• 25 Сентябрь 2021

Үкаша ата кесенесі мен құдығы аумағында сенбілік жұмыстары жүргізілді

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қызметкерлері Үкәша ата кесенесі мен құдығы аумағында сенбілік жұмыстарын жүргізді.

Республикалық маңызға ие қасиетті де тарихи орындарды тазарту мақсатында ұйымдастырылған шара аясында Үкәша ата кесенесі мен автотұрақ, құдық аумақтарындағы шөптер орылып, қураған ағаштар кесілді.

-«Еліміздің түкпір-түкпірінен арнайы келіп, зиярат ететін қасиетті орынды күтіп-баптап, таза ұстау, келушілерге қолайлы жағдай жасау маңызды міндеттеріміздің бірі. Қазіргі уақытта Үкаша ата кесенесінде бір қорықшы, құдық басында бір қорықшы жұмыс істейді. Күн жылы мезгілде мұнда келушілердің де саны артады. Сол себепті, демалыс күнді пайдалана отырып қорық-музейдің ер-азаматтары кесене айналасын ретке келтіруде. Мұндай игілікті жұмыс басқа да тарихи орындарда жалғасады»,-деді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының міндетін атқарушы Ерсін Тәжібаев.

Айта кетсек, 2018 жылдан бері Үкаша ата кесенесі мен құдығы маңын абаттандыру мақсатында көптеген жұмыстар қолға алынды. Құдыққа баратын асфальт жол төселіп, жарықтандыру мәселесі де шешімін тапты. Сонымен қатар, жасыл-желектерді суарға арналған су ұңғымасы қазылып, дәретханалар жаңартылды. Бірқатар абаттандыру жұмыстары демеушілер есебінен жүзеге асты.

Алдыңғы ақпарат

Айна, ХІІІ ғ.

Келесі ақпарат

Құман, ХХ ғ.