
Бүгін, 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен «Мәдениет – ұлт руханиятының алтын діңгегі» тақырыбында салтанатты жиын өтті. Рухани құндылықтарды ұлықтап, мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбегін дәріптеуге арналған тағылымды шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Салтанатты жиынның ашылуында музей-қорық директоры Нұрлан Мұсағалиұлы және «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» Түркістан облыстық филиалының төрағасы Асылхан Темірханұлы сөз сөйлеп, мәдениет пен өнер саласында еңбек етіп жүрген азаматтарды кәсіби мерекемен құттықтады. Өз сөздерінде олар музей қызметкерлерінің ел руханиятын дамытудағы ерен еңбегіне тоқталып, ұлт мұрасын сақтау жолындағы жауапты қызметтеріне табыс тіледі.

Мерекелік басқосуда музей-қорықтың бірқатар қызметкерлері мәдениет саласының дамуына қосқан үлестері үшін Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі атынан Алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен қатар Түркістан облысының әкімі Нұралхан Оралбайұлы мен Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы атынан арнайы Алғыс хаттар табысталып, сала мамандарының қажырлы еңбегі жоғары бағаланды.

Шара барысында кәсіподақ ұйымы атынан музей-қорық директорының міндетін атқарушы Нұрлан Дүкенбаев «ҚР Кәсіподақтар ұйымының құрылғанына 30 жыл» арнайы медалімен марапатталды. Мазмұнды жиын соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, бір-біріне ақжарма тілектерін арнап, кәсіби мерекенің шаттыққа толы сәттерімен бөлісті.
А.Әлібек, баспасөз хатшысы.