
Орта Азия тарихында дирхемдердің де орны ерекше. VIII ғасырдан бастап таралған бұл күміс монеталар ислам дәуіріндегі экономикалық және мәдени байланыстың дамуына ықпал етті.
Дирхемдер алғаш рет Аббасидтер кезінде Сасанидтердің драхмалары негізінде жасалып, араб жазуымен безендірілді. Орта Азияда Саманидтер, Қараханидтер, Ғазнауилер сынды мемлекеттер өздерінің ақша жүйесіне енгізіп, аймақтық ерекшеліктермен толықтырды.
Дирхемдерде Құран аяттары, халиф не билеушінің есімі, соғылған жыл мен орны көрсетілген. Мысалы, Саманидтер дирхемінде “Алладан басқа құдай жоқ” деген жазу жиі кездеседі. Олар тек экономикалық құрал ғана емес, идеологиялық мәні де зор ақша болды.
Ұлы Жібек жолы бойымен кең тараған дирхемдер арқылы түрлі мәдениеттер мен халықтар арасында байланыс орнап, ақпарат алмасу жүзеге асты. Археологиялық қазбалардан табылған дирхемдер — сол дәуірдің саяси, экономикалық және мәдени өмірін зерттеуге мүмкіндік беретін баға жетпес дереккөз.
Дирхемдер — Орта Азия тарихының тірі куәгерлері. Олар арқылы өңірдің өткенін, сауда-саттығын, мәдени және діни өмірін тереңірек тануға болады.
А.Байменова, қор сақтаушы.