2025 жылғы 15 желтоқсанда Мәскеуге жасалған жұмыс сапары аясында «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы директорының міндетін атқарушы Нұрлан Дукенбаев пен сәулеттік реставрация бөлімінің басшысы Садвақас Агитаев Мемлекеттік реставрация ғылыми-зерттеу институтына (ГОСНИИР) және Мемлекеттік тарихи музейге барды.
Сапар барысында ГОСНИИР директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Мария Станиславовна Бокинамен келіссөздер жүргізіліп, музей-қорық пен реставрация институты арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға Қосымша келісім жасау мәселелері талқыланды.
Одан кейін музей-қорық өкілдері ГОСНИИР-дің музейлік климатология зертханасына барып, бөлім басшысы Виктор Борисович Дороховпен кездесті. Кездесу барысында Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі температуралық-ылғалдылық режимін реттеу бойынша музей-қорық мамандарын оқыту мәселелері қарастырылды.
Сондай-ақ делегация Мемлекеттік тарихи музейдің реставрациялық шеберханаларына барып, маталар, металл және археологиялық олжаларды реставрациялау бөлімдерінің жұмысымен танысты. Бөлім басшылары ағымдағы жоспарлар, қолданылатын реставрация технологиялары және кәсіби тәжірибе алмасу мүмкіндіктері туралы айтып өтті.
2025 жылғы 16 желтоқсанда Мемлекеттік тарихи музеймен ынтымақтастық туралы Келісімге қол қойылды. Құжат мәдени мұраны сақтау, зерделеу және кеңінен насихаттауға, сондай-ақ мекемелер арасындағы ғылыми және мәдени байланыстарды тереңдетуге бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыруды көздейді.
Аталған сапар «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының халықаралық кәсіби ынтымақтастығын нығайтуға және ғылыми-реставрациялық әлеуетін дамытуға бағытталған маңызды қадам болды.
К. Есжанова, халықаралық байланыстар жөніндегі менеджер.










