
Кез-келген музей әлеуетінің қозғаушы күші оның қоры екендігі белгілі. Қорлардың құрамының байлығы мен маңызына қарап оның экспозициялық-танымдық мүмкіндігі пайымдалады.
Әлемдік танымал музей қорларының қайталанбас туындылармен қалай толығып отырғандығы музейлер мен оның тарихына немқұрайлы қарай алмайтын кез-келген азаматқа қызық болатындығы анық. Мәселен, әлемге танымал Ватикан музейінің қалыптасуына папа ІІ Юлий коллекциясындағы мүсіндер мен көркемсуреттер түйткіл болған.
Каир музейі өзінің қалыптасуына екі адамға қарыздар. Олардың бірі, өз жарлығымен елдегі жәдігерлерді сыртқа шығаруға тыйым салған ХІХ ғ. Мысырдың билеушісі Мұхаммад Али болса, екіншісі, Мысыр тарихы мен ондағы жәдігерлерге қатты қызыққан, Мысырдағы өз үйінде ең алғашқы музей ғимаратын тұрғызған француз Огюст Мариетта болатын. Оның құрған музейінің қорлары қазіргі таңда 100 бөлмеден тұратын, Мысырдың 5 мың жылдық тарихынан сыр шертетін өте бай қорымен мақтана алады.
Испан королі Фердинанд VІІ әйелі Мария Изабелла де Браганза тарапынан құрылған Мадридтегі Прадо музейі де ғасырлар бойы испан билеушілерінің жиып, музейге сыйға берілген жәдігерлері негізінде құрылған. Қазіргі таңда музей қоры әлемдік біртуар шығармалары жинақталған атақты қорлар қатарынан.
Жеке азаматтардың музейлерге сыйға берген мәдени құндылықтары музей қорларын жинақтау мен толықтыру ісіндегі ең маңызды негіздердің бірі болып табылады. Әлемнің алдыңғы қатарлы музейлерінің қорлары осындай өтеусіз жеке сыйлар мен отбасылық құндылықтарды музейлерге өткізу арқылы толығып отырды. Адамзат және өркениет тарихын зерттеуде өлшеусіз қызмет етіп келе жатқан осынау музейлердің құрылу тарихына тоқталайық.
Біздің қазіргі түсінігіміздегі ең алғашқы музей ұғымымен сәйкес келетін — 1753 жылы ашылған Лондондағы Британ музейі. Бұл музей медицина саласының қызметкері әрі натуралист сэр Ганс Слоанның (1660-1753) пәрменімен құрылған еді. Ол өз өмірінде 71000 заттан тұратын өте көлемді коллекция жинап, өмірінің соңында жинақтың талан-таражға түсіп кетуінен қорқып, король Георг ІІ–ге өткізіп кетті. Осы жинақ негізінде 1753 жылдың 7 маусымында Георг ІІ Британ музейін құру туралы қаулы шығарды.
Жаңадан құрылған Британ музейі қорына Слоанның коллекциясына қосымша ретінде Коттон және Харлей кітапханаларының жәдігерлері қоса енгізілді. 1757 жылы бұларға Король кітапханасы мен Британияда жарық көретін кітаптардың үлгілерін алып отыру құқы қоса берілді. Осы алғашқы 4 коллекцияның қатарында британ әдебиетінің нағыз жаухарлары орын алған еді. Олардың қатарында ортағасырлық «Беовульф» эпосының сақталып қалған жалғыз көшірмесі де бар. Бастапқыда антикалық көне заттардың жиынтығы болады деп ойластырылған Британ музейінің қорлары түрлі түсімдер, көптеген сыйлардың арқасында ХІХ ғасырда құрамына этнографиялық, археологиялық, кітаптар мен көркемсуреттер коллекциясынан тұратын әлемдегі ең бай жинаққа айналды. Осындай жолдармен әлемнің басқа да музейлерінің қорлары толығып отырды.
1759 жылдың 15 қаңтарында ашылған музейдің қоры сыйға берілген жәдігерлермен әрдайым толығып отырды. Осылайша, 1760-1770 жылдары 1640 ж. Азамат соғысына қатысты трактаттармен, XVI-XVII пьесаларымен, грек вазаларының коллекциясымен толықтырылды. Ал, 1778 жылы музей музей қоры капитан Куктың әлемге жасаған саяхатынан жинақтаған заттарымен толықты.
Әлемдегі ең танымал музейлердің бірі Лувр музейі құрылған алғашқы уақытта оның қорларын тек Франциск І мен Людовик ХІV жиған коллекциялары ғана тұратын. Музей құрылған алғашқы уақытта оның қорларында 2500-дей көркемсурет туындылары бар еді. Жан-Луи Давид бастаған Якобиншілер тарихи құндылығы бар жәдігерлердің тек монархтың эстетикалық сұраныстарын ғана қанағаттандыруға ғана қажетті жәдігерлер емес, бүкіл адамзаттың игілігіне қызмет етуі қажет дүниелер екендігін дәлелдеп берген соң музей жалпы көпшілік қауым назарына ұсынылды. Осыдан соң, оның қорлары жан-жақтан келген сыйлармен толыға түсті.
Әлемдегі ең танымал музейлердің бірі — Метрополитен музейінің қорлары да жекелеген азаматтардың музейге өткізген сыйларының негізінде түзілген болатын. Музей құрылған алғашқы уақыттарда қаржының жетіспеушілігінен музей атақты өнер туындыларының көшірмелерін жасатуға мәжбүр болған. Алайда, 1901 жылы Нью Джерсидегі паровоз зауыттарының иесі Джекобс С.Роджерс музейге 5 миллион доллар қалдырған соң жағдай өзгерген еді. Музейге жасалған осындай қаржылық мүмкіндіктен соң, музейдің мүмкіндігі артып, қорға экспонаттар жинақтау саясатына өзгерістер енгізуге мүмкіндік туды. Музей қорларын толықтыру ісіне мықты мамандарды тарта бастады. Музей коллекциялары ортағасырлардан импрессионизм мен авангардизм дәуірінің біртуар туындыларымен толыға бастады.
Әсіресе, ХХ ғ. басы музей қорларын толықтырған маңызды кезең болды. Бұл кезеңде музей қорлары сыйға берілген Батыс Европаның атақты импрессионизм, постимпрессионизм бағытының суретшілерінің туындыларымен толықты. Олардың арасында Густав Курбенің «Тотығұс ұстаған әйел», Огюст Ренуардың «Мадам Шампантье балаларымен бірге», Поль Сезанның «Кедейлер төбесі» сынды атақты туындылар орын алды.
Ресей музейлерінің құрылуында да сыйға берілген коллекциялардың орны ерекше. Ресей патшасы І Петр Голландиядағы суретші – маринистердің шеберханаларын аралап, түрлі коллекцияларды тамашалап, өзінің алғашқы коллекциялық жинағын құрды. Бұл жәдігерлер патшаның жеке жинағы — «Государево кабинеттің» алғашқы жәдігерлері болатын. Кейінірек, бұл жинақ скифтедің алтын бұйымдарынан тұратын «Сібір коллекциясымен» толықты. Патша қайтыс болған соң оның жеке коллекциясы Ресейдің алғашқы мемлекеттік музейі – Кунсткамераға өткізілген болатын. Кунсткамера, қазіргі таңда Ресей ғылым Академиясының Ұлы Петр атымен аталатын антропология және этнология музейі деп аталады. Міне, осылайша І Петр тұсында-ақ жеке коллекциялардың мемлекеттік жәдігерлер қорына айналу процесі басталып кеткен болатын. Яғни, қазіргі таңдағы Ресейдегі ең танымал музейлердің барлығы да жеке тұлғалардың жиған коллекцияларын мемлекетке сыйға берілуі негізінде құрылғандығы аңғарылады.
Ресейдегі жеке коллекцияларды сыйға беру негізінде құрылған музейлер қатарына қайырымдылық негізде құрылған ағайынды Д.М. және А.М.Голицындардың 1802 жылы құрған сурет галлереясын айтуға болады. Жазушы, дипломат П.П.Свиньин 1826 жылы Санкт-Петербургте «Русский музеум» атауымен жеке музейін құрған еді.
Осындай негізде Петербургте Ф.И.Прянишников галлереясы құрылған болатын. Галлереяның егесі қайтыс болған соң, ондағы туындылар алғашқыда көркемсурет Академиясы Музейіне өткізіліп, кейінірек Мәскеудегі Румянцевтің музейіне берілген.
Барлығымызға белгілі Эрмитаж музейі де патшайым ІІ Екатеринаның жеке жинағындағы 225 картинаның негізінде құрылған.
Сенатор, өнер білгірі және коллекционер Дмитрий Татищев өз коллекциясын түгелдей Эрмитажға сыйға берген өткізген. Оның коллекциясында Антонис ван Дейктің әлемге танымал, өте құнды туындысы «Сұрапыл сот. Крестке керу» (Страшный суд. Распятие) шығармасы сынды теңдессіз туындылар да бар еді.
Эрмитаж қорлары әрдайым сыйға берілген заттармен толығып отырады. Мәселен, 2014 жылы Эрмитаждың 250 жылдығы тойланған кезде музейге берілген сыйлар өте көп болды. Сыйға берілген жәдігерлер арасында Эрмитаждың Англиялық достары сыйға тартқан Сұлтан Ладжиннің Сұлтан Тулун мешітіндегі мінберінің плакеті (Мысыр, 1296 ж.) бар еді. Бұл жәдігер өте сирек кездесетін, өте құнды жәдігерлер қатарына жатады. Әлемде мұндай жәдігерлердің 3-4 үлгісі ғана бар.
Тағы бір керемет, баға жетпес құнды жәдігерді орыстың керемет суретшісі Савелий Сориннің жиені сыйға тартқан. Бұл жәдігер Савелий Сориннің 1929 жылы салған портреті болатын. Сонымен қатар, Эрмитаждың 250 жылдық мерейтойына Америкадан келген қонақтар да керемет өнер тундыларын тапсырған.
Жалпыға ортақ музей құру идеясын І Николай іске асырған болатын. Ол, император коллекциясынан құрылған, Жаңа Эрмитаж атауымен белгілі болған музейдің ашылуына мұрындық болды. 1852 ж. Санкт–Петербургтегі Қысқы Сарайға жапсарлас салынған ғимаратта ашылуы болған бұл музейге І Николай өзінің жеке коллекциясын сыйға берген болатын. Императордың бұл әрекеті барлық коллекция иелерін өз жәдігерлерін сый ретінде император үйінің қарауына өткізе бастауларына түрткі болды. Ресейдегі орын алған бұл жағдай, жеке коллекциялардың мемлекеттік музейлер коллекцияларына айналуына себеп болған еді.
Белгілі орыс көпесі Павел Третьяков 1856 жылы Мәскеуде көркемсурет музейін, араға 10 жыл салып, көпшілік көрермен игілігіне арнап «Павел және Сергей Третьяковтардың Мәскеу қалалық галереясы» атты музейін де ашқан болатын. 1892 жылы Третьяков галереясы Мәскеу қаласына сыйға берілді. Кеңес өкіметі тұсында Третьяков галереясының жәдігерлері КСРО-ның көптеген музейлеріне тұрақты сақтауға берілген еді. Олардың қатарында Қазақстан көркемсурет өнерінің музейі де Третьяков галереясының жәдігерлерімен толыққан болатын.
1917 жылғы Октябрь революциясынан кейінгі жаппай экономикалық тұрақсыздық пен аштық орын алған тұста коллекционерлердің жәдігерлері тоналып, «қара базарларда» саудалана бастады. Өз коллекцияларын сақтап қалу мақсатында Мәскеулік коллекционерелер А.В. Морозов және И.А.Морозов, И.С.Остроухов, С.И.Щукин, А.А.Бахрушин және т.б. 1918 жылы көктемде коллекцияларын үйлерімен қоса мемлекетке сыйға беріп, өз коллекцияларының өмірлік сақтаушылары болып бекітілді. Осылай, өз үйлерімен бірге коллекцияларын мемлекетке өткізгендердің сыйлары негізінде мемлекеттік тарихи-тұрмыстық музейлер құрылған болатын.
1950-ші жылдары елдің ірі қалаларында КСРО музейлерінің қорларын толықтырып отырған коллекционерлер ортасы қалыптасты. Олар коллекцияларындағы заттарды музейлерге сыйға беріп, аманаттап өткізіп отырды. 1969 жылы коллекционер, өнертанушы И.С.Зильберштейннің сыйға тартқан коллекциясы негізінде Мәскеуде В.А.Тропинин және оның мектебін ұстанушы Мәскеу суретшілерінің мемлекеттік музейі ашылды.
