
Орта Азия — ежелден өркениеттер мен империялар тоғысқан, сауда-саттық дамыған аймақ. Бұл өңірдің экономикалық тарихында динарлардың алатын орны ерекше. Динар — ислам мемлекеттерінде қолданылған алтын ақша, әрі саяси және мәдени маңызы бар құнды жәдігер.
Алғашқы динарлар VII ғасырдың соңында Омейядтар халифаты кезінде соғылып, Византиялық солидус үлгісінде жасалған. Ислам дінімен бірге Орта Азияға жетіп, Аббасидтер, Саманидтер, Қараханидтер және кейінгі мемлекеттер тұсында кең қолданысқа енді. Олар сауда-саттықты, мемлекетаралық байланыстарды дамытып, ішкі экономиканы нығайтты.
Динарлар ақша сарайларында соғылып, беттерінде араб, соғды, парсы жазулары, Құран аяттары, билеуші есімі мен атағы, соғылған орны мен жылы көрсетілді. Археологиялық деректер динарлардың көркемдік жағынан жоғары деңгейде жасалғанын айғақтайды. Әдетте дөңгелек пішінді бұл алтын ақшаларда бір бетінде билеушінің аты, екінші бетінде діни ұрандар жазылған.
«Әзірет Сұлтан» Ұлттық музей-қорығында XIII ғасырдың бірінші жартысына тиесілі 15 алтын динар сақталған. Олардың бір бөлігі 2004 жылы Арыс өзені бойындағы Отырар маңынан табылған көмбеден алынуы мүмкін. Бұл жәдігерлер Хорезмшахтар мен Шағатай ұлысы кезеңінің тарихын сипаттайды. Монеталарда сол дәуірдің билеушілері мен исламдық калималар бейнеленген.
Алтын динарлар халықаралық саудада сенімді әрі жоғары құнды валюта ретінде танылды. Тіпті төмен сынамадағы динарлар да нарықта айналым құралдарына айналды. Билеушінің есімі мен атағы бейнеленгендіктен, динарлар саяси насихат құралы ретінде де қолданылды.
Е.А. Давидовичтің зерттеуіне сүйенсек, XIII ғасырдағы Орта Азияның ақша айналымы үш кезеңге бөлінеді. Екінші кезеңде алтын динарлар кең көлемде соғылып, бірінші кезеңге қарағанда әлдеқайда көп таралған.
Динарлар — Орта Азияның экономикалық қуаты мен мәдени дамуының айғағы. Олар ислам өркениетімен тығыз байланыста болғанын дәлелдейтін тарихи, діни әрі көркемдік құндылығы зор жәдігерлер.
А.Байменова, қор сақтаушы.