлімі, Сәулет-реставрациялау жұмыс жөніндегі бөлім құрылды. Осыған орай «Әзірет Сұлтан» Ұлттық музей-қорығының 2025 жылға арналған штаттық кестесіне 77 бірлік қосылды.
16 қаңтар күні музей-қорық бос лауазымдар бойынша конкурс жариялады. Құжаттары конкурсқа қабылданған 120 үміткердің 46-сы өздерінің білімді де білікті маман екендіктерін дәлелдеп, конкурстық комиссияның қорытынды шешіміне сай 17 ақпаннан, яғни бүгіннен бастап жұмысқа қабылданып, қызметтеріне кірісті.
Таяу күндері бос орындарға тағы да конкурс жарияланатын болады. Сондықтан «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығында қызмет істегісі келетін жандар болса, дайындала беруін сұраймыз.