МАҢЫЗДЫ :

nothing found

НҰРНАМА

«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығында сақтаулы «Нұрнама» атты дұғалық кітап бар. Аталған кітап түркі тілінде жазылған, жалпы көлемі — 127 бет. Туынды Ташкент қаласындағы Арифжанов баспаханасында басылып шыққан. Мұқабасы — қызыл түсті картоннан, парақтары — қызғыш түсті. Кітаптың өлшемі: 14х9 см. Музейге бұл кітапты Түркістан қаласының тұрғыны Абдрахман Әбдімүтәліп өткізген.

«Дұға» — араб тілінен енген сөз. Тілдік мағынасы – сұрау, тілеу, жәрдем сұрау. Дұға — құл мен Алланың арасындағы ең берік байланыстың бірі саналады. Ол — пенденің дәрежесін көтеретін құлшылықтың бір түрі. Бұл туралы Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) өз үмбетіне дұғаны қай кезде, қалай жасау керектігін үйретіп кеткен.

Аталған кітапта бірнеше дұғалар түркі және парсы тілдерінде берілген. Олар:
– «Нұрнама»
– «Рисала Чаруадарлик»
– «Рисала Дихһан»
– «Рисала Тафашат бада Назар»
– «Исми Ағзам»

Ислам ғалымдарының пікірінше, Алла Тағала 18 мың ғаламды жаратудан бұрын Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбардың киелі нұрын жаратқан. Яғни, бүкіл жаратылыстың бастауы – осы нұр. Бұл пікір бойынша Алла Тағала өз нұрынан бір негіз жаратып, одан бар ғаламды тудырған.

Кітаптың екінші бетінде «Нұрнама» дұғасы берілген. Бұл дұғада: «Егер кімде-кімнің ісі алға баспаса, жағдайы ауыр болса, түрлі қиыншылықтарға ұшыраса, осы дұғаны оқыса, ісі оңға басады» деп жазылған.

57–59-беттерде исламның негізгі сенім сөзі – «Лә иләһә иллаллаһ Мухаммадун расулаллаһ» (Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед – оның елшісі) жазылған. Бұдан кейін Алланың есімі, төрт халифаның: Әбубәкір (р.а.), Омар (р.а.), Осман (р.а.), Әли (р.а.) және Пайғамбардың екі немересі – Хасан (р.а.) мен Хусейннің (р.а.) есімдері келтірілген. Бұл дұғаларды кімде-кім оқыса, ол пенде жан тапсырар сәтте иманмен өтеді деп жазылған.
64-бетте – «Рисала Чаруадарлик» (төрт түлік мал шаруашылығына қатысты оқылатын дұға);
81-бетте – «Рисала Дихһан» (егіншілікпен айналысатындардың ісінің берекелі болуы үшін оқылатын дұға);
107-бетте – «Рисала Тафашат бада Назар» (көз тиюден сақтайтын дұға);
110-бетте – «Исми Ағзам» (Алланың ұлық есімі). «Исми Ағзам» арқылы дұға еткен кісінің тілегі қабыл болады. Ислам ғұламаларының ішінде Абдулла ибн Аббас (р.а.), Әбу Ханифа (р.а.) сынды сахабалар мен табиғиндер бұл есімнің «Алла» екендігін айтқан.

«Нұрнама» кітабында келтірілген дұғалардың Жәбірейіл періште арқылы Мұхаммед пайғамбарға (с.а.у.) риуаят етілгені баяндалған. Кітапта берілген дұғаларды үнемі оқып жүретін адам Хақ Тағаланың панасында болады, екі дүниеде де жүзі жарқын болып, жамандықтардан аман қалады, қиямет күні шапағатқа бөленеді, сапарға шыққанда зияннан сақтанады, үйіне ұры түспейді делінген. Егер адам Аллаға шын жүрекпен иман келтіріп, осы дұғаларды күнделікті оқып жүрсе, Алланың панасында, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) шапағатында болады деп баяндалған.

Ж. Майлыбаева, қор сақтаушы.

Алдыңғы ақпарат

Музейге сый шарасының музейлер қорларын қалыптастырудағы маңызы

Келесі ақпарат

Цитадель бекініс қабырғасы (XVIII-XIX ғасырлар)