МАҢЫЗДЫ :

nothing found

ОТЫРАРДЫҢ ТУРИСТІК ӘЛЕУЕТІН ДӘРІПТЕГЕН БАСПАСӨЗ ТУРЫ ӨТТІ

🔹2026 жылғы 21 мамыр күні қасиетті Отырар өңірінде «Отырар алқабының туристік әлеуеті: көне мұраға жаңаша көзқарас» тақырыбында ауқымды баспасөз туры ұйымдастырылды. Тағылымы терең іс-шараны «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы өткізді. Іс-шараға «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының баспасөз хатшысы Азамат Әлібек те қатысып, тағылымы мол баспасөз турының куәсі болды. Ол көне Отырар өңіріндегі тарихи-мәдени мұраларды сақтау, насихаттау және туризмді дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, тағылымды шарадан ерекше әсер алып қайтты.

🔹Іс-шараға TurkistanTV және OntustikTV телеарналарының тілшілері, республикалық және өңірлік БАҚ өкілдері, интернет-басылым журналистері қатысты. Баспасөз турының басты мақсаты – Отырар алқабының бай тарихи-мәдени мұрасын кеңінен насихаттау, өңірдің туристік әлеуетін жаңа қырынан таныту және бұқаралық ақпарат құралдары мен жаңа медиа өкілдері арасында тиімді ақпараттық байланыс орнату болды.

🔹Бағдарлама аясында қатысушылар алдымен ғасырлар сырын бойына бүккен қасиетті Арыстанбаб кесенесіне зиярат жасап, мұнда атқарылып жатқан жаңғырту жұмыстарымен танысты. Кесене ішіндегі төсеніштер жаңартылып, келушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында арнайы құрбандық шалу орны жабдықталуда. Сонымен қатар, ұлт руханиятының жанашыры, мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібекке арналған кесенеде де алдағы уақытта жөндеу жұмыстары жүргізілетіні айтылды.

🔹Бұдан кейін БАҚ өкілдеріне туристерге қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған Сапар орталығының жұмысы таныстырылды. Заманауи талаптарға сай жабдықталған орталықта келушілерге арналған қолайлы инфрақұрылым қарастырылған. Сондай-ақ орталық жанынан археологтар мен ғалымдарға арналған екі қабатты арнайы жатын орын салынған. Қатысушылар орталықтағы тарихи экспозициялар мен бірегей жәдігерлерді тамашалап, өңір туризмін дамыту бағытында жасалып жатқан игі бастамаларға оң бағасын берді.

🔹Іс-шара барысында қонақтар көне өркениеттің куәсі саналатын Отырар қалажұртына барып, тарихи-археологиялық маңызы зор ескерткіштермен танысты. Көне шаһардың тарихынан сыр шертетін нысандарға шолу жасалып, Отырардың Ұлы Жібек жолы бойындағы маңызды мәдени және сауда орталығы ретіндегі рөлі кеңінен баяндалды. Сонымен қатар, қатысушылар «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының жаңартылған экспозициялық залдарын аралап, 2025 жылғы археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған құнды жәдігерлерді тамашалады. Бұл тың жәдігерлер көне Отырар тарихының тереңдігін айқындап, өңірдің ғылыми және мәдени маңызын арттыра түсті.

🔹Баспасөз туры аясында Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен тарихи нысандарға орнатылған заманауи турникеттер мен қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ақпарат беретін QR-код жүйелері таныстырылды. Мұндай цифрлық мүмкіндіктер туристерге тарихи орындар туралы жан-жақты әрі қолжетімді ақпарат алуға жол ашады.

🔹Іс-шара барысында Отырар өңірінің туризм саласын дамыту, тарихи-мәдени мұраны сақтау және оны келер ұрпаққа жеткізу бағытындағы өзекті мәселелер мен алдағы жоспарлар кеңінен талқыланды.

🔹Тағылымды баспасөз туры Отырар алқабының тарихи-мәдени құндылықтарын кеңінен дәріптеп қана қоймай, өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған маңызды ақпараттық алаңға айналды. Көне тарих пен заманауи мүмкіндіктер үндескен Отырар алқабы бүгінде ұлттық мұраны ұлықтайтын әрі халықаралық туризмді дамытуға әлеуеті зор киелі мекен ретінде жаңа қырынан танылып келеді.

А. Әлібек, баспасөз хатшысы.

Алдыңғы ақпарат

XIV-XV ғасырлардағы сопылық қауымдастықтарының араша болу мүдделері: Нормативтілік спектріндегі «махдилікті» заңдастыру стратегиялары

Келесі ақпарат

«МӘДЕНИЕТ – ҰЛТ РУХАНИЯТЫНЫҢ АЛТЫН ДІҢГЕГІ» АТТЫ САЛТАНАТТЫ ЖИЫН ӨТТІ