Кеңес өкіметі тұсында жеке коллекционерлердің сыйға берген жәдігерлерінен жаңа музейлер көптеп ашылып отырды. 2002 жылы Петергоф музей-қорығында коллекционерлер И.М.Эзрахтың, Р.М. және А.А.Тимофеевтердің жинақтарынан құрылған коллекционерлер музейі ашылды.
Ресейлік тағы бір атақты музей — Мәскеу мемлекеттік тарихи музейінің қорлары негізінен шіркеулердің, кітапханалар мен түрлі институттар мен университеттердің сыйға берген заттарымен толықтырылып отырды. Атақты әулеттердің өкілдері тарихи музейге өте құнды түрлі жәдігерлерді өткізіп, музей қорларының толығуына меценат ретінде көмектерін беріп отырды.
Музей қорлары сыйға берілген, Ресей тарихына қатысты 9000 томдық Голицындар кітапханасымен, 300–дей көне жазбалардан тұратын Чертков жинағымен мақтана алады. Чертковтар отбасы музей қорына ең мықты тиындар кололекциясын да өткізген болатын. Бобринский, Оболенский, Кропоткин, Уваров мен Масальский сынды орыс ақсүйектері де музей қорларына Ресей тарихына қатысты көптеген құнды жәдігерлерді сыйға беріп, музей қорланың толығуына өз үлестерін қосқан еді.
Бахрушин, Бурылин, Сапожников, Постников сынды көпестердің музей қорларының толығуына қосқан үлестерін айтпай кетуге болмайды. Олар, Мемлекеттік тарихи музейдің қорларына 300 000-нан астам жәдігерлерді сыйға тартқан еді. Музейге сыйға тартылған өте құнды жәдігерлердің қатарында әйгілі көпес, коллекционер және меценат Петр Иванович Щукиннің коллекциясын айтуға болады. 1905 жылы Щукин өзінің өте бай коллекциясын Тарихи музейге өткізген болатын. Ол өмірінің соңына дейін өзі жәдігерлерін өткізген «Император ІІІ Александр атындағы «Ресей императорлық тарихи музейінің» қор сақтаушысы болды.
Нижний Новгородтың ақсүйектерінің басшысы Александр Андреевич Катуар де Бионкур өзінің аңшылыққа арналған мылтықтары мен пистолеттерінің жинағын, көпес Вахрамеев кітаптары мен қолжазбалар жинағын, Дашковтар әулетінің өкілдері көркемсурет жинақтарын музейге сыйға тапсырған болатын. М.Ф.Достоевскидің жесірі Анна Григориевна Достоевская музей қорына жазушының кітаптарын, фотосуреттері мен жеке заттарын сыйға берді. Осы сый негізінде музей ішінде «Ф.М.Достоевский естеліктері музейі» бөлімі ашылды.
Қазақ даласында алғашқы музейлер XIX ғасырдан бастап қалыптаса бастады. 1830 жылы 12 қараша күні Орынбор генерал-губернаторы граф П.П.Сухтелен жергілікті халықты және тұрғындарын өлкенің табиғатын, тарихы мен этнографиясын бейнелейтін жәдігерлерді губерния орталығында ұйымдастырғалы жатқан музей үшін табыстауға шақырады. Бұл шақыру қала тұрғындары мен жергілікті халық өкілдерінің қолдауына ие болып, нәтижесінде ашылғалы отырған музей үшін түрлі жәдігерлер жинала бастады. Олардың арасында ескі қару-жарақ, үй тұрмысы және этнографиялық бұйымдар, кітаптар мен портреттер болды. Жинастырылған жәдігерлер негізінде 1831 жылы Неплюев әскери училищесі жанынан Орынбор губерниялық музейі ашылды.
Музейді ұйымдастыру жұмысына және оның жәдігерлері қорының қалыптасуына 1830-1838 жылдар аралығында Орынбор қаласында қызмет атқарған орыстың белгілі ғалымы В.И.Дальдің (1801-1972 жж.) қосқан үлесі ерекше. Орынборда өткізген 8 жылда В.И.Даль Орал, Гурьев, Бөкей ордасына және т.б. жерлерге жыл сайын сапарға шығып қазақ халқының тұрмысы, фольклоры мен этнографиясы жайында көптеген деректер жинастырды. Осы сапарлар және басқа да жорықтар барысында жинастырылған этнографиялық бұйымдар Орынборда құрылған алғашқы музейдің жәдігерлер қорын ұлғайта түсті.
Т.Жолдасов, ғылыми қызметкер