
“Әзірет Сұлтан” Ұлттық музей-қорығының ұйымдастыруымен Түркістан қаласында, М.Әбенова атындағы жалпы білім беретін мектепте, «Түркістан қаласының тарихы» атты көшпелі көрме және «Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде Әмір Темір дәуірінен сақталған ортағасырлық мұралар» тақырыбында дәріс өтті.
Алдымен музей қызметкерлері мектептің акт залында көшпелі көрменің жәдігерлерін орналастырып, одан соң оқу ордасының 8-10 сынып оқушылары залдағы орындықтарға жайғасты. Кіші ғылыми қызметкер Т.Оразов Түркістан қаласының тарихына қатысты көшпелі көрме экспозициясына қойылған жәдігерліктермен оқушыларды таныстырды. Көрме экспозициясына музей қорында сақталған этнографиялық, баспа кітаптары, 1871-1872 жж. А.Кунның «Түркістан альбомы» кітабында жарық көрген Түркістан қаласының көріністері, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі және оның айналасындағы тарихи ескерткіштердің, кесенедегі тайқазан, лауха, шырағдандар мен есіктердің фотосуреттері және т.б. мұралар көпшілік назарына ұсынылды.
Музей-қорықтың экскурсоводы Қ.Нұрахметова «Тайқазан» тақырыбында оқушыларға арнайы дайындаған дәрісін өткізді. Дәрісте тайқазанның құйылу тарихы, ондағы араб жазуларының мәні мен мағынасы, тайқазанның 1935 жылы Ресейдің Санкт-Петербург қаласына жөнелтілуі, 1989 жылы тайқазанның тарихи отанына оралуына қатысты дәріс те баяндалды.
Сабақты одан әрі музей-қорықтың кіші ғылыми қызметкері С.Байсеит «Кесенеде сақталған Әмір Темір сыйға тартқан шырағдандар мен есіктер» тақырыбында арнайы дайындалған дәрісімен жалғастырды. Дәрісте оқушылар мен мұғалімдерге кесенеде сақталған қақпа есігі, қабірхана есігі және ондағы жазулардың мәні мен мағынасы, ұстаның есімі сынды мәліметтер айтылды. Сонымен қатар, ортағасырлық қола шырағдандардың тарихына қатысты шебердің есімі, сыртындағы араб жазуларының мәні, түрлі жолдармен шетел асқан мұралар жайлы оқушыларға егжей-тегжейлі баяндалды.
БАЙСЕИТ СҰЛТАН, ОРАЗОВ ТАЛҒАТ,
“Әзірет Сұлтан” Ұлттық музей-қорығының кіші ғылыми қызметкерлері